11 мыңнан астам бала ІІМ-де есепте тұр
ТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел жиыны болып өтті.
Басқосуда берекесіз отбасы, қараусыз және панасыз қалған балалар мәселесі талқыға түсті.
Келтірілген мәліметтерге қарағанда, қазіргі таңда республикамызда 18 жасқа дейінгі 5 млн.-ға тарта бала бар. Оның 17 мыңнан астамы берекеті кеткен отбасыларда тәрбиеленсе, 11 мыңнан астамы ішкі істер органдарында есепте тұр. Бұдан бөлек, елімізде жыл сайын 10 мыңға тарта ата-ана қарауынсыз және панасыз қалған балалар анықталып жатады.
«Бүгінгі күні кәмелеттік жасқа толмағандарды уақытша оқшаулау және бейімдеу орталықтары ІІМ жүйесінен жергілікті атқарушы органдардың білім беру жүйесіне берілді. Бұл нысандар кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталықтары болып қайта құрылды. 2011 жылдың басынан бері осындай орталықтарда 939 бала тәрбиеде болса, олардың ішінде 784-і панасыз қалғандар, 125 ата-ана қарауынсыз қалғандар, 30-ы арнайы білім беру мекемелеріне жолданатындар болып шықты»,- дейді жиынды ашып сөз сөйлеген Әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл Самақова.
Оның айтуынша, жыл сайын елімізде мыңға тарта ата-ана балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағандықтан ата-аналық құқығынан айырылып жатады. «Бұл ретте отбасылық берекетсіздіктің түп төркіні көбінесе отбасы құндылықтарының болмауында, ата-ананың ішімдікке жиі салынуынан туындап жатыр», - деді депутат.
Жиын барысында Ішкі істер министрлігінің, Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері арнайы баяндама жасап, қорытындысында мемлекеттік органдарға бағытталған ұсыныстар қабылданды.