11 баланың оныншысы: петропавлдық Дамир Абдиннің республикаға танылған волонтерлік қозғалысы
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Дамир Абдин - Петропавлдағы белсенді жастардың бірі. Ол 1,5 мыңға жуық волонтердің басын қосып, жастарды игі істерге жұмылдырып келеді. Қайырымдылық іс-шаралар мен қоғамдық бастамалардың алдыңғы шебінде жүрген жігіт былтыр Қазақстан мен ТМД елдері ішінде «Жыл волонтері» атанды.
Kazinform тілшісі өзгеге көмектесуді өмірлік ұстанымына айналдырған, «Помощь рядом» волонтерлік қозғалысының негізін қалаушы, қалалық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Абдинді әңгімеге тартты.
- Дамир, волонтерлік жолды таңдауыңызға не себеп болды?
- Мен көпбалалы отбасында, ауылда өстім. Отбасымызда 11 бала болдық, мен оныншы баламын. Кішкентай кезімізде өте қиын болды. Туған-туысымыз, көршілеріміз киім-кешекпен, азық-түлікпен көмектесетін. Кейін өсе келе өзім ата-әжелерге көмектесе бастадым. Үлкен отбасында өскен адам өзгелерді түсінуге, бөлісуге, үлкенді сыйлап, жақындарыңа қолдау көрсетуге үйренеді. Бұл қасиеттердің волонтерлік қызметте де маңызы зор. Өйткені көмек көрсету үшін адамның мұңын тыңдап, жағдайын түсіне білу керек.
- «Помощь рядом» қозғалысын құру идеясы қалай пайда болды?
- Бастапқыда хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге көмектестім, тәжірибе жинадым. Менің волонтерлік жолым осыдан басталды. Кейде болмашы болып көрінетін көмектің өзі бір отбасы үшін үлкен қолдау болып жатады. Алдымен бір жыл жалғыз өзім еңбек еттім. Бірақ командасыз өте қиын екенін түсініп, әлеуметтік желіде парақша ашып, хабарландыру бердім. Қатарымыз көбейе бастады.
Осылайша, «Помощь рядом» қозғалысын 2019 жылғы 5 маусымда құрдым. Бастапқыда бұл өзгелерге көмектесуге деген қарапайым ниет еді. Уақыт өте келе ортақ мақсатқа бейжай қарамайтын адамдар жиналып, қозғалыс ауқымы кеңейді. Қазір СҚО-да ғана 1,5 мың волонтерымыз бар. Сондай-ақ Шымкент пен Астанада жұмыс істеп жатыр біздің қозғалыс.
Мен үшін волонтерлік - әдемі сөз бен фотосурет үшін жасалатын жұмыс емес. Егер адамның жағдайын жақсартуға мүмкіндігің болса, неге көмектеспеске? Ең бастысы, жақсылықты жалғыз жасаудың қажеті жоқ. Адамдар бірігіп әрекет еткенде, көмектің де ауқымы кеңейеді.
- Қандай өтініштер жиі түседі?
- Біз көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қарттарға, балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және түрлі себеппен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесеміз. Көбіне азық-түлік, киім-кешек, жиһаз, тұрмыстық техника, мектепке арналған құрал-жабдықтар қажет болып жатады.
Жыл сайын «Мектепке жол» акциясын да өткіземіз. Балаларға сөмке, оқу құралдары, киім мен аяқ киім жинаймыз. Әр өтініш назардан тыс қалмайды. Алдымен жағдайдың қаншалықты шұғыл екенін, отбасында балалардың, қарттардың немесе мүгедектігі бар адамдардың бар-жоғын ескереміз. Керек затын беріп қана қоймай, мәселенің мәнісін анықтауға тырысамыз.
Қозғалыс құрылғаннан бері қанша адамға көмектескеніміздің нақты санын айта алмаймын. Бірақ әрбір істің артында белгілі бір отбасы бар. Кейде адамдар оларды тыңдап, түсіністік танытып, қиындықпен жалғыз қалдырмағанымыз үшін де алғысын жаудырып жатады.
Волонтерлер қоғамдық негізде жұмыс істейді. Олардың да жұмысы, оқуы, отбасы мен жеке шаруалары бар. Көмек те жиналған заттың көлеміне байланысты көрсетіледі. Жалпы, қайырымдылық – ол тек міндетті түрде ақша беру емес. Көмектің түрі көп, біреу ақпаратпен бөліседі, таныстарын көмекке шақырады немесе заттарды жеткізуге жәрдемдеседі. Әр адамның қолынан келетін іс бар.
- Волонтерлік қызмет көп уақыт пен күшті талап етеді. Кейде шаршап, бәрін тастағыңыз келетін кездер бола ма?
- Қоғамдық жұмыс оңай емес. Бір мезетте бірнеше мәселені шешіп, іс-шараларды ұйымдастырып, волонтерлердің жұмысын үйлестіріп, адамдардың өтінішіне жауап беруге тура келеді. Ең қиыны - барлығына бірдей көмектесе алмайтыныңды түсіну. Қолдау күткен адам көп, ал мүмкіндік шектеулі.
Уақыт өте келе барлық мәселені жалғыз шешу мүмкін емес екенін түсіндім. Өз қолыңнан келетін істі атқарып, басқаларды ортақ іске жұмылдыра білу керек. Маған командамның қолдауы, жақындарымның түсіністігі және еңбегіміздің нәтижесін көру күш береді.
Волонтер де адам. Сондықтан өз күшіңді сақтау, міндеттерді бөлісу және командаға сену маңызды.
- Қалалық Жастар ресурстық орталығын да басқарасыз. Қазіргі жастардың қоғамдық белсенділігін қалай бағалайсыз?
- Петропавлда белсенді, талантты әрі айналасына бейжай қарамайтын жастар көп. Олар әртүрлі жобаларға қатысып, өзгелерге көмектесуге, өз идеяларын жүзеге асыруға және қаланың дамуына үлес қосуға дайын.
Бірақ жастарды белсенді болуға шақыру жеткіліксіз. Оларға мүмкіндік беріп, бастамаларына сенім артып, қолдау көрсету керек. Біреуді адамдарға көмектесу ынталандырса, енді біреу жаңа білім алып, тәжірибе жинауды немесе пікірлес достар табуды қалайды.
Кей жастарға алғашқы қадам жасау үшін сенімділік пен ақпарат жетіспейді. Жастар ресурстық орталығының міндеті - оларға бағыт көрсетіп, пікірлестерін табуға және идеяларын нақты жобаға айналдыруға көмектесу.
- Қоғамдық қызмет сізді қалай өзгертті? Жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы тепе-теңдікті сақтау қиын емес пе?
- Бұл жұмыс өмірге деген көзқарасыңды өзгертеді. Сабырлы болуды, жауапкершілік алуды, тыңдай білуді және әртүрлі адаммен тіл табысуды үйренесің. Әрине, бос уақытыңның бір бөлігін қоғамдық іске арнауға тура келеді. Кейде шұғыл өтініштер түсіп, жоспарды өзгерту қажет болады. Десек те жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысамын.
Мен волонтерлікпен көпке танылу немесе марапат алу үшін айналыспаймын. Егер адам өзгеге тек алғыс есту үшін көмектессе, бір күні көңілі қалуы мүмкін. Мен үшін біреуге көмектесу өмірлік ұстанымға айналған.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай? Волонтерлікпен айналысқысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Алдағы уақытта «Помощь рядом» қозғалысын дамытып, қатарға жаңа волонтерлерді тартқым келеді. Сондай-ақ ұйымдармен, кәсіпкерлермен және бейжай қарамайтын тұрғындармен ынтымақтастықты нығайту маңызды.
Петропавлда қиын жағдайға тап болған әр адам қолдау сұраудан қорықпай, өзін тыңдайтын және көмектесуге дайын жандар бар екенін білсе деймін. Жастардың да өз қабілетін танытып, бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік көп болғанын қалаймын.
Волонтерлікке қызығатын, бірақ неден бастарын білмей жүрген жастарға айтарым: қолайлы сәтті күтіп жүре бермеңіздер. Алдымен шағын істен бастаңыздар. Қарт көршіңізге көмектесіңіз, қиындыққа тап болған отбасын қолдаңыз, қайырымдылық акциясына қатысыңыз немесе жай ғана жағдайы қиын адамнан халін сұраңыз.
Кейде бір ғана игі іс үлкен бастаманың негізіне айналады. Әрқайсымыз анда-санда болса да біреуге жақсылық жасасақ, қаламыз да, еліміз де жақсы жаққа өзгереді.
Бұған дейін «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына дауыс беру басталғанын жазған едік.