«110 жастағы әже ұзақ жасаудың сырын біледі» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 26 шілде, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Биылғы қуаңшылық астықты облыстарға оңай тимеді. Оған кеше Қостанай облысына келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов шаруашылықтарды аралағанда тағы да куә болды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бейсенбілік нөміріндегі «Қуаңшылық арнайы шаралар қабылдауды қажет етеді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Қостанай облысы бойынша астық алқаптарының 18 пайызы жақсы өсіп келеді, 68 пайызы нашар, ал қалған 34 пайызы тіпті күйіп кеткен. Әсіресе, жағдай облыстың оңтүстік аудандарында күрделі, өңірде көктен тамшы тамбағандықтан және қардың да аз болуынан еккен дәннің шықпай қалған жерлер де бар.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қостанайда тұратын Марпуға Селтеткенова әжеміз биыл 110 жасқа толып, балаларының арқасында туған күнін есте қаларлықтай етіп атап өтті. Осы арада бір айта кетер жай, Селтеткеновтер әулеті қазақ елі тәуелсіздік алғанға дейін Ресейде жергілікті орыстардан қай жағынан болсын кем болмай, өмір сүрді. Ол жақта да ешкімге намысты қолдан бермей, адал еңбек етті. Басқалардан қай жағынан болмасын деңгейі төмен еместігін іс жүзінде дәлелдеді. Мақала «110 жастағы әже ұзақ жасаудың сырын біледі» деген тақырыппен берілген.
«Ертең ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Бұл күндері төрткүл дүниенің әр қиырында орналасқан 200-ден астам мемлекеттердің белді спортшылары Ұлыбритания астанасында бас қосып, төртжылдықтың басты додасы қарсаңында өздерінің соңғы даярлықтарын пысықтауда. Солардың арасында Қазақстанның спорттық делегациясы да бар», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Алпауыттар айқасатын күн тақау» деген тақырыптағы мақаласында. Қазақстандықтар биылғы Олимпиада ойындарының 106 лицензиясына иелік етті. Жарыс жолына шығатын жерлестерімiздің жалпы саны - 116 адам. Осы орайда ең көп жолдама жеңіл атлеттерге бұйырғанын айта кету керек.
***
«Алаш айнасы» газетінің Қазақ радиосымен бірлескен «Айтөбел-Дат!» айдарында Тұран университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор Рахман Алшановпен арадағы сұхбат «Енді біз психологияны өзгертіп, тұтынатын халық емес, инвестиция жасайтын ел болуымыз керек» деген тақырыппен берілген. Тілшінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ғалым: «Соңғы кезге дейін экономист пен заңгерлікке жаппай ойысып кеткеніміз рас. Нарықтық экономика болғаннан кейін санау керек болды. Қалай жұмыс істейміз? Инвестиция деген не? Қалай жұмсаймыз? Бизнес жоспар қалай жасалады? Болмаған тәжірибені біліммен толықтыруға тырыстық. Қазір нарықтық экономиканың дамуында дүниежүзіндегі елдердің ең алдыңғы қатарындамыз», - дейді.
***
Қазақстанда жасырын бизнестің жаңа түрі қасқыр күшіктерін сату пайда болды. Айта кетерлігі, жыртқы аңның сатылатындығы жайындағы хабарландырулар БАҚ-та еркін жариялануда. Бұл жайында «Экспресс-К» газетіндегі «Волки базарные» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Қасқыр сатумен айналысушылардың бірі Темірлан қолындағы күшікті піскен етпен қөректендіріп отыр. Ол жыртқышына 500 доллар сұрайды әрі бағасын төмендетуге құлықты емес.
***
Ағымдағы жылы Киевте қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Жамбыл Жабаевқа ескерткіш ашылады. Бұл туралы «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың мақаласында айтылған. «Ағымдағы жылы Киевте Жамбыл Жабаевқа және 200 жылдық мерейтойына орай Тарас Шевченкоға Астанада ескерткіш ашылады. Бұл екі елдің өзара қарым-қатынастарына жаңа серпін беретіндігі сөзсіз. Сонымен қатар 20013-2014 жылдары Қазақстанның Украинадағы және Украинаның Қазақстандағы мәдени күндерін өткізу жоспарланған», - деп жазады министр. Мақала «Казахстан - Украина: веками скрепленная дружба» деген тақырыппен берілген.