11 жастағы Астана бала сияқты күлімсірей берсін ? Б.Төлегенова

АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының сыртқы жарнамасын әдемі күлкіңмен көріктендіремін десең «Астанаға күлкі сыйла» атты фотосурет байқауына қатыс.

11 жастағы Астана бала сияқты күлімсірей берсін ? Б.Төлегенова
Елордалықтар мен қала қонақтарына арнаған бұл үндеуді бүгін аталмыш акцияның басталуына орай өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Әмірхан Рақымжанов жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Баспасөз мәслихатына байқаудың сарапшы комиссия мүшелері ҚР халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Илья Ильин, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев, кәсіби фотосуретші Сергей Лунин және тағы басқалар қатысты. Әртүрлі аталымдар бойынша ең үздік фотосуреттер мен фотосуретшілерді анықтайтын комиссия құрамында сонымен қатар, Сенат депутаты Ғани Қасымов пен ҚР халық әртісі Нұрлан Абдуллин бар. Ә.Рақымжанов өз сөзінде, «осы іспетті іс-шаралардың Астананың сыртқы келбетін әрлендірумен қатар, жастар үшін тәрбиелік маңызы да зор», - деген пікір білдірсе, Б.Төлегенова, «адамның күлімсіреген жүзі қашанда жүрекке күш, нәр беретінін, еңбектенуге қуат беретінін» айтты. «Жақсы көңіл-күй сыйлайтын мұндай шаралар толастамасын, әр күнімізге күлкімен қарауға ештеңе кедергі келтірмесін. 11 жастағы Астана бала сияқты күлімсірей берсін», - деген тілегін жеткізді ол. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іріктеудегі ең басты шарт - әдемі және жайдарман күлкі. Іріктеп алынған электронды фотосуреттер әр екі апта сайын қаладағы билбордтар мен плакаттарда, пилондар мен көрнекі жарнамаларда, полиграфиялық басылымдарда орналастырылатын болады. Сондай-ақ ол суреттерді газеттердің қала күні қарсаңындағы арнайы мерекелік шығарылымдарында қолдану да көзделген. Байқау жеңімпаздарының есімдері шілденің 4-і күні ҚР Қаржы министрлігі алдындағы саябақта жария етіледі. Осы жерде ірі фото көрме мен мерекелік шоу-бағдарламаны тамашалауға болады.Ұйымдастырушылар - Астана қаласы әкімдігі, «Models Production» және «MOEX» компаниялары. Акцияға қатысуға қатысты анықтама телефоны - 8 (7172) 79 17 79.