11 қараша. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 11 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

күнтізбе
Фото: Pixabay

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстандағы Энергия үнемдеу күні

Бұл маңызды дата Қазақстанда 2019 жылдың 28 наурызында Үкіметтің «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына енгізілген өзгерістерге орай шығарған қаулысына сәйкес пайда болды. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңның 4-бабына сәйкес, мерекелік күндер тізбесіне жаңа атаулы күн — 11 қараша, Энергия үнемдеу күні енгізілді.

Атаулы күнінің басты мақсаты — энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселесіне мемлекеттік органдар мен қоғамның назарын аудару.

Дүниежүзілік шопинг күні

Бұл күннің тарихы 2009 жылдан басталады. Сол жылы Қытайдағы танымал интернет-платформа «Дүниежүзілік шопинг күні» атты маркетингтік науқан ұйымдастырып, өз сайттарында жаппай жеңілдік жариялады. Акция аясында тауарлардың басым бөлігі 50 пайыздық жеңілдікпен сатылды.

Халықаралық энергия үнемдеу күні

Бұл атаулы күнді белгілеу туралы шешім 2008 жылғы сәуірде Қазақстанда өткен SPARE (ресурстар мен энергияны тиімді пайдалану жөніндегі мектеп жобасы) халықаралық экологиялық желісі үйлестірушілерінің кеңесінде қабылданды. Мерекенің басты мақсаты — қоғам назарын табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға аудару.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2006 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында ақын, ойшыл, тарихшы, этнограф, шығыстанушы әрі халық ауыз әдебиетінің мұрасын жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының (1858-1931) кесенесі ашылды.

Кесене сарғыш алтын түсті кірпіштен тұрғызылған. Ғимаратқа апаратын 73 баспалдақ ақынның өмір сүрген жыл санын білдіреді. Кесене іші мұсылман сәулет өнерінің дәстүріне сай зиратхана және гүрхана деп аталатын екі бөлмеден тұрады. Зиратхана зиярат етушілердің намаз оқып, әңгімелесуіне арналған. Ал гурханаға ақынның қабіріне қойылған сандықтас орнатылған. Ол Қордай гранитінен көне түркі стилінде жасалып, адам өмірінің кезеңдерін бейнелейтін үш деңгейден тұрады. Биіктігі 14 метр болатын кесененің екі күмбезіне Алланың 99 көркем есімі жазылған. Кешен жобасын белгілі қазақстандық сәулетшілер Бек Ыбыраев пен Сәдуақас Ағытаев әзірлеген.

2010 жылы VII қысқы Азия ойындарының ұйымдастыру комитетінің өтінімі бойынша Ұлттық банк үш түрлі естелік монета шығарды. Оның ішінде номиналы 5 000 теңгелік, салмағы 1 келі болатын 225 күміс монета, 999 сынамалы номиналы 100 теңгелік 8 мың алтын монета және номиналы 500 теңгелік 13 мың күміс монета бар.

2014 жылы Қазақстан, Ресей және Украина бірлесіп түсірген қазақ халқының батыры Қасым Қайсенов туралы төрт бөлімді көркем фильм халықаралық деңгейдегі марапатқа ие болды. Фильмде басты рөлді сомдаған Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының актері Қуандық Қыстықбаев Ресейдің «Кузбасс» Құрмет орденімен марапатталды.

2015 жылы Қазақстанда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түсірілген «Қазақ хандығына — 550 жыл» атты ғылыми-танымдық деректі фильмнің 10 бөлімінен тұратын жұмысы аяқталды. Әр бөлімнің ұзақтығы — 26 минут. Фильмнің режиссері — «Қазақфильм» киностудиясының басшысы Бақыт Қайырбеков. Телехикаяда қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен даму кезеңдері, сондай-ақ тарихи жәдігерлердің тарихы қамтылған.

2015 жылы Астанада Еуразия өңірінің дамуындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған Астана клубының алғашқы отырысы өтті. Жиынға АҚШ, Ресей, Еуропа одағы, Түркия, Иран және басқа да елдерден экономика, саясат және халықаралық қатынастар саласындағы 50-ден астам жетекші сарапшы қатысты.

2018 жылы Грекияның Салоники қаласында өткен «Филоксения» халықаралық туристік көрмесінде «Қазақстанға саяхат» атты ұлттық стенд алғаш рет таныстырылды. Жерорта теңізі өңіріндегі ең ірі туристік көрмелердің бірінде ұсынылған экспозиция арқылы келушілер Қазақстанның туристік мүмкіндіктері туралы ақпарат алып, елдің мәдениеті мен салт-дәстүріне қанықты.

2019 жылы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында Грекияның Афина қаласындағы Эпиграфика музейінде «Ұлы дала: тарихы мен мәдениеті» атты көрме ашылды. Көрменің басты мақсаты — шетелдік көрерменді Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру.

2021 жылы 81 жастағы веломарафоншы Кеңесбек Сейдiмбек 65 жыл бойы сапарында серік болған велосипедін Түркістан облысындағы спорт музейіне сыйға тартты. Ол осы велосипедпен Өзбекстан, Ауғанстан, Ресей және Сауд Арабиясын аралап, Мекке мен Мәдина қалаларында болған.

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде ұйымның халықаралық деңгейдегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан — Түркі әлемінің қара шаңырағы. Сондықтан еліміз Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Сондай-ақ Президент түркі елдері арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар бастама көтерді.

2023 жылы Қостанай қаласында KIA автокөліктерін толық өндірістік циклмен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Құрылыстың басталуына арналған ресми рәсімге ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Ірі өнеркәсіп нысанының құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Корея компаниясының басшылығымен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде қолға алынды.

2023 жылы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде каратэден Азияның I ашық чемпионаты өтті. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 8 алтын, 8 күміс және 14 қола медаль жеңіп алып, бірінші орынға ие болды. Отандастарымыз командалық есепте 3 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль еншілеген Иран құрамасынан басым түсті. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің спортшылары 2 алтын медальмен үздік үштікті түйіндеді.

2023 жылы Англияның Брайтон қаласында өткен бокс кешінде қазақстандық Сұлтан Зәуірбек аргентиналық Серхио Мартин Сосаны алтыншы раундта техникалық нокаутпен жеңді.

2024 жылы Алматыда Олимпиада жүлдегерлеріне құрмет көрсетіліп, салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Спортшыларға 3,5 миллионнан 8 миллион теңгеге дейінгі «халықтық сыйлықтар» табысталды. Сонымен қатар Париж Олимпиадасының қаһармандары өз ізбасарлары ретінде таңдаған жас таланттар да марапатталып, оларға 1,5 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін ақшалай сыйақы берілді.

2024 жылы Шортанды көлінде сиг тұқымдас пайдабалық (пелядь) пен көкшұбар (рипус) балықтарын көбейту үшін аулау басталды. Олардың уылдырығы Зеренді балық шаруашылығында инкубацияланып, өсірілген шабақтар Бурабай көлдеріне жіберіледі. Сонымен қатар қауіпсіздік мақсатында әуесқой балық аулауға рұқсат беру уақытша тоқтатылды.

2025 жылы Мәскеуде Қазақстан мен Ресей достығына арналған гүлзар ашылды. Салтанатты рәсімге екі елдің ресми делегациялары мен өнер өкілдері — опера әншісі Мария Мудряк, композитор Ренат Гайсин, әнші Әлішер Кәрімов және Зарина Алтынбаева қатысты. Гүлзар ашу бастамасын Мәскеу қаласының үкіметі көтеріп, Ресей Сыртқы істер министрлігі қолдаған.