11 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 11 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

11 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ  КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

11 тамыз, СЕНБІ

Чад Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Чад - Орталық Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Ливиямен, шығысында Суданмен, оңтүстігінде Орталық Африка Республикасымен, Батысында Камерун, Нигерия және Нигермен шектеседі. Астанасы - Нджамен қаласы. Ресми тілі - араб және француз тілдері, сонымен қатар тағы да 100-ге жуық тіл қолданылады. Ақша бірлігі - Африка қаржы қауымдастығы франкі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

119 жыл бұрын (1893) А.И.Деров кен округінен Екібастұз қонысындағы кен орнына барлау жүргізу куәлігін алды. Бұл кен орнын 1867 жылы Қосым Пішенбаев ашқан болатын.

20 жыл бұрын (1992) ақын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастаны негізінде осы аттас көркем суретті фильм түсіріліп бітті. Қоюшы режиссері С.Тәуекел.

19 жыл бұрын (1993) 103 отбасынан тұратын иран қазақтарының алғашқы легі тарихи отаны Қазақстанға оралды.

17 жыл бұрын (1995) Жидебай қорығында салынған Абай мен Шәкәрім күмбездері мемориалының ашылу салтанаты болды.

93 жыл бұрын (1919) Германия Ұлттық ассамблеясы «Веймар конституциясын» қабылдады. Енгізілген басты өзгеріс - Баварияның Германияға қосылуы заңды түрде бекітілуі.

7 жыл бұрын (2005) Орал көшелерінің біріне белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Мұстахим Ықсановтың есімі берілді.
Мұстахим Ықсанов (1926-1991) Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының Борсы ауылында дүниеге келген. 1975-1986 жылдар аралығында КОКП Орал облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметінде аймақты ойдағыдай басқара отырып, қала сәулетіне ерекше көңіл бөлді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Бірнеше мемлекеттік сыйлықтардың иегері. Мұстахим Ықсанов тұрған үйде ескерткіш тақта және оның атындағы мектептің алдында бюст орнатылған.

5 жыл бұрын (2007) Павлодар қаласында Ресей Федерациясы Ғылым академиясының жоғары марапаттары салтанатты түрде табыс етілді.

3 жыл бұрын (2009) БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Ядролық қаруға жол жоқ» атты қазақстан-жапон көрмесінің салтанатты ашылуы болды.
Қазақстан мен Жапонияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктері көрмені ядролық қарусыздану жөніндегі шаралардың аясында және келесі жылы өтетін Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қатысушы елдердің Шолу конференциясы қарсаңында өткізіп отыр. Семей сынақ алаңындағы ядролық сынақтардың тоқтатылуының 20 жылдығы мен Халықаралық «Невада- Семей» қозғалысының құрылуына арналған.
Көрме жұмысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы және Орталық мемлекеттік мұрағат мағлұматтары қолданылған.
Көрмені ұйымдастыруға Семей, Хиросима және Нагасаки қалаларының әкімшіліктері, Сәулеге ұшырағандардың денсаулығы мәселелері жөніндегі Хиросима Халықаралық кеңесі, Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен Орталық мемлекеттік мұрағаты қатысты.
Көрменің ашылу салтанатына БҰҰ-ға мүше елдердің, БҰҰ Хатшылығының, АҚШ-тың қоғамдық-саяси және іскер топтарының өкілдері, қазақстандық диаспора мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.

ЕСІМДЕР

69 жыл бұрын (1943) Пәкістанның бүрынғы  президенті МҮШАРРАФ Первез дүниеге келді.
Үндістанда туған. 1947 жылы Пәкістан тәуелсіздігін алғаннан кейін отбасымен сонда қоныс аударған. 1964 жылы Пәкістан армиясы қатарына алынып, 1965-1971 жылдары Үндістанмен болған соғыста көзге түскен. 1971-1998 жылдары Пәкістан армиясында қолбасшылық қызметтер атқарған. 1998 жылы Пәкістан қарулы күштерінің бас қолбасшысы және генералы болып тағайындалған. 1999 жылы қазанда болған төңкеріс нәтижесінде билік басына келген. 2001 жылы өзін Пәкістан президенті деп жариялаған.
2002 жылы жылы Мүшаррафтың президенттік өкілдігін  бес жыл мерзімге ұзартқан референдум ойдағыдай өтті.  Осы жылдың қазанында төңкерістен кейінгі алғашқы парламенттік сайлау өтіп, Мүшаррафтың жақтастары министрлер кабинетін жасақтады.  Генералдың қолына биліктің шоғырлануы елдегі оппозицияның наразылығын туғызды. 2007 жылға қарай ішкі қайшылықтар күшейе түсті. Бір жағынан ислам радикалдары, екінші жағынан - қуғында жүрген экс-премьерлер Шариф пен Бхуттоныңәрекеттері,   үшіншіден  оппозициядағы Жоғарғы сот саяси шиеленісті ушықтырып жіберді. 2008 жылы ақпанда парламенттік сайлауда Бхутто қайтыс болғаннан кейін оның күйеуі Асиф Али Зардари  басқарған Пәкістан халық партиясы мен Пәкістанның мұсылман лигасы жеңіске жеткеннен соң коалиция Мұшараффқа еркімен отставкаға кетуге ұсыныс жасады. 2008 жылғы 18 тамызда Мүшарраф өз еркімен президент тағынан кетті.


83 жыл бұрын (1929) биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ПОЛЫМБЕТОВА Фатима Әбілқайырқызы дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясы Ботаника институтының аспирантурасын бітірген. 1951-1993 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Ботаника институтының кіші ғылыми қызметкері, ғалым хатшысы, бөлім, зертхана  меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Өсімдіктер физиологиясы, генетикасы және биоинженериясы ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі болып істейді.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері өсімдің физиологиясына арналған. Ол мәдени өсімдіктердің биологиялық әр түрлілігін ескере отырып, оларды сақтау, тарату, қорын байыту  және республика климатына төзімділігі мен өнімділігін арттыру жөнінде  ғылыми бағыт қалыптастырды. Ол дәнді дақылдар, үрмебұршақ, қауын және қызанақтың бірнеше түрлері мен будандарын жинастырып, олардың гендік қорын зерттеген. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде өсімдіктердің қолайсыз факторларға бейімделуінің тұрақты теориясын ұсынды. Оның басшылығымен бидайдың бірнеше жаңа сорттары ( «Эритроспермум - 350», «Ақсай», «Мирас», «Отан», «Әлем»), құрамы белокқа бай үрмебұршақтың екі сорты (Жоңғарлық, Ақтәтті) шығарылып, өндіріске енгізілді. Ф.Полымбетованың ұсынысымен Қазақстанның континентальды климатының (қысы - суық, жазы - ыстық, құрғақ) өсімдіктерге әсерін модельдеуге бейімделген арнайы жылыжай - фитотрон салынды. Ф.Полымбетованың жетекшілігімен 12 ғылым докторы, 30-дан астам ғылым кандидаты даярланды. Ғалымның 16 монографиясы, 300-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрді. Ол 15-тен аса авторлық куәліктің иегері.
«Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған.


68 жыл бұрын (1944) биология ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық инженерлік академияның академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі КЕМБАЕВ Бекет Арапбайұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік экономика комитетінің бөлім бастығы, Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының ғылым бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «Атакент» акционерлік қоғамының вице-президенті. 1993-2005 жылдары Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпараттар ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарған.
Оның «Әлемнің алдыңғы қатарлы елдеріндегі ғылыми-техникалық дамуды басқару», «Қазақстандағы ғылым мен техниканы дамыту» (авторлар құрамында) атты кітаптары бар.
2 медальмен марапатталған. 

87 жыл бұрын (1925-1983) Кеңес Одағының Батыры КРОНИТ Альберт Викторович дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында туған. Орталау мектепті, Балтық әскери-теңіз авиациялық училищесін бітірген.
1943 жылдың тамызынан Ұлы Отан соғысына қатысып, Танкке қарсы қарудың көздеушісі, 60-шы Орталық майданның 75-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы, 241-ші гвардиялық атқыштар полкі танкке қарсы қарудың нысанашысы, гвардияның кіші сержанты болған. А.Кронит 1943 жылы 24-ші қыркүйекте Глебовка ауылының маңында Днепрден өтіп, өзі екі танкті өртеп жібереді, жараланғанына қарамастан жау пулеметін тартып алып, шабуылдаушы гитлершілерді атып, қоян-қолтық айқаста бірнеше фашистің көзін құртады.
Кеңес Одағының Батыры атағы 1943 жылдың 17 қазанында берілді. Соғыстан кейін әскери-теңіз авиациялық училищесін бітіріп, Балтық және Солтүстік флоттарында қызмет еткен. 1949 жылдан запастағы аға лейтенанты.
Ленин орденімен, 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және медальдармен марапатталған.
54 жыл бұрын (1958) «Родина» агрофирмасы» ЖШС директоры  САУЭР Иван Адамович дүниеге келді.
Ақмола облысы Целиноград ауданының Малиновка ауылында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. 1980 жылдан Целиноград облысы Целиноград ауданындағы «Красный флаг» кеңшарының трактор-егіс бригадасының бригадирі, 1985 жылдан - бас инженері.
1987 жылдан қазіргі қызметінде.
«Жақсы жұмыс істеу - лайықты өмір сүру» кітабының,  8 ғылыми жұмыстың, 20-дан астам жарияланымның, 1 патенттің авторы.
«Достық», «Шапағат», «Парасат» ордендерінің, бірнеше медальдардың иегері, меценаттық қызметі үшін күміс медальмен марапатталған, Білім беру ісінің үздігі.

51 жыл бұрын  (1961) ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы  НЫСАНБАЕВ Ерлан Нұралыұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Ұйғыр ауданында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын және Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін бітірген, орман шаруашылығының инженері, қаржыгер.
Ұйғыр орман шаруашылығында еңбек жолын бастады, комсомол жұмыстарында болды, соңғы жылдары «АстанаЗеленстрой» АҚ бас директоры, 2009 жылдан Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Тұзды ауылдық округінің әкімі болды. Қазіргі қызметінде - 2009 жылғы тамыздан бері.

49 жыл бұрын (1963) Қарағанды облысы әкімінің орынбасары  СМАҒҰЛОВ Бауыржан Әміржанұлы дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Қарағанды медицина инстиутында оқыған, Қарағанды экономика университетін, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.
Қарағандыда, Мәскеуде медицина мекемелерінде, коммерциялық құрылымдарда, Қарағанды облысында жауапты басшылық қызметтерде болды. 2010 жылғы мамырдан қазіргі қызметінде.
 


38 жыл бұрын (1974) ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлім меңгерушісі  АХМЕТОВА Инна Мәлікқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген, заңгер.
Алматы қаласындағы Жетісу ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінде маман, бас маман, бөлім бастығы болды. 1999 жылдан ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекеттік-құқықтық бөлімінде аға рефрерент, кеңесші, бас сарапшы, сектор меңгерушісі болып жұмыс жасады. 2004 жылдан ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық басқармасының заңдылық және құқықтық сараптама бөлімінің бас инспекторы;  2005 жылдан ҚР Президенті әкімшілігі Заңдылық және құқықтық сараптама бөлімі меңгерушісінің орынбасары; ҚР Президенті  Әкімшілігінің  мемлекеттік-құқықтық бөлімі меңгерушісінің орынбасары
2008 жылғы қарашадан - қазіргі қызметінде. . Бірнеше медальдармен марапатталған.


22 жыл бұрын  (1990) қазақстандық боксшы, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына қатысушы  ДЫЧКО Иван Фёдорович  дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Рудный индустриялық институтында оқиды.
Жастар мен жасөспірімдар арасындағы ҚР чемпионы, көптеген халықаралық жарыстар мен турнирлерге қатысып, жүлдегер атанған, Гуанчжоуда өткен бокстан Азия ойындарының күміс жүлдегері. Биылғы жылы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін халықаралық турнирде бірінші орынға ие болды.
Жаттықтырушылары - ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары В.И.Шайрер, С.М.Мұқышев.