11 қараша. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 11 қараша күні танымал тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

11 қараша. Туған күн иелері

ЕСІМДЕР

78 жыл бұрын (1943) Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ректоры Сәлима Сағиқызы ҚҰНАНБАЕВА дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. 1972-1992 жылдары - Алматы шет тілдері педагогикалық институтының оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, доценті, проректоры. 1992-1998 жылдары - Қазақ мемлекеттік әлем тілдері институтының бірінші проректоры, оқу ісі жөніндегі проректоры. 1998-1999 жылдары - Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ректоры, бірінші проректоры, оқу ісі жөніндегі проректоры. 50-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 3 монографияның авторы. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі.

73 жыл бұрын (1948-2013) қоғам қайраткері Орал Байғонысұлы МҰХАМЕДЖАНОВ дүниеге келген.

Қостанай қаласында туған. Новосібір кооперативтік сауда институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1971-1974 жылдары Қостанай қаласында облыстық тұтынушылар одағында, мәуіті-шұға комбинатында, облыстық комсомол комитетінде жұмыс істеген. 1974-1992 жылдар аралығында комсомол және партия органдарында әртүрлі лауазымдарда, халық депутаттары Торғай облысы облыстық кеңесінде еңбек етті. 1992-1994 жылдары Торғай облысы Амангелді аудандық әкімшілігінің басшысы болып жұмыс істеді. 1994 жылы - ХІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Экономикалық реформа комитеті төрағасының орынбасары. 1995-1997 жылдары - Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі. 1997-2004 жылдар аралығында - Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары, меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2004 жылғы қыркүйектен бастап ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2004 жылғы қараша - 2007 жылғы маусым аралығында ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы. 2007 жылғы қыркүйекте төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып қайта сайланды, 2008 жылы «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының Мәжілістегі фракциясының басшысы болды. 2008 жылғы қазанда ІV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы болып сайланды. Бір мезгілде «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының Мәжілістегі фракциясының басшысы. 2012 жылғы қаңтарда Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының тізімі бойынша V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, Достық Орденімен (Ресей Федерациясы), «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

58 жыл бұрын (1963) Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Біріккен штабы бастығының орынбасары Тұралы Хамитұлы ҚОЙШЫҚҰЛОВ дүниеге келді.

Бұрынғы Шымкент облысы Қызылқұм ауданы, Жылға ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Качинск жоғары әскери ұшқыштар училищесін, 1996 жылы Ю.А.Гагарин атындағы әскери әуе академиясын, 2006 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабы әскери академиясы жанындағы жоғары академиялық курстарды бітірген. 1984-1993 жылдары түрлі әскери бөлімдерде ұшқыш, аға ұшқыш, бөлім командирі лауазымдарында қызмет атқарған. 1996-1999 жылдары авиациялық эскадрилья командирі болған. ҚР Қарулы күштерінде түрлі басшылық қызметтерде еңбек еткен. 2016-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары (жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары)-Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасы Жауынгерлік дайындық және дене шынықтыру бас басқармасының бастығы болған.

Қазіргі қызметінде – 2020 жылдың қарашасынан.

Екінші дәрежелі «Айбын» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және басқа да медальдармен марапатталған.

47 жыл бұрын (1974) Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Дүйсенұлы ЖАҚАНОВ дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. 1992 жылы Ыбырай Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтына түсіп, 1996 жылы экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірді. 1997-2001 жылдар аралығында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы департаментінің экономикалық бағдарлау, нарықтық қатынастар және мониторинг бөлімінің жетекші маманы және бөлім бастығы, стратегия, мониторинг және реформалар бөлімінің жетекші маманы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маркетингтік зерттеу және өнімді тиімді сату жұмыстарын үйлестіру бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 2002 жылдың сәуір айы мен қазан айы аралығында Қызылорда облыстық экономика басқармасының ақпараттық талдау жұмыстары және бақылау бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 2002-2004 жылдар аралығында Қызылорда облысы әкімі аппаратының бас инспекторы қызметін атқарды. 2005-2008 жылдар аралығында Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаменті директорының орынбасары және 2008-2011 жылдар аралығында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметінде болды. 2011 жылдың шілде айынан қыркүйек айына дейін Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы қызметін атқарды. 2011 жылдың қыркүйек айынан 2013 жылдың ақпан айына дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2013 жылдың ақпан айынан бастап Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкімі. 2015-2019 жылдары Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған. Қазіргі қызметінде ­ 2019 жылдың шілдесінен.

34 жыл бұрын (1987) Қостанай қалалық прокурорының орынбасары Аслан Кәрімжанұлы СЫЗДЫҚОВ дүниеге келген.

Қостанай облысында туған. 2009 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «заңгер» мамандығымен, 2012 жылы М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономика университетін «менеджмент» мамандығымен, 2018 жылы Орал мемлекеттік заң университетін «заң магистрі» мамандығымен тәмамдаған.

Еңбек жолын 2009 жылы «Тобыл-Торғай облысаралық балық инспекциясы» ММ бас маманы болып бастаған. 2009-2010 жылдары Рудный қалалық бөлім прокурорының көмекшісі, 2010-2015 жылдары Қостанай қалалық бөлім прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі, 2015-2018 жылдары Қостанай қалалық прокуратурасы қоғамдық мүддені қорғау бөлімінің бастығы, 2018-2019 жылдары Қостанай аудандық прокурорының орынбасары болған.

Қазіргі қызметінде – 2019 жылдың сәуірінен.