11 желтоқсан. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 11 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік демікпеге қарсы күрес күні
Қолқа демікпесі ауруына назар аударту мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен аталып өтеді. Бұл күннің негізгі мақсаты – денсаулық саласындағы күрделі проблемалардың бірі болып саналатын демікпе дертінің себеп-салдарларын халыққа жан-жақты таныстыру. Оны жеңу жолында ғылым саласында жасалған жаңалықтар туралы хабарлау. Бүгінде әлемде 300 миллион адам демікпемен ауырады. Ол көбіне нашар экологияның салдарынан пайда болады.
Халықаралық таулар күні
2004 жылдан бері БҰҰ шешімі бойынша «Бейбітшілік – таулардың тұрақты дамуына кілт» атты ұранымен өткізіледі. Таулар жер шарының шамамен төрттен бірін алып жатыр, онда әлем халқының 10 пайызға жуығы мекендейді. Бұл – өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін көптеген түрі үшін қорық, жердегі негізгі өзендердің қайнар көзі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1990 жылы КСРО президенті М. Горбачевтың Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы № VII-1156 жарлығы шықты.
2005 жылы Астанада Қазақстанның Ұлттық банкі күміс монеталардың үш коллекциясын сатуға шығарды. Бұл – номиналдық құны 500 теңге болатын 3 мың дана «Жайран», 3 мың дана «Жошы ханның кесенесі» және 5 мың дана «Жолбарыстың басы» монеталары. Монеталар арнайы қорапқа салынып, олардың сапасы сертификатпен расталған.
2012 жылы Астанада «Орталық Азия және Ауғанстан кәсіпкер әйелдерінің бизнес-қауымдастығы» құрылды. Қауымдастық құрудың негізгі мақсаты -Орталық Азия мен Ауғанстан кәсіпкер әйелдері арасында мемлекетаралық экономикалық ынтымақтастықты жолға қою.
2014 жылы ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде әскери тарихшыларды дайындау бойынша мамандандырылған әскери кафедрасы ашылды.
2015 жылы «Қазпошта» АҚ қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтің халықаралық ғарыш станциясына ұшу сапарына арналған марканы айналымға енгізді. Бес мың таралыммен айналымға шыққан марканың құны – 300 теңге.
2018 жылы Марракеште арнайы үкіметаралық конференцияда Қазақстан Қауіпсіз, реттелген және заңды миграция жөніндегі жаһандық келісімшартты мақұлдаған елдер қатарына кірді. Конференцияға әлемнің 150-ден астам елінен делегат қатысты.
2018 жылы Қазақстанда ТМД-дағы ең үлкен күн электр станциясы іске қосылды. Жамбыл облысында қуаттылығы 100МВт «Бурное СЭС» жобасы – ТМД-дағы ірі күн электр станциясы Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауы арқасында ашылды.
2018 жылы Үндістанның Гуджарат штатындағы Гандинагарс қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. Оған белгілі бизнесмен, «ChandanSteelLimited» компаниясының басқарушы директоры Дилип Чандан жетекшілік етеді. Құрметті мейман, Гуджарат штатының Бас министрі Виджай Рупани Сахеб Құрметті консулдықтың ашылуы екіжақты экономикалық байланысты нығайтуға ықпал ететіндігіне және инвестициялық тасқынды ұлғайтатындығына сенімді екенін жеткізді.
2019 жылы елордада шағын қолмен жаудың қалың әскерін ойсырата жеңген қазақ батырларының ерлігі мен елдік жолындағы күресін әйгілеген Орбұлақ шайқасы туралы телехикаяның тұсауы кесілді.
«Орбұлақ шайқасы» – 1643 жылы Орбұлақ маңында 50 мың қолға төтеп берген 600 қазақ сарбазы туралы түсірілген алғашқы телехикая. Телехикая Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Орбұлақ өзенінде түсірілді.
2020 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ құрамындағы Kaztube мультимедиялық порталы YouTube-тің күміс батырмасын алды. Күміс батырма көрермені 100 мыңға жеткен арналарға беріледі.
2020 жылы Бішкек қаласында Абай атындағы қырғыз-қазақ мәдениет орталығы құрылып, ұлы ақынның мүсіні орнатылды. Оның авторы жас әрі талантты қырғыз шебері – Кубаныч Тоқторалы уулу.
2021 жылы Шығыс Қазақстан облысында ел тарихындағы көптеген дәуірлік оқиғаларды және оның қалыптасу кезеңдерін бейнелейтін, мемлекетіміздің бірлігі мен мызғымастығын бейнелейтін Тәуелсіздік монументінің салтанатты ашылуы өтті.
2023 жылы еуропалық «Виртуоздар» байқауында Димаш Құдайберген қазылар алқасының мүшесі болды. Опера сахнасының аңызы, әйгілі испандық тенор Пласидо Доминго «Виртуозы» еуропалық байқауында кездесу барысында қазақ эстрадасының жұлдызы Димаш Құдайбергенді дуэт айтуға шақырды. Әңгімелесу барысында Пласидо Доминго қазақ жұлдызымен сырттай танысу оқиғасымен бөлісті.
2023 жылы қазақстандық мектеп оқушылары Бангкоктағы жаратылыстану пәндері олимпиадасында алты медаль жеңіп алды. Бангкокта 20-шы халықаралық жасөспірімдер ғылыми олимпиадасының (IJSO-2023) қорытындысы шығарылды. Олимпиадаға 55 елден 311 оқушы қатысты.