12 елдің өкілі ілбіс популяциясын сақтау мәселелерін талқылауда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада қар барысы популяциясын сақтау мәселелеріне арналған халықаралық конференция басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумды Snow Leopard Foundation халықаралық қоры ұйымдастырып отыр. «Қар барысын сақтау: популяциялардың жағдайы, ландшафттарды басқару және трансшекаралық ынтымақтастық» деген тақырыппен өткен форум ілбіс популяциясының сақталуына жағдай туғызатын тетіктерді іске қосу мәселелерін сөз етті.

Snow Leopard Foundation халықаралық қорының құрылтайшысы Нұрәлі Әлиев форумға БҰҰ сарапшылары шақырылғанын айтады.

«Конференцияда қар барысына мекен болған 12 елдің өкілі бас қосып отыр. БҰҰ сарапшыларымен бірге қар барысының популяциясына қатысты ғылыми ақпараттар мен статистикалық деректерді бір арнаға тоғыстыратын әлемдік ақпарат орталығын құру мәселесін қарастырамыз. Нұр-Сұлтан қаласында ілбістің бірыңғай гендік зертханасын құруды ұсынып отырмыз», - деді конференцияны ашқан Нұрәлі Әлиев.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан, Моңғолия, Қытай, Үндістан, Непал, Бутан және Ресей өкілдері де конференцияда сөз алып, тәжірибелерімен бөлісті.

Аталмыш елдер БҰҰ даму бағдарламасы (UNDP), Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF), Snow Leopard Trust қоры, Халықаралық табиғат қорғау қоры (IUCN) сияқты халықаралық ұйымдармен бірге өзара ынтымақта әрекет ету туралы меморандумға қол қоймақ.

Соңғы жаңалықтар