11 маусым. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 11 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
66 жыл бұрын (1958) «Агрофирма «Родина» ЖШС бас директоры, құрылтайшысы, Қазақстанның ет-сүт одағының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Адамович САУЭР дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын ауыл шаруашылығы өндірісін тетіктеу мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1980 жылы Целиноград ауданы «Красный флаг» кеңшарында бригадир болып бастаған. 1985-1987 жылдары «Красный флаг» кеңшарында бас инженер, 1987-1994 жылдары Целиноград ауданы «Родина» кеңшарының директоры, 1994-1996 жылдары «Родина» жеке отбасылық кәсіпорнының директоры, 1996-2005 жылдары «Родина» өндіріс кооперативінің директоры лауазымын атқарған.
2005 жылдың мамыр айынан бері қазіргі қызметінде.
«Отан» (2011), «Парасат» (2005), «Достық» (1996) ордендерімен, «Шапағат» (2000), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) «Тыңға 50 жыл» (2004), «Астанаға 10 жыл» (2009), «Қазақстан полициясына 20 жыл» (2012), «Жеңістің 60 жылдығы» (2005) медальдарымен және т.б. марапатталған.
60 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Дәуренбекұлы НҰРДӘУЛЕТОВ дүниеге келген.

Алматы облысында туған. 1986 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заңгер мамандығын бітірген.
Еңбек жолы: 1987-1990 жылдары ұжымшар заңгері, 1990-1996 жылдары прокуратура органдарындағы қызмет, 1996-1997 жылдары ҚР Мемлекеттік тергеу комитетінің органдарында, 1997-2007 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің органдарында қызмет атқарды, 2007-2017 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы облыстық департаментінің бастығы, 2017-2019 жылдары ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары, 2019-2022 жылдары ҚР Бас прокуроры лауазымында жұмыс атқарған.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың ақпанынан атқарып келеді.
Екінші дәрежелі «Айбын», «Даңқ» ордендерімен марапатталған.