11 шілде. Туған күн иелері
ЕСІМДЕР
164 жыл бұрын (1858-1931 ескі күнтізбе бойынша 23 шілде) қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихындағы ірі тұлғалардың бірі Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ дүниеге келді.
Ақын қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында туған.
Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абайдың қолында тәрбиеленген. Бұл жағдай Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер еткен. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білген. Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстанған. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанған. Ақынның творчествосы сан-салалығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына, мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман - Мамыр» дастанын жазды. Сондай-ақ ақынның «Қодардың өлімі», «Крез патша» атты дастандары бар. 1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Ыстамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Осылай жинаған материалдары негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі» кітабын, ислам дінін қазақ мүддесіне үйлестіре түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» атты еңбегін жазған. Американ жазушысы Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын, Л.Толстойдың «Асрхадон патша», «Үш сауал» т.б. әңгімелерін, А.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударған. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын нәзира үлгісімен жырлаған. Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкерім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытта болған. Бұл орайда 20-шы ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болып, Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білген.
54 жыл бұрын (1968) Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Торсанұлы НҰРМҰХАМБЕТОВ дүниеге келді.
Қостанай облысы Қарасу ауданының Майский кентінде туды. 1992 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «ғалым агроном» мамандығы бойынша, 2002 жылы Челябі мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша, 2008 жылы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін «экономика бакалавры» мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын 1992 жылы Торғай облысының Октябрь ауданы Вильямс атындағы кеңшарының бас агрономдығынан бастады.
1994 - 1996 жылдары - Қостанай облысының Қостанай ауданы «Московский» кеңшарының бас агрономы;
1996 - 1997 жылдары - Қостанай облысының Комсомол ауданы «Боскөл» өндірістік кооперативінің директоры;
1997 - 2002 жылдары - Қостанай облысы Таран ауданының әкімі;
2002 - 2008 жылдары - Қостанай облысы Қарабалық ауданының әкімі;
2008 - 2009 жылдары - Қостанай облысы Қостанай қаласының әкімі;
2009 - 2011 жылдары - «Содружество» СӨК» ЖШС директорының орынбасары;
2011 - 2012 жылдары - Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі;
2012 - 2014 жылдары - Қостанай қаласының әкімі;
2014 -2015 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы.
Қазіргі қызметінде 2015 жылдың қыркүйегінен бері.
«Парасат» орденімен (2011 ж.), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2004 ж.), «Астана» (1999 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «Тыңға 50 жыл» (2005 ж.), «Астананың 10 жылдығы» (2008 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж.) мерекелік медальдарымен наградталған.
35 жыл бұрын (1987) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Мұрагер Амангелдіұлы САУРАНБАЕВ дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын (ҚМЭБИ) «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша (2009); Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Мемлекеттік ұлттық саясат мектебін «саясаттану» мамандығы бойынша (2012); Париж Дипломатия институтын (Insitute Diplomatique de Paris) «экономикалық дипломатия» мамандығы бойынша (2021); Франция Премьер-министрі жанындағы Ұлттық әкімшілік мектебіндегі (ENA) курстарды, «Еуропалық Одақпен келіссөздер» курсын (2020) бітірген.
Еңбек жолы: «Жас Отан» жастар қанаты Алматы қаласы филиалы жетекшісінің орынбасары (2008-2010). ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің атташесі, үшінші хатшысы (2010-2012). ҚР Премьер-Министр кеңсесі Коммуникация орталығы директорының орынбасары (2012-2013). ҰР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ресми өкілінің орынбасары, ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің бірінші хатшысы (2013-2015). ҚР СІМ ЭКСПО-2017 комиссары хатшылығының ақпараттық-имидждік жұмыс басқармасының басшысы (2015-2017). Қазақстан Республикасының Франция Республикасындағы және Монако Князьдігіндегі Елшілігінің кеңесшісі (2017 жылдан бастап). Халықаралық көрмелер бюросы әкімшілік және бюджет комитетінің вице-президенті, Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігінің кеңесшісі (2018-2021).
Қазіргі қызметінде 2021 жылдан бастап.
«Жастар» республикалық жастар сыйлығының иегері (2009). ҚР Үкіметінің «Дарын» мемелекеттік жастар сыйлығының лауреаты.