11 жастағы британдық шахматшы қыз әйелдер арасындағы ең жас гроссмейстер атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) растағандай, Сиванандан гроссмейстер атағын алу үшін қажетті үш норманың соңғысын орындады. Ол Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен 46-шы Шахмат олимпиадасында Англия құрамасы сапында өнер көрсетті, – деп хабарлайды Kazinform BBC-ге сілтеме жасап.

Гроссмейстер Бодхана Сиванандан
Фото: ВВС

Солтүстік-батыс Лондоннан шыққан мектеп оқушысы бұған дейін Ұлыбританияның шахматтан ең жас чемпионы атанып, кез келген спорт түрінен халықаралық жарыстарда Англияның атынан өнер көрсеткен ең жас спортшы болған.

Самарқандта өткен олимпиадада Сиванандан Англия құрамасының бірінші тақтасында барлық 11 партияны ойнады. Ең мықты қарсыластармен ойнау міндеті әдетте команданың негізгі ойыншысына жүктеледі. Сиванандан турнирді 8 ұпаймен аяқтады: 6 жеңіс, 4 тең ойын және 1 жеңіліс.

Шахматшы қыз бұған дейін әйелдер арасындағы гроссмейстер атағын алу үшін қажетті 2300 рейтингтік межеге жеткен еді.

– Бұл жетістікке қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Бірақ мұнымен тоқтап қалмай, алға ұмтылып, жаңа тарихи жетістіктерге қол жеткізгім келеді, — деді ол ФИДЕ-ге берген сұхбатында.

– Маған саяхаттаған ұнайды. Қазір мектепте толық күн оқитындықтан, бұл маған көп көмектеседі. Өйткені сапарларым мектептегі түрлі жобаларға да пайдалы, — деп қосты шахматшы қыз.

Бұған дейін әйелдер арасындағы ең жас гроссмейстер атағы Екатерина Лагноға тиесілі болған. Ол алғашында Украина атынан өнер көрсетіп, кейін Ресей азаматтығын алып, Ресей құрамасы сапында ойнады. Лагно гроссмейстер атағын 12 жасында алған.

Қытайлық Хоу Ифань да әйелдер арасындағы гроссмейстер атағын 12 жасында алған. Кейін 14 жасында ерлерге де, әйелдерге де берілетін жалпы гроссмейстер атағын иеленіп, бұл атақты алған ең жас әйел атанды. Ол бұл рекордты әлі күнге дейін сақтап келеді.

Еске сала кетейік, Шахмат Олимпиадасында Қазақстан алтыншы жеңісіне қол жеткізгені хабарланған болатын.