11 қазан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 11 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
Халықаралық қыздар күні
2012 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен. Бұл күнді мерекелеудің мақсаты – бүкіл әлемдегі қыздардың теңсіздік және әлеуметтік мәселелеріне назар аударту. Олардың ішінде білім алу, толыққанды тамақтану, медициналық қызмет алу, кемсітушіліктен, зорлық-зомбылықтан, бала кезінен мәжбүрлеп некеге тұрғызудан қорғау мәселелері бар.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1997 жылы Қазақстанда «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы қабылданды.
2011 жылы Қарағанды облысының тұрғыны Николай Савидов Астана қаласында өтіп жатқан мәдениет күндеріне микроскоппен ғана көруге болатын микро бұйымдарды алып келді. Балқаш қаласының тұрғыны Николай Савидов – көлемі бір миллиметрдің оннан бір бөлігі болатын микро миниатюраларды жасайтын Қазақстандағы жалғыз адам. Жалпы, өнердің мұндай түрімен әлемдегі 7 млрд адамның арасында тек ондағандар ғана айналысады. Осындай бірегей өнерімен танылған АҚШ азаматы Уиллард Виганнан кезінде Элтон Джон 70 туындыны сатып алған деседі.
2016 жылы Бүкіләлемдік пошта одағының XXVI Конгрессінде дауыс беру нәтижесі бойынша Қазақстан 4 жылға Әкімшілік кеңес мүшесі болып сайланды.
2017 жылы ҚР Ұлттық Банкі proof сапасындағы күмістен жасалған 500-теңгелік және нейзильберден жасалған 100 теңгелік «Қазақстан халқының ертегілері» сериясынан «Неміс ертегісі» естелік монеталарын шығарды (Бремен Таун музыканттары).
2017 жылы Қазақстан ТМД-да бірінші болып Сауд Арабиясымен тұлғаларды экстрадициялау туралы келісім жасады.
2018 жылы Тимур Сегізбаев атындағы «Қайрат» ФК академиясында Қазақстандағы алғашқы «Аңсау» балалар инклюзивті футбол клубының тұсаукесері өтті.
2018 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 15 жылдығына орай Қазақстан арнайы марка шығарды.
2019 жылы Мәскеуде музыкатанушы-этнограф, Қазақстанның халық әртісі, «Қазақтың 1000 күйі» жинағының авторы Александр Затаевичтің туғанына 150 жыл толуына байланысты VIII халықаралық ғылыми конференция болып өтті.
2019 жылы Ақтау қаласында жазушы, танымал мемлекеттік және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының мұражайы ашылды. Мұражайда Әбіш Кекілбайұлының жеке заттары мен оған арналған кітаптар сақталған. Алматылықтар мұражайға жазушының архивтік фотосуреттері бар бірегей альбомды сыйға тартты.
2021 жылы Қазақстан мен БАӘ пошта қызметтері бірлесіп «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл. Біріккен Араб Әмірліктері құрылғанына 50 жыл» атты пошта маркасын шығарды. Ол ілмек түріндегі екі маркадан тұрады. Әрбір пошта маркасының өлшемі 28х40 мм, номиналы 550 теңге. Маркаларды жасау кезінде ультракүлгін бояумен қорғаныш элементтері, лактау және алтын фольгамен бедерлеу пайдаланылды. Бренд дизайнының авторы - Фераз Дваги (БАӘ), дизайнері - Іңкәрім-ай Оңғарбай (Қазақстан).
2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарында медаль жеңіп алған спортшыларды қабылдап, құттықтады. Қазақстандық спортшылар жоғары бәсеке жағдайында 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль жеңіп алды. Қазақстаннан келген қатысушылар оқ ату, ескек есу, велоспорт, джиу-джитсу сияқты спорт түрлерінен ерекше көзге түсті.
2023 жылы Қазақстанда этникалық қазақтардың «қандас» мәртебесін алуына өтініш беру процесін жеңілдету үшін Kutty meken мобильді қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымшаның функционалы мемлекеттік қызмет көрсету процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Оның көмегімен шетелдегі этникалық қазақтар өздері орналасқан елден шықпай-ақ «қандас» мәртебесін алуға өтініш бере алады.
2024 жылы елордада «Бейбітшілік пен келісім саябағы» атты жаңа қоғамдық кеңістік ашылды. Қоғамдық кеңістікте «Жұлдызды аспан» туннелі, «Өмір ағашы» монументі және каскадты сарқырама бар.
Жобаның негізгі идеясы – ортасындағы жапырақты емен ағашы бар күмбез түрінде жасалған «Өмір ағашы» ескерткіші.
Тұжырымдамалық табиғи-рекреациялық аймақты құру әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне орайластырылған. Саябақ тұжырымдамасы Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, достық пен бірлікті білдіреді.
Қоғамдық кеңістік Тәуелсіздік даңғылы мен Панфилов көшесінің қиылысында, Есіл өзенінің бойында орналасқан.