11 қыркүйек. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 11 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
75 жыл бұрын (1950) актер, театр режиссері, театр педагогі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Сыдықұлы РАХИМОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Таскескен ауылында туған. 1966-1968 жылдары М. Әуезов атындағы академиялық театрдың актерлік студиясын оқып бітірді.
Еңбек жолын 1968 жылы Жамбыл облыстық театрында актер болып бастады. 1974 жылы Мәскеудегі А. Луначарский атындағы Театр өнері институтының (ГИТИС) режиссерлік факультетіне И. М. Тумановтың (Туманашвили) курсына түсіп, 1979 жылы үздік бітірді. 1979 жылдан М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрының қоюшы-режиссері; 1998 жылддан Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының оқытушысы.
Диплом жұмысын М. Әуезов театрында О. Бөкейдің «Текетірес» пьесасы бойынша қойған спектаклімен қорғап, осы театрға жұмысқа шақырылды.
«Парасат» орденімен (2009); «Астана» (1998), «Қазақ хандығына 550 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) медальдарымен марапатталған.
60 жыл бұрын (1965) режиссер, сценарист, продюсер Әмір Болатұлы ҚАРАҚҰЛОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік театр көркемсурет институтын (қазіргі Т.К. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы), С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), С. А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематографиялық институтын бітірген.
«D’Arcy» жарнама агенттігінде креатив директоры, «Қазақфильм» киностудиясындағы «Дебют-реклама» жетекшісі, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы қызметтерін атқарған.
«Разлучница», «Голубинный звонарь», «Последние каникулы», «Жылама», «Нереальная любовь» фильмдерін түсірген.
59 жыл бұрын (1966) «Атамекен» ҚР ҰКП Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Ратұлы ҚАРЫМСАҚОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 2018 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін мемлекеттік аудит мамандығы бойынша, 2016 жылы РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының магистратурасын, 1991 жылы Беларусь мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша, 1994 жылы Анкара университеті, 2012 жылы МВА (Лондон, Ұлыбритания) бітірген.
Еңбек жолы: 1991-1993 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, 1993-1994 жылдары «ҚЗИ Банк» менеджері, 1996-1998 жылдары «Қазақстан Халық банкі» АҚ бағалы металдармен жұмыс бөлімінің бастығы, 1998-2000 жылдары «Қазақстан Халық банкі» АҚ акционерлермен жұмыс бөлімінің бастығы, 2002 жылы «ҚазҚұрылысСервис» АҚ департаментінің директоры, 2002 жылы ҚР Мемлекеттік кіріс министрі көмекшісінің міндетін атқарушы, ҚР Мемлекеттік кіріс министрінің көмекшісі, 2002-2003 жылдары ҚР Қаржы министрінің көмекшісі, 2003 жылы «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ жобалар департаментінің бас менеджері, 2003-2004 жылдары «ИК: Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі, 2007-2010 жылдары «ҚИҚ» акционерлік инвестициялық қоры» АҚ Бас директорының орынбасары болып қызмет етті. «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы» ЗТБ президенті (2010 жылдан).
2024 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), В. И. Вернадский атындағы алтын медальмен, «Ерен еңбегі үшін» (2014), «Астанаға 20 жыл» (2018) медальдарымен марапатталған.
52 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Арман Зарлықұлы ҚАЛИЕВ дүниеге келді.
Ақтөбе қаласында туған. 1991 жылы Шымкент қаласындағы Республикалық әскери мамандандырылған мектеп-интернатын, 1995 жылы Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтын бітірді. 2002-2005 жылдары Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында Федералдық қауіпсіздік қызметінің Федералдық шекара қызметі академиясында оқып, алтын медальмен аяқтады. 2015-2018 жылдары Беларусь Республикасы Минск қаласы Қарулы Күштері Бас штабының академиясында оқыды.
Еңбек жолынҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде 1995 жылдың қаңтарында Семей облысы Мақаншы шекара отряды шекара заставасы бастығының орынбасары қызметінен бастады. 1995-2020 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіндегі әртүрлі басшылық қызметтер атқарды. 2022-2024 жылдары Мемлекеттік күзет қызметінде ерекше мақсаттағы күштер қолбасшысының орынбасары — штаб бастығы лауазымында қызмет өткерді.
2024 жылғы қазаннан бастап ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасы болып тағайындалды.
51 жыл бұрын (1974) журналист, өнертанушы, тарихшы, Қазақстан Республикасының саясат және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі экс-депутаты Артур Станиславович ПЛАТОНОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының тарихи-теориялық факультетін тәмамдаған, мамандығы — өнертанушы.
1999-2010 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында батыс еуропалық музыка театрының тарихы жөнінде авторлық курста лекция оқыды. 2001-2011 жылдары «КТК» телеарнасындағы «Портрет недели» бағдарламасының жүргізушісі әрі жетекшісі болды. 2006 жылдан бастап Теледидар және радио Халықаралық Еуразиялық академиясының академигі (Мәскеу). 2010 жылдан бастап Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің Менеджмент және қоғамдық тәртіп кафедрасының профессоры (Алматы қаласы), 2006-2007 жылдары «КТК» АҚ президенті, 2007 жылдан бастап — «КТК»-ның жеке хабар тарату арнасының директоры. 2011 жылғы қыркүйектен бастап — «Слуги народа» бағдарламасының жүргізушісі және авторы әрі продюсері. 2014-2016 жылдары «КТК»-ның стратегиялық даму жөніндегі директоры қызметін атқарған. 2015 жылдан бастап қайтадан «Портрет неделиге» шақырылған. Басшы, автор және жүргізуші. 2015 жылдан бастап — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі. 2016-2021 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі болды. 2021-2023 жылдары VII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, 2024 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің коммуникациялар бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс атқарған.
«Оперы Верди 40-х годов» (1998) монографиясы мен Батыс Еуропа музыкалық театры тарихы бойынша 50 мақала мен жариялым авторы.
«Құрмет» (2010), «Парасат» (2019) ордендерімен; «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасының Тәүелсіздігіне 25 жыл» (2016), «За вклад в национальную безопасность» (2017) медальдарымен марапатталған.
45 жыл бұрын «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Еркінұлы АЙТЖАНОВ дүниеге келді.

Ақмола облысының Қорғалжын кентінде туған. 1997–2002 жылдарыС. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірді. 2011–2012 жылдары Халықаралық бизнес академиясын бітіріп, іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесіне ие болды.
Еңбек жолы: 2001-2002 жылдары «Кокшетау Энерго» ЖШС болжау-талдау орталығының маманы — жетекші инженері, 2002-2003 жылдары«Кокшетау Энерго Сбыт» ЖШС жетекші инженері — электр энергиясын сату жөніндегі директоры, 2003-2004 жылдары «Түркістан Энерго» ЖШС коммерциялық диспетчерлендіру бөлімі бастығының орынбасары, 2001-2002 жылдары «Кокшетау Энерго» ЖШС болжау-талдау орталығының маманы — жетекші инженері, 2004-2005 жылдары «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС корпоративтік даму бөлімінің жетекші маманы — бастығы, 2005–2006 жылдары «Энергопоток» ЖШС Директорының орынбасары, директоры, 2006–2008 жылдары «Энерго Сбыт» ЖШС директоры, 2008–2010 жылдары «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Бас директоры, 2012–2014 жылдары «Караганда Энергоцентр» ЖШС Бас директоры, 2010-2023 жылдары «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС Бас директоры лауазымын атқарған. Бұдан бөлек «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының Энергетика комитетінің мүшесі, қазақстандық электр энергетикалық қауымдастығының Директорлар кеңесінің мүшесі, «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ жә, не энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ кеңесінің мүшесі, «Маңғыстау өңірлік электржелілік компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы, «Қарағанды Жарық» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы, «Энергопоток» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы болды.
Қазіргі қызметін 2023 жылғы тамыздан бастап атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
89 жыл бұрын (1936-2025) ғалым, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының құрметті директоры Камал Сәруарұлы ОРМАНТАЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында туған. Ірі ғалым, бірқатар басымдықты ғылыми бағыттардың негізін қалаушы, педагог және жоғары білікті хирург, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
2000 және 2003 жылдарда «Алтын адам» сыйлығына ие болды.
ҚР профилактикалық медицина академиясының вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, Медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі.
«Парасат» орденімен марапатталған.