11-сынып мұғалімдерінің жалақысын көтеруді кейінге қалдырмау керек - Мәжіліс депутаттары

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бүгін Мәжіліс депутаттары 11-сынып мұғалімдерінің жалақысын көтеру мерзімін кейінге қалдыруға наразылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

11-сынып мұғалімдерінің жалақысын көтеруді кейінге қалдырмау керек - Мәжіліс депутаттары

Мәжілісте «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы» ҚР заңының жобасын таныстырған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, мұғалімдердің жалақысын көтеру үш компоненттен тұрады.  

«Біріншіден, жаңартылған мазмұндағы бағдарламамен оқытатын барлық мұғалімдердің лауазымдық жалақысына 30 пайыз мөлшерінде қосымша ақы төленбек. Екіншіден, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап 1, 2, 5 және 7-сыныптардың мұғалімдері қосымша ақы алатын болады. Үшіншіден, педагогикалық шеберлік үшін жалақысынан 30-дан 50 пайызға дейін қосымша ақы төленеді», - деді Бақыт Сұлтанов.

Осы ретте депутат Меруерт Қазбекова 2018 жылдың қаңтарынан 1, 2, 5 және 7-сыныптардың мұғалімдері, ал 11-сынып мұғалімдері 2020 жылдың қаңтарынан бастап қана қосымша ақы алатындығын түсінбейтіндігін ашық айтты. «Олар неден айыпты болып қалды? Қандай әдіс қолданылған?», - деп сұрады осы жиынға қатысып отырған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асыловадан.

Ал вице-министрдің айтуынша, мұндай кезең білім берудің жаңартылған мазмұнына көшуге және мұғалімдерге жүктеменің артуына байланысты есептелінген. Мәселен, 11-сынып мұғалімінің жүктемесі 1-сынып мұғалім жүктемесіне қарағанда біршама төмен.

«Қазіргі жүктемеге олар қолданыстағы қаулымен бекітілген жалақыны алады», - деді Бибігүл Асылова.

Алайда вице-министрдің жауабына қанағаттанбаған депутат барлық мұғалім бірдей уақытта көтерме жалақы алуы тиістігін баса айтты. Ал Бибігүл Асылованың айтуынша, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 29 пайызға артқан.

«Барлық мұғалімдер аталған үстеме ақыны алады. Жаңартылған мазмұнға көшудің кестесі бекітілді. Мұғалімдер, соған сәйкес оқушыларға да сондай жүктеме белгіленген. Сондықтан да бұл мәселені 2016-2017 жылдары министрлік талқылап, бюджет мүмкіншілігіне қарай осындай шараларға тоқталды. 11-сынып мұғалімдері ең алдымен үлкен буын саналады. Пән мұғалімдеріне ағылшын тілінде сабақ жүргізгені үшін үстемеақы беріледі. Жалпы, мұғалімдер қоғамдастығы алдын ала талқылаған кестемен келісті», - деді ол.

Дегенмен отырысқа төрағалық етіп отырған Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова Білім және ғылым вице-министрінің жауабына қанағаттанбағанын атап өтті.

«Біз базалық лауазымдық айлық саналатын жалақы бөлігінің өсімі жайында айтып отырмыз. 29 пайыздық базалық лауазымдық айлықтың өсуі жалақыға қатысты емес. Жалақы құрылымында бұл 29 пайыз жоқ. Меніңше, біз мәселені әлі де көтереміз. Біз әдістеменің өзін өзгертпейінше осылай кете береміз: Президент бір нәрсе тапсырса, біз оны қалай болса солай орындаймыз», - деді Гүлжан Қарағұсова.