11 айда Қазақстанда 5,4 млн. шаршы метр тұрғын үй аумағы салынды

АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2011-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй-құрылыс бағдарламасы жүзеге асырылуда, бағдарлама аясында жыл сайын елімізде 6 млн. шаршы метр тұрғын үй аумағы пайдалануға беріледі. 2011 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша республикамызда 5,4 млн. шаршы метр тұрғын үй аумағы салдынды, деп хабарлады pm.kz сайтынан.
None
None

Бұл бағдарламаның алдында тұрғын үй құрылысын ынталандыру мен жылжымайтын мүлік нарығын дамыту бойынша ауқымды шаралар қолға алынған 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылғанын айта кету керек.

«Тәуелсіздік жылдары бір жарым миллионға жуық қазақстандық өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. 2005-2007 жылдар аралығында 17 миллион шаршы метр тұрғын үй аумағы салынған», - деп мәлім етті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында.

«Біз тұрғын үй құрылыс бағдарламасын жүзеге асырдық. 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша 19,7 млн. шаршы метр аумақтағы үйлер пайдалануға беріліп, 535 мыңға жуық қазақстандық баспана мәселесін шешті», - деп мәлім етті еліміздің Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Нұр Отан» партиясының парламенттік фракциясының отырысында.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген елдер күш-жігерін құрылыс пен тұрғын үй сатып алуды жүзеге асыратын қаржы институттарын қолдауға жұмсайды. Мысалы, Сингапурда зейнетақы жинақтарын пайдалану арқылы ипотекалық несие беру жүйесін дамыту баспанамен қамтамасыз ету пайызын 3 есеге, атап айтсақ, 1970 жылғы 27 пайыздық көрсеткіштен қазіргі таңдағы 91 пайыз көрсеткішке жеткізген. Сингапурдағы тұрғын үй құрылысы арнайы құрылған мемлекеттік ұйым арқылы іске асырылады.

2011 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция мөлшері 361,5 млрд. теңгені немесе 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 124,7 пайызды құрады. 11 ай ішінде 5,4 млн. шаршы метр аумақтағы тұрғын үй салынған. Тұрғын үйді пайдалануға беру мөлшері жылдық жоспардың 90 пайызын құрады. 2011 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі Оңтүстік Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында 1,4 есеге, Павлодар облысында 1,3 есеге артқанын айта кету керек.

Қазақстандағы мемлекеттік сектор республика бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің 9,7 пайызын ғана құрайтындығы - тұрғын үй құрылысын дамытудағы маңызды көрініс болып табылады. 2011 жылдың 11 айында мемлекеттік жекеменшіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар 521,4 мың шаршы метр тұрғын үй аумағын, ал көрсетілген кезең ішінде жекеменшік формадағы ұйымдар 4,6 млн. шаршы метр тұрғын үй аумағын пайдалануға берген.

2011 жылы несие қаражаты есебінен тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі арқылы баспана салу және пайдалануға беру үшін республикалық бюджеттен 28,8 млрд. теңге бөлінген. Қазақстанның Тұрғын үй жинақ банкі қызметін бастағаннан бері 207,7 мың қатысушы 64,4 млрд. теңге болатын жалпы жинақтау сомасына тұрғын үй құрылыс жинақ туралы келісімшартқа қол қойған. Тұрғын үй құрылыс жинақ туралы қол қойылған келісімшарттардың басым бөлігі Астана (15,4 пайыз) және Алматы (13,5 пайыз) қалаларына, Ақтөбе (8,2 пайыз) және Шығыс Қазақстан облыстарына (7,7 пайыз) тиесілі.

Жекеменшік тұрғын үй құрылысын дамытуды ынталандыру жылжымайтын мүлік нарығын дамыту саласындағы жүйелі саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан республикадағы тұрғын үй құрылыс мәселесін кешенді шешу мақсатында тұрғын үй құрылыс салынатын аумақтарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар атқарлып жатыр.

Соңғы жаңалықтар