11 жасар Алина Күлбаева Италиядағы телевизиялық ән байқауының финалына өтті

Әлемнің дарынды жеткіншектері тәуекел етіп, бақ сынаған конкурстың іріктеу туры Италияның Скала қаласында өтті. Ол аталмыш елдің танымал опера әншісі Энрике Корузоға арналған шығарманы орындап, өнерсүйер қауымды тәнті етті. Қазылар алқасының бірауызды шешімімен Алина байқаудың ақтық сынына жолдама алды. Сол уақытта қазақ қызы шырқаған ән Италияның радиостанциялары арқылы бір ай бойы таратылды.
«Танымал әуенді орындау бала үшін оңай емес. Біздің талантты жеткіншектер халықаралық байқаулардың шыңын бағындырса, біз қуанымыз. Оларды мақтан етеміз. Алина – арпа ішіндегі бір бидай. Еңбекқорлығына таң қаламыз. Музыка десе, жанын береді», - дейді музыкалық колледж директорының орынбасары Эльвира Кащук.
Ал Алина Күлбаева байқауда бәсеке жоғары екенін айтады.
«Сахнаға шыққанда бойымдағы қобалжу тез басылады. Өмірімді әнсіз елестете алмаймын. Байқауда мен сияқты дарындылар көп болды. Десе де, оларға дес бермей, елімді Еуропаға таныттым. Бұл мен үшін үлкен абырой. Бүгінде әлемге танымал жерлесіміз Мария Мудрякқа ұқсағым келеді», - дейді ол.
Кәрі құрлықта өткен халықаралық байқау Алина бағындырған белестердің бірі ғана. Ол жеті жасынан бері ондаған халықаралық конкурсқа қатысқан. Десе де Италияда өткен байқаудың орны бөлек.
«Итальяндықтар – әнші халық. Байқауларға келген балаларымызды көргенде қызыға да, қызғана да қарайтыны сондықтан. Себебі талантты жеткіншектер өте көп. Қызым сахнаға шыққандағы сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Алина «Памяти Корузо» әнін таңдады. Бала үшін күрделі шығарманы оңай емес», - дейді оқушы қыздың анасы Алинұр Күлбаева.
25 жылдық тарихы бар байқаудың ақтық сыны қазан айында өтеді. Байрақты доданың талабы бойынша әндер итальян тілінде орындалуы шарт. Қазіргі уақытта Алина тыңғылықты дайындық үстінде. Шет тілін меңгеруді де мақсат етеді.
Павлодар музыкалық
колледжі 60 жыл ішінде Қазақстанды әлемге танымал өнерпаздардың талай толқынын
өсірді. Бүгінде
оқу орнынан түлеп ұшқан жастар халықаралық сахналарда қазақ елінің намысын
абыроймен қорғауда.