11 жасар қарағандылық Бангкокта үстел теннисінен ел намысын қорғайды

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қарағандылық 11 жасар Алан Құрманғалиев үстел теннисінен «Hopes Week» ортаазиялық жарысына қатысуға шақырту алды. Халықаралық турнир Бангкокта 5-12 наурыз аралығында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

11 жасар қарағандылық Бангкокта үстел теннисінен ел намысын қорғайды

Алан Құрманғалиев Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) мамандарының назарына қаңтар айында Тегерандағы жарыста іліккен болатын. Онда жас қарағандылық «Hopes Week»-тің іріктеу турниріне қатысқан еді. Оның қарсыластары Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Иран және Ауғанстаннан келген спортшылар болды. 

Алан өз жас санатында Қазақстанның абсолютті чемпионы. Ол бұл мәртебені өткен жылы Алматы қаласында өткен 2006 жылы туған және одан жас спортшылар арасындағы ел чемпионатында жеңіп алды.

ITTF «Hopes Week» арқылы дүниежүзі бойынша дарынды балаларды анықтап, оларды әрі қарай дамытып отырады. «Regional Hopes Week & Challenge» аймақтық іріктеу сайыстарында жеңімпаздар анықталып, бір жыл бойы олар өз ұстаздарымен бірге ITTF есебінен 12 беделді турнирлерге және барлық халықаралық бірлескен жиындарға қатысады.

Алан Құрманғалиев - үстел теннисі бойынша Қарағанды мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві мектебінің тәрбиеленушісі.