11 қаңтар. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 11 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
61 жыл бұрын (1963) әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жігер» фестивалінің, Халықаралық «Азия дауысы» байқауының лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері Мақпал Мұхамедиярқызы ЖҮНІСОВА дүниеге келді.
Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданында туған. Шымкент мәдениет институтын бітірген.
Өнер жолын «Гүлдер» ансамблінің құрамында халық әндерін орындаушы ретінде бастап, одан кейін «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан «Назерке» ансамблін ұйымдастырған.
Репертуарында қазақ халық әндерімен қатар, қазіргі қазақ композиторларының музыкалық шығармалары бар. Әнші лирикалық әндерді нақышына келтіре орындауымен ерекшеленеді.
59 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Тамара Босымбекқызы ДҮЙСЕНОВА дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1987 жылы Ташкент халық шаруашылығы институтын бітірді, мамандығы – инженер-экономист, экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1988 жылы институтты аяқтағаннан кейін Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. 1988-1992 жылдары Өзбек ССР-нің Мемлекеттік жоспарлау комитетінің Экономика ғылыми зерттеу институтының экономисі болып жұмыс істеді. 1992-1993 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық әкімшілігінің аға экономисі, 1993-1994 жылдары «Перизат-холдинг» компаниясының бөлім басшысы, 1994-1997 жылдары Сарыағаш ауданы әкімінің кеңесшісі, орынбасары, бірінші орынбасары, 1997-1999 жылдары Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, 1999-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2002-2006 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі, 2006-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2008-2013 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі (02.2013-06.2013) қызметін атқарды. 2013-2014 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, 2014-2017 жылдары ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, 2017-2018 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінде болды. 2018-2019 жылдары «Nur Otan» партиясының хатшысы, 2019-2020 жылдары «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жетекшісі, 2020-2022 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс атқарды. 2022-2023 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінде болды.
Қазіргі лауазымына 2023 жылдың қыркүйегінде тағайындалды.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған.
54 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасының көлік вице-министрі Сәтжан Айтенұлы АБЛАЛИЕВ дүниеге келді.
Атырау облысында дүниеге келген. Алматы автомобиль-жол институтын және Қазақ қатынас жолдары университетін бітірген.
Еңбек жолын 1987 жылы Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясы Орталық инженерлік-техникалық қызметінің операторы болып бастаған. 1996-2004 жылдары Қазақ көлік және коммуникация академиясында жұмыс істеді.
Бағаның құрылу методологиясы және сатып алу басқармасы жобалау бөлімінің бастығы, Құрылыс және қайта жаңарту басқармасының бастығы, Автомобиль жолдары комитетінің сыртқы қарыздар және концессиялық жобалар және Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің құрылыс инфрақұрылымының кешенінің басқармасының бастығы, Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төраға орынбасары болып еңбек еткен. 2014-2019 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төраға орынбасары қызметін атқарды. 2019-2021 жылдары ҚР Индустрия және инновациялық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төраға орынбасары болып жұмыс істеді. 2021-2023 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2023 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Құрмет» орденімен (2020); «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен марапатталған.
51 жыл бұрын (1973) «Қазақстан қор биржасы» (KASE) АҚ басқарма төрайымы Алина Өтемісқызы АЛДАМБЕРГЕН дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1995) «Қаржы және несие» мамандығы бойынша, Вашингтон университетінің Іскерлік әкімшіліктік басқару мектебін (1995), Рочестер университетінің Уильям Е. Саймон атындағы Іскерлік әкімшіліктік басқару мектебін (2007) экономист, іскерлік әкімшілік магистрі мамандығы бойынша бітірген.
1997-2001 жылдары – «ABN AMRO Қазақстан банкі» ЕАБ» ЖАҚ құрылымдық қаржыландыру басқармасының қаржылық талдаушысы, менеджері, бас маманы, бастығының орынбасары, несиелік талдау және құрылымдау басқармасы бастығының орынбасары. 2001-2003 жылдары – Лондон қаласындағы «ABN AMRO Bank N.V.» рейтингтік кеңестер беру департаментінің рейтингтік кеңес берушісі, жетекші рейтингтік кеңес берушісі. 2003-2005 жылдары – «ООИУПА» ABN AMRO Asset Management» АҚ басқармасының төрағасы. 2005-2006 жылдары «ABN AMRO Қазақстан банкі» ЕАБ» АҚ басқармасының қазынашысы, төрағасының орынбасары. 2006-2007 жылдары – Алматы қаласындағы ҚР Аймақтық қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігі төрағасының орынбасары. 2008 жылдың қаңтарынан – «Астана-Финанс АҚ басқармасы төрағасының орынбасары, сол жылдың наурызынан – ҚР Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен бақылау агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 2011 жылдан «Самұрық-Қазына Финанс» ЖШС Бас директорының орынбасары, 2012-2013 жылдары – Бас директоры болып жұмыс істеді. Әр жылдары «Қазақстан қор биржасы» АҚ, «БТА Банк» АҚ, «Темірбанк» АҚ, «Альянс Банк» АҚ Директорлар кеңестерінде міндеттерін атқарды. 2013-2016 жылдары «Бәйтерек ҰБХ» Басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарған, әрі басқарма мүшесі болды.
2016 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
46 жыл бұрын (1978) Құқық қорғау органдары академиясының проректоры, Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтының директоры Гүлнар Кәрібайқызы ШУШИКОВА дүниеге келді.
Қарағанды облысында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген (құқықтану), «Қаржы академиясы» АҚ (экономика және бизнес).
Еңбек жолы: 1999-2000 жылдары Қарағанды облыстық сотының сот отырысының хатшысы, 2000-2001 жылдары Қарағанды қаласы Октябрь ауданы прокурорының көмекшісі, 2001 жылы Кеңес ауданы прокурорының көмекшісі. 2001-2004 жылдары Қарағанды облысы прокуратурасының азаматтық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры, 2004-2008 жылдары Қарағанды облысы, одан кейін Астана қаласы прокуратурасының әкімшілік және азаматтық істер бойынша сот қаулылары мен атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры, 2008-2009 жылдары ҚР Бас прокуратурасының Кадр жұмысы және ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету департаменті басқармасының прокуроры, аға прокуроры қызметін атқарды. 2009-2013 жылдары ҚР Бас прокуроры аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық басқармасының, ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі, 2013-2015 жылдары ҚР Бас прокуроры аппараты ұйымдастыру-бақылау басқармасының бастығы, 2015-2018 жылдары ҚР Бас прокуратурасы кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары, 2018 жылы ҚР Бас прокуратурасы кадрлық даму департаментінің бастығы, 2018-2019 жылдары құқық қорғау органдары академиясының проректоры болып жұмыс істеді.
2019 жылғы қаңтардан бастап қазіргі лауазымында.
77 жыл бұрын (1947-2014) Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ театртанушысы Әшірбек СЫҒАЙ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында туған. Қазақ өнер институтын аяқтаған (1969).
Еңбек жолын «Ачполиметалл» комбинаты жанындағы Кентау механикалық жөндеу цехында слесарь болып бастаған. 1965 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, оны 1969 жылы тәмамдаған соң ол ұстаздық қызметке қалдырылған. Оның театр сыншысы ретінде қалыптасуы 1970 жылдардан басталды. 1974-1994 жылдары Мәдениет министрлігі театр бөлімінің, өнер басқармасының бастығы, министрдің орынбасары, Т. Жүргенов атындағы театр және кино институтының ректоры, министрдің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Оның қаламынан «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары» деген кітаптар жарық көрді. Жан Мольердің «Еріксіз үйлену», К. Гольдонидің «Күлкілі оқиға», О. Иоселианидің «Арбаның ізімен», Ш. Роквидің «Мазасыз әжей», В. Ежовтың «Бұлбұлдар түні», А. Шайкевичтің «Әлем алақанымызда» және тағы басқа танымал драматургтердің пьесаларын аударды. Олар республика театрларында қойылды. 1992-1994 жылдары мемлекеттік наградалар және сыйлықтар жөніндегі комитеттердің мүшесі болды. 1993 жылы Мемлекетіміздің ұлт саясаты жөніндегі кеңесінің мүшесі болып бекітілді. 1989 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген кайраткері атағы берілді. 2001 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.