11 мамыр. ҚазАқпарат: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2019 жылдың 11 мамырына арналған күнтізбені ұсынады.
Дүниежүзілік әділ сауда күні
Жыл сайын мамырдың екінші сенбісінде атап өтіледі, ал мамыр айы әділ сауда айы саналады. Дүниежүзілік сауда ұйымының бастамасымен бекітілген осы күні 70 елдің ұйымдары өздерінің әділ саудаға тілектестіктерін білдіреді. Әділ сауда - маркаланған және маркаланбаған тауарларға қатысты қоғамдық саясат пен халықаралық стандарттарды сақтауға шақыратын қоғамдық қозғалыс. Негізінен дамушы елдерден дамыған елдерге экспортталатын тауарларға баса назар аударылады.
Дүниежүзілік құстар күні
Әр жылы мамырдың екінші сенбі, жексенбісі атап өтіледі. Бұған 1906 жылғы Құстарды қорғау халықаралық конвенциясына қол қою себеп болды.
Астрономия күні
Жылына екі рет - көктемде және күзде аталып өтіледі. Бұл мереке кәсіптік қызметтері астрономиямен, аспан денелерін бақылаумен байланысты адамдарды біріктіретін мереке.
Бұл мереке 1973 жылы Америкада дүниеге келіп, астрономия жанкүйерлерін «Астрономияны адамзатқа таныстырушылар» ұранының айналасына ұйыстырды. Бүгінде бұл қозғалысты Астрономия лигасы, Тынық мұхит Астрономиялық қоғамы, Халықаралық Планетарийлер одағы басқарады. Астрономия күнін әдетте сенбі күні, ай орталанып, сәуір аяқталып, мамыр бастау алар кезде тойлайды. Бұл күні көптеген елдерде мыңдаған астрономиялық клубтар, ғылыми мұражайлар, планетарийлер әртүрлі қызықты шаралар ұйымдастырып, көпшілікке дәрістер оқиды, телеконференция, біріккен жобалар жасап, жұлдызды аспанды телескоптармен тамашалатады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1996 жылы Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасының Президенттері екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тереңдету туралы бірлескен декларацияға, Каспий теңізінің мәселелері бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
1998 жылы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары жүйесінде «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі құрылды.
2006 жылы К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының камералық хоры бас хормейстер Ержан Дәуітовтің басшылығымен XXV Халықаралық шіркеу музыкалары фестивалінде бірінші орын алды. 26 елден келген ұжымдар қатысқан фестиваль Польшаның Белосток қаласында өтті.
2007 жылы Мұхтар Әуезовтің мұражай үйінде халықаралық құқықтанушы Рейн Мюллерсонның «Орталық Азия» атты кітабының таныстырылымы өтті. Кітапта автордың Орталық Азиядағы БҰҰ-ның аймақтық кеңесшісі ретінде қызмет еткен кездегі аймақтың танымал саясаткерлерімен жеке кездесулері туралы материалдар және қарапайым халықтың тіршілігі жөніндегі көзқарасы жиналған.
Р.Мюллерсон - Лондон университетінің Король колледжінің профессоры, халықаралық және әлем қауіпсіздігі бағдарламасының директоры. 80-жылдардың аяғында Эстонияның сыртқы істер министрлігінің орынбасары болып қызмет атқарған. СССР Президенті Михаил Горбачевтің кеңесшісі болған. Халықаралық құқық және саясат бойынша 9 кітаптың және 200-дей мақаланың авторы.
2010 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Әзербайжанның бұрынғы президенті Гейдар Алиев атындағы кабинет ашылды.
2012 жылы Қазақстанда Музей аптасы жарияланды. Осы кезеңде мемлекеттік музейлер өз есігін барлық келушілер үшін айқара ашты. Көрермендер назарына көптеген жаңа жәдігерлер ұсынылды. Сондай-ақ, апта аясында тақырыптық дәрістер, экскурсиялар, ғылыми оқылымдар, музей-театрлық қойылымдар өткізілді.
2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрікменстан Президенті Гурбанғұлы Бердімұхамедов «Болашақ стансасы (Қазақстан Республикасы) - Серхетяка стансасы (Түркіменстан)» өткелі арқылы елдер арасындағы тікелей теміржол қатынасын ашуға қатысты. «Болашақ-Серхетяка» учаскесі - Қазақстан, Түрікменстан және Иран арасын жалғастыратын трансұлттық дәліздің бөлігі.
2015 жылы Дубайда «Ұрпақпен асыл байланыс» қазақ ұлттық бұйымдарының бірегей көрмесі ашылды. Көрмеде дәстүрлі қазақ киімдері мен ұлттық стильдегі заманауи киімдер, зергерлік бұйымдар ұсынылды.
2016 жылы Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ержан Қазыханов белгілі британдық сәулетші Норман Фостерге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік және прогресс Мемлекеттік сыйлығын табыстады.
Норман Фостер - британдық сәулетші, Император және Притцкер сыйлықтарының иегері. Ол Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім сарайы» (2006), «Хан-Шатыр» сауда,ойын-сауық орталығы (2010) және ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы ғимараттарының авторы.
2017 жылы Астанадағы барлық ғимараттарға индивидуалды QR-код берілді. Бұл жаңалық жедел қызмет, такси жүргізушілері, курьерлер мен пошта қызметкерлерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
2017 жылы Қазақстанда «Мен - қазақпын», халықаралық музыкалық жобасы басталды. Ол қазақ мәдениетін әрі қарай дәріптеуге бағытталған.
2018 жылы Ташкентте Халықаралық Түркі академиясы Мағжан Жұмабаевтың өзбек тіліндегі шығармалар жинағын таныстырды. Жинақты Музаффар Ахмад аударып шықты.
2018 жылы Италияның Пезаро қаласында сопрано әншісі, «Астана Опера» театрының солисі, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық байқаулардың лауреаты Айзада Қапонова XV халықаралық Дж. Россини конкурсында бірінші орынды жеңіп алды.