11 қараша. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2015 жылғы 11 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.
11 қараша, СӘРСЕНБІ
Халықаралық энергия үнемдеу күні . Бұл мереке 2008 жылғы сәуірде Қазақстанда SPARE халықаралық үйлестірушілер мәжілісінде қабылданды. 2008 жылғы қарашада әлем халқы алғашқы Энергия үнемдеу күнін атап өтті.
Польша Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. Польша - Орталық Еуропадағы, Висла мен Одра өзендерінің аумағындағы мемлекет. Солтүстігін Балтық теңізі шайып жатса, батысында Германиямен шектеседі, оңтүстік-батысында Чехиямен, оңтүстігінде Словакиямен, оңтүстік-шығысында Украинамен, шығысында Беларусьпен, солтүстік-шығысында Литвамен және Ресеймен шектеседі. Астанасы - Варшава. Мемлекет басшысы - президент. Заң шығарушы орган - екі палаталы парламент (Сейм мен Сенат). Әкімшілік бөлінісі - 16 воеводство, повяттар, гминдер. Ресми тілі - поляк тілі. Ақшалай бірлігі - злотый.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күнін еске алу күні . 11 қараша көптеген елдерде - адамзат тарихындағы ең кең ауқымды қарулы қақтығыстардың бірі саналатын бірінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарды еске алу күні (1914 жылғы 28 шілде - 1918 жылғы 11 қараша). Бұл соғыс төрт империяны жойды: Ресей, Герман, Австро-Венгрия және Осман.
Ангола Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975). Ангола - Африканың оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Солтүстігінде және шығысында Конго Демократиялық Республикасымен, шығысында Замбиямен, оңтүстігінде Намибиямен, батысында Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Луанда қаласы. Мемлекеттік тілі - португал тілі. Ақша бірлігі - жаңа кванза.
Бельгияның мемлекеттік мейрамы - Татуластық күні (1918). 1918 жылдың 11 қарашасындағы Антанта мен Германия арасындағы татуластық келісіміне қол қойылуының кезекті жылдығына орай аталып өтеді және қаза тапқан барлық француздық және бельгиялық солдаттарды еске алу күні болып есептеледі.
Латвияның мемлекеттік мейрамы - Лачплесис күні (1919). 1919 жылғы осы күні Бермонт әскерлерінің Ригаға шабуылдарын жас латвиялық әскери құрылымдары қайтарған. Осы оқиғаға байланысты 1919 жылдың 11 қарашасында Лачплесис жауынгер ордені бекітілген. 1920 жылғы 18 қарашада орденнің жарғысы және оның «Латвия үшін» ұраны қабылданды.
Канадада Еске алу күні. Жыл сайын 11-інші айдың 11-і күні сағат 11-де бүкіл Канада қалыпты ырғағын тоқтатып, екі минут үнсіз қалады. Осы екі минут тыныштықтарында канадалықтар өз өмірлерін ұлттың жарқын болашағы үшін қиған отандастарын еске алуға арнайды. Бұл дәстүр 1919 жылдан, Бірінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталуына бір жыл толуына орай, Король V Георг «Империяның барлық халықтарына» өмір сүру құқығы мен отандастарының бостандығы үшін өмірлерін құрбан еткендерді мәңгі есте қалдыруға шақырған үндеу арнауымен басталған еді.
Колумбияда Картахена тәуелсіздігі күні . Картахена - Боливар департаментінің әкімшілік орталығы және Колумбияның көлемі бойынша бесінші қаласы, Испаниядан бөлініп, өз тәуелсіздігін жариялауы - 1811 жылы тәуелсіздік үшін испания колониясымен күресте маңызды кезең болды.
Қытайда бойдақтар күні . Бұл күн 1 саны жалғыздықты білдіретін болған соң таңдалды, 11 қарашада бұл сан төрт рет қайталанады (11.11)! Бойдақтар күні алғаш рет 1993 жылы Нанкин университетінде атап өтілді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1 9 жыл бұрын (1996) ҚР Білім және ғылым министрлігінің Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты құрылды.
17 жыл бұрын (1998) Астанадағы Перинаталдық орталық жанынан Республикалық ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. 1 1 жыл бұрын (2004) Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының IV Құрылтайы өтті. Бұл шараға барлық облыстардан делегаттар, қазақ қоғамдастығының шет елдердегі өкілдері де қатысты. Мемлекеттік тілдің қолданылуы мен дамуы, оның мәртебесін арттыру, сондай-ақ республикадағы ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды.
11 жыл бұрын (2004) 11-13 қарашада Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Н.Тілендиев атындағы I Республикалық дирижерлер конкурсы өтті. Оны атақты композитордың өз атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестр ашты.
11 жыл бұрын (2004) Алматыда «Таза алау жағамыз» деп аталған «Күміс кітап» сериясының тұңғыш томы жарық көрді. Кітап әдеби жанрлардың - тарихи зерттеу, саяси эссе және тіпті шытырман оқиғалы әңгімелеу тәрізді синтезден құралған. Басылымның негізгі арқауының бірі - сондай термин қалыптаспай тұрып-ақ, кеңбайтақ Далада өз бетінше-ақ әлеуметтік-экономикалық құбылыс болып қалыптасқан Евразия ұғымының көне бастауларын ашып көрсету.
9 жыл бұрын (2006) Павлодар облысының Баянауыл ауданында көрнекті энциклопедияшы-ғалым, ағартушы және әдебиетші Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесінің ашылуы болды. Кешенді кесене сары алтын түсті кірпішпен тұрғызылған, кесененің өзіне 73 баспалдақпен көтеріледі - Мәшһүр Жүсіп осынша жыл өмір сүрген. Ғимараттың ішінде мұсылман діни ұстанымдары негізінде екі бөлме - зиратхана мен гурхана бар. Біріншісі намаз оқып, келушілердің еркін әңгімелесуіне арналса, гурханада сандықтас орналасқан. Ол қордайлық граниттен көне түркілік үлгіде, адам өмірінің кезеңдеріне сәйкес, үш деңгейде орындалған. Алтынмен апталған кіреберіс есікті көркем өрнектеп, әсем әшекейлеген ең үздік қазақстандық зергерлердің бірі - Қырым Алтынбеков. 14 метрлік екі күмбезге Алланың 99 аты жазылған. Көрікті кешеннің авторлары - Бек Ыбыраев пен Сәдуақас Ағытаев.
5 жыл бұрын (2010) Астанада Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасы құрбандарын реабилитациялау жөніндегі әлеуметтік қызметтерді дамыту мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» жұмысын бастады.
5 жыл бұрын (2010) Туризм және спорт министрлігінде VII Азия ойындарын өткізу қарсаңында арнайы естелік монеталардың таныстырылымы өтті.
5 жыл бұрын (2010) Нью-Йоркте АҚШ-тағы Қазақстанның сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдігінің таныстырылымы өтті.
4 жыл бұрын (2011) Алматыда қайта жаңартылған «Цезарь» кинотеатрында «СтрахOFF!» екінші қазақстандық кинофестиваль өтті. Жоба авторы - Қуаныш Дәуітов.
4 жыл бұрын (2011) Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті саябағында «Қазақстан» монументальдық-скульптуралық композиция ашылды. Оның дәл орталығына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің мүсіні орнатылған. Ел жетістігін бейнелейтін композиция қола, гранит, мәрмәр тастарынан қыран құстың қанаты сұлбасында жасалған. Монументтің авторы - мүсінші Шоқан Төлеш.
4 жыл бұрын (2011) Минскіде Қазақстанда жиналған HD-78 модельді жүк көліктерін жеткізу бойынша шартқа қол қойылды.
4 жыл бұрын (2011) Астанада агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумы өтті.
2 жыл бұрын (2013) ҚР және РФ арасындағы 10-шы мерейтойлық өңіраралық ынтымақтастық форумының қорытындысы бойынша екі елдің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартқа қол қойылды.
2 жыл бұрын (2013) «Білім» және «Мәдениет» телеарнасы біріктірілді.
2 жыл бұрын (2013) Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева көркемөнер және мәдениет саласындағы Еуропалық өнер одағы беретін «Golden Europea» («Алтын Еуропа») - жоғары наградасын алды.
2 жыл бұрын (2013) Әнуар Нұрпейісов Геннадий Головкин туралы «Гена GGG!!!» әнін жазды.
1 жыл бұрын (2014) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кеңесінде «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арналған жолдауын таныстырды.
1 жыл бұрын (2014) Алматыдағы метроның «Байқоңыр» стансасында Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет» әлеуметтік суреттерінің көрмесі өтті.
1 жыл бұрын (2014) Қазақстан, Ресей және Украина бірлесіп түсірген қазақтың батыр ұлы Қасым Қайсенов жайлы 4 сериялы көркем фильм халықаралық деңгейдегі аса зор марапатқа ие болдыТуындыдағы басты рөлді сомдаған Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актеры Қуандық Қыстықбаев Ресейдің бас наградаларының бірі - «Почетный орден Кузбасса» орденімен марапатталды.
17 8 жыл бұрын (1837) Ресейде Петербург-Царское Селода арасында алғашқы жолаушылар темір жолы ашылды.
172 жыл бұрын (1843) алғаш рет даттық жазушы Ганс Христиан Андерсеннің «Сұмпайы үйрек» атты атақты ертегісі жарыққа шықты.
8 5 жыл бұрын (1930) Эйнштейннің тоңазытқышы патенттелді - оны Альберт Эйнштейн Лео Силардпен бірге әзірлеген. Тоңазытқыш спиртті отынмен жұмыс істеді, ол сол кезде қолданыста болған үлгілерден барынша қауіпсіз болды. Алайда ол өндіріске шығарылмады.
7 9 жыл бұрын (1936) Алғаш рет әлемде теледидардан ауа райы болжамы көрсетілді. Бұл жаңалық Англияда болды.
2 8 жыл бұрын (1987) Ван Гоганың «Ирисы» картинасы рекордтық сома - 53,6 млн. долларға сатылды.
ЕСІМДЕР
11 2 жыл бұрын (1903-1987) актер және режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ДЬЯКОВ Виктор Иванович дүниеге келді. Харьков қаласында туған. Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) сахна өнері техникумында оқыған. 1937 жылдан режиссурамен айналысып, Қазақстандағы Ұйғыр музыкалық драма театрында, Қазақ және Орыс драма театрында қызмет еткен. 1953-1963 жылдары Қазақ телестудиясының бас режиссері болған. 1934-1941 жылдары Қазақ академиялық драма театры студиясында және Алматы театр училищесінде педагогикалық қызметпен шұғылданған. Ол театр сахнасында Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», Ш.Сәлиевтің «Отанды сүю», Ә.Әбішевтің «Бір семья», М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» пьесаларын қойған. «Қызыл Жұлдыз», 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
9 1 жыл бұрын (1924-1985) ақын, жазушы АМАНШИН Берқайыр Сәлімұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет) бітірген. Атырау, Жамбыл облыстарында әр түрлі жауапты қызметтер атқарған. 1952-1953 жылдары - Қазақстан Компартиясы ОК-нің нұсқаушысы. Республикалық газет-журналдар мен баспа орындарында жұмыс істеді. Алғашқы «Өлеңдер» жинағы 1954 жылы жарық көрді. «Жылқылы ауылда» (1956), «Бұтақтағы бұлбұлдар», «Жетісу - Жайық», «Ақбота», «Менің өмірбаяным», «Маңғыстауым менің», «Ақ жүректер», «Жайық желі», «Құтты мекен» атты өлеңдер мен поэмалар жинақтарының, «Жар мұңы», «Көкжар», «Гүл көтерген» әңгімелер мен повестердің, «Махамбеттің тағдыры» романының авторы.
«Исатайдың семсері», «Таныстық керек», «Жылама, Дәмеш» (М.Гершпен бірге), «Маңғыстау оқиғасы» пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылған. Махамбет, ЬІ.Шөреков шығармаларын жинастырып, жүйелеп бастыруға елеулі еңбек сіңірді. Л.Н.Толстой, А.С.Пушкин, С.Юлаев, т.б. шығармаларын, көне орыс әдебиеті ескерткіші - «Игорь жорығы туралы жырды» қазақ тіліне аударған.
81 жыл бұрын (1934) дәрігер-оториноларинголог, медицина ғылымының докторы, профессор ШАЙЫҚОВ Задаш Шайықұлы дүниеге келді. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын (қазіргі Қарағанды мемлекеттік медициналық академия), КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің Орталық дәрігерлер білімін жетілдіру институтының аспирантурасын бітірген. Қарағанды мемлекеттік медициналық институты кафедрасының ассистенті, меңгерушісі, профессоры, Целиноград медициналық институтының (қазіргі Ақмола мемлекеттік медициналық академиясы) кафедра меңгерушісі, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері оториноларингология мәселелеріне - көмей ісік ауруларының клиникасы мен емі, құлақ микрохирургиясы, танау, кеңірдек ауруларына арналған.
72 жыл бұрын (1943) филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі ҚҰНАНБАЕВА Сәлима Сағиқызы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. 1972-1992 жылдары - Алматы шет тілдері педагогикалық институтының оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, доценті, проректоры. 1992-1998 жылдары - Қазақ мемлекеттік әлем тілдері институтының бірінші проректоры, оқу ісі жөніндегі проректоры. 1998-1999 жылдары - Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ректоры, бірінші проректоры, оқу ісі жөніндегі проректоры. 50-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 3 моноргафияның авторы.
70 жыл бұрын (1945) - Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымының атқарушы комитетінің басшысы ЖҰМАНБЕКОВ Жеңісбек дүниеге келді.
Әр жылдары ол Қазақ СРО Ақтөбе облысы бойынша МҚК басқармасы бастығының орынбасары; ҚР ҰҚК Жамбыл облысы бойынша басқарма бастығы; ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары; 1995-1997 жылдары - ҚР ҰҚК төрағасы; 1997 жылдан бастап - ҚР «Барлау» қызметі директорының орынбасары, содан кейін ҚР ҰҚК Өзбекстан Республикасындағы ресми өкілі; ҚР ҰҚК Ресей Федерациясындағы ресми өкілі қызметтерін атқарды. Атқарып отырған лауазымда - 2010 жылғы қаңтардан бастап жұмыс істеп келеді. 2-ші дәрежелі «Даңқ» орденімен, жеті медальмен марапатталып, ҚР ҰҚК құрметті қызметкері атанды.
67 жыл бұрын (1948-2013) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі МҰХАМЕДЖАНОВ Орал Байғонысұлы дүниеге келді. Қостанай қаласында туған. Новосібір кооперативтік сауда институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1971-1974 жылдары Қостанай қаласында облыстық тұтынушылар одағында, мәуіті-шұға комбинатында, облыстық комсомол комитетінде жұмыс істеген. 1974-1992 жылдар аралығында комсомол және партия органдарында әртүрлі лауазымдарда, халық депутаттары Торғай облысы облыстық кеңесінде еңбек етті. 1992-1994 жылдары Торғай облысы Амангелді аудандық әкімшілігінің басшысы болып жұмыс істеді. 1994 жылы - ХІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Экономикалық реформа комитеті төрағасының орынбасары. 1995-1997 жылдары - Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі. 1997-2004 жылдар аралығында - Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары, меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2004 жылғы қыркүйектен бастап ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2004 жылғы қараша - 2007 жылғы маусым аралығында ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы. 2007 жылғы қыркүйекте төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып қайта сайланды. Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі. 2008 жылғы ақпаннан бастап «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының Мәжілістегі фракциясының басшысы. 2008 жылғы қазанда ІV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы болып сайланды. Бір мезгілде «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының Мәжілістегі фракциясының басшысы. 2012 жылғы қаңтарда Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының тізімі бойынша V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, Достық Орденімен (Ресей Федерациясы), «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
67 жыл бұрын (1948) М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас суретшісі, «Кең сахна» ЖШС директоры ТҰЯҚОВ Есенгелді Жұмақұлұлы дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің декорация (безөндіру) факультетін (1972) декоратор-суретші мамандығы бойынша; М.Горький атындағы Мәскеу көркемөнер академиялық театры жанындағы Немирович-Данченко атындағы Мектеп-студиясының қоюшы суретшілік факультетін (1977) сахна суретшісі-технологы мамандығы бойынша бітірген. Қысқа терминологиялық сөздіктің авторы. 1969-1971 жылдары - Кеңес Әскерінің қатарында қызметте. 1977 жылдан - К.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық драма театрының қоюшы суретшісі. 1978 жылдан - Алматы мемлекеттік театр және көркемөнер институтының оқытушысы. 1978 жылдан бері - М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас суретшісі - «Кең сахна» ЖШС директоры. 200-ге жуық көркемдік-қоюшылық жұмыстарының авторы: М.Әуезовтің «Қарагөз», «Абай», «Айман-Шолпан»; Ш.Айтматовтың «Ақ кеме»; Ғ. Мүсреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Махаббат әні»; Н.В.Гогольдің «Ревизор»; Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат»; Б.Муқайдың «Бойдақтар»; У.Шекспирдің «Гамлет»; Г.Гориннің «Геростратты Ұмыту», Ә.Кекілбаевтің «Абылай хан», К.Балнұрдың «Қалқаман-Мамыр», Ғ.Жұбанованың «Құрманғазы» қойылымдары. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының (Астана қаласы), С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының т.б. сахналық алаңдарын безендірген. Орталық Азия ойындарының бас суретшісі (1996). Астана қаласының ашылуына арналған шаралардың, салтанатты концерттердің, Астана қаласының және ҚР басқа қалаларының концерттік залдары мен сахналарының қоюшы-суретшісі. Чехословакия, Грекия, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан елдеріндегі халықаралық, одақтық және республикалық сахна безендіру көрмелерінің қатысушысы. ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Қазақстан Театр қайраткерлері одағы төралқасының мүшесі. ҚР Суретшілер одағы басқармасының хатшысы. «Құрмет» орденімен (2009), КСРО ХШЖК сахнасуреттеу саласындағы күміс медалімен марапатталған. ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері (1991). Моңғолия еңбек сіңірген қайраткері.
272 жыл бұрын (1743-1828) швед ғалымы-натуралисі Карл Петер ТУНБЕРГ дүниеге келді.
194 жыл бұрын (1821-1881) ұлы орыс жазушысы ДОСТОЕВСКИЙ Фёдор Михайлович дүниеге келді.
4 1 жыл бұрын (1974) американдық актер Леонардо ДИ КАПРИО дүниеге келді.