11 желтоқсанда Құрылтайда экономиканы цифрландыру жөнінде тыңдау өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтайда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында экономиканың нақты секторы салаларын цифрлық трансформациялау» тақырыбында тыңдау өткізу үшін арнайы комиссия құрылды. 

Қазақстан Республикасының Құрылтайы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Құрылтайдың негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, осы жылдың 11 желтоқсанында Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында экономиканың нақты секторы салаларын цифрлық трансформациялау» тақырыбында тыңдау өткізуді жоспарлап отыр. Іс-шара барысында өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы экономиканы цифрландырудың қазіргі жай-күйі, өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланады, — деді депутат Дархан Ахмедиев Құрылтайдың жалпы отырысында.

Тыңдауға Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, бірқатар орталық мемлекеттік органның басшылары, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысады.

Құрылтай регламентінің 211-тармағына сәйкес тыңдау өткізу жөніндегі арнайы комиссия құрылды.

Оның құрамына барлық тұрақты комитет пен саяси партиялар фракцияларының атынан 19 депутат енді. Комиссия төрағасы болып Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев сайланды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың маңызын атап өтіп, Қазақстанның осы бағыттағы бастамалары мен жетістіктеріне тоқталды.