1100 теңгесін қорқытып алған: Жезқазған полициясы 22 жыл бұрынғы қылмысты ашты
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Жезқазған қаласының полицейлері 22 жыл бұрын жасалған қарақшылық қылмысты ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Polisia.kz сайтында мәлім етілгендей, 1998 жылдың 15 желтоқсанында қала дүкендерінің бірінде сатушы болып жұмыс істейтін 37 жастағы әйел Жезқазған қалалық полиция бөліміне жүгінген. Ол түске қарай белгісіз ер адам сауда нүктесіне кіріп, пышақпен қорқытып 1 100 теңге ақшасын алып кеткені туралы шағымданған.
Қарақшылық фактісі бойынша Жезқазған қалалық полиция бөлімінің тергеу бөлімі сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Іс 1999 жылдың 17 ақпанында үзіліп, биылғы 31 мамырда жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қайта жалғастырылған.
«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері қарақшылық жасады деген күдікпен 41 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол өз ісін мойындады», - делінген полиция ақпаратында.