12 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 12 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.
12 қаңтар ЖЕКСЕНБІ Түркіменстан Республикасының еске алу күні. 133 жыл бұрын (1881) Геок-Тепин шайқасы басталып, ол есепсіз қантөгіске алып келді. Соғыста шейіт болғандардың құрметіне арнап, осы күн аруақтарға бас ию күні болып саналады. Танзаниядағы Занзибар төңкерісі күні. 1964 жылы Занзибар сұлтаны тақтан тайдырылып, әлем картасында жаңа мемлекет пайда болды. Танзания Африка құрылығындағы ең биік жер - Килиманджаро жанартауымен, Танганьика, Виктория, Ньяса атты ұлы көлдерімен ерекшеленеді. Астанасы - Дар-ас-Салам қаласы. Ресей Федерациясы прокуратура қызметкерлері күнi. Ресей Федерациясы Президентiнің 1995 жылдың 29 желтоқсанындағы «Ресей Федерация прокуратурасының қызметкерлері күнiн белгілеу туралы» Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтедi. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 92 жыл бұрын (1922) Жетісуда алғашқы Қазақ педагогикалық училищесі ашылды. 21 жыл бұрын (1993) Түркия үкіметі ресми түрде 1993 жылды Қожа Ахмет Ясауи жылы деп жариялады. 13 жыл бұрын (2001) «Аманат» журналының алғашқы саны жарық көрді. 12 жыл бұрын (2002) Алматыда қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың мұражай үйі ашылды. 24 жыл бұрын (1990) Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. 19 жыл бұрын (1995) Президент Жарлығымен қазақ ғарышкерлері Т.Әубәкіровке, Т.Мұсабаевқа «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, жоғары ерекшелік белгісі - «Алтын Жұлдыз» тапсырылды. 7 жыл бұрын (2007) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ойын кәсiпкерлiгi туралы», «Қазақстан Республикасының ойын кәсiпкерлiгi мәселелері бойынша кейбiр заң актiлеріне өзгерiстер және қосымшалар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды. 5 жыл бұрын (2009) Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Бiрiншi Президентiнiң алғашқы Интеллектуалдық мектебі ашылды. Зияткерлiк мектеп балалардың қабiлеттiлiктерiн және жеке бас мүддесiн есепке алып кең ауқымда бiлiм бағдарламаларын береді. Бұл мектепте цифрлы техникамен жарақтанған 24 смарт-сыныптар, 14 интерактивті пәндік кабинеттері, 4 физика, 6 мультимедиа кабинеттерi бар. Әрбiр оқушы интернетке шығатын дербес ноутбукпен қамтамасыз етілген. 8 жыл бұрын (2006) жазушы-публицист Мырзахан Ахметтің ұрпақ тәрбиесі мен оның сабақтастығына арналған «Бәйтеректің бұтақтары» деп аталатын жаңа кітабы жарық көрді. Алматыдағы «Тоғанай Т.» баспасынан шыққан бұл туындының бірінші бөлімінде Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы «Шыңбұлақ» аулында өмір сүріп, 10 бала тәрбиелеп өсірген соғыс ардагері, ақын-азамат Мелдебек Қойбақұлының ұрпақ тәрбиелеудегі өнегелі істері мен азаматтық асыл қасиеттері, оның зиялы ұл-қыздарының ізгілікті істері кеңінен сөз етіледі. Аталмыш кітаптың екінші бөлімі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік саласындағы «Арыстан» қызметінің бастығы, генерал-майор Сейітжан Мелдебекұлының қиындығы мен қызығы мол күрделі жұмысының сан тарау иірімдерінен сыр шертеді. Кітаптың оқырмандар үшін танымдық, тағылымдық жағы аса мол. 8 жыл бұрын (2006) Қостанайда «Қазақ Тұлпары» атты республикалық мемлекеттік кәсіпорынның құрамынан жылқылардың генетикасын зерттейтін еліміздегі алғашқы зертхана ашылды. Зертхана асыл тұқымды жылқылардың жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Кәсіпорын жылқылардың жаңа тұқымын жасап шығарумен шұғылданады. Жаңа тұқымның арғы тегін зерттеу селекцияны жылдамдатуға көмектеседі. Осы бығаттағы жұмыс елдің экономикасына және Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкес белгілердің бірі болды. 8 жыл бұрын (2006) Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Осы келіссөздердің барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы қазақстандық-ресейлік мемлекеттік шекара жөніндегі Шартты бекіту туралы грамоталармен алмасу хаттамасына қол қойды. 8 жыл бұрын (2006) Семейде «Спартак» орталық стадионында КСРО-ның спорт шебері, белгілі футболшы Серғазы Рымбаевқа арналған мемориальдық тақта орнатылды. Серғазы Рымбаев (1959-2005) барлық өмірін футболға арнады, 12 жыл жергілікті «Спартак» командасының құрамында өнер көрсетті. 312 матч өткізіп, 18 доп соққан. Семейлік «Елімай» командасының бапкері, содан кейін команданың бастығы болды. 1996 жылы Қазақстан чемпионатында «Елімай» командасының бас бапкері ретінде қола жүлдеге ие болды. 3 жыл бұрын (2011) Азия Олимпиадалық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейтте VII қысқы Азия ойындарының Алауы қазақстандық делегацияға салтанатты түрде табыс етілді.
4 жыл бұрын (2010) Гаитиде 100 000-нан астам адамның өмірін жалмаған жер сілкінісі болды.
ЕСІМДЕР 71 жыл бұрын (1943) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі АЛШЫМБАЕВ Сәулетай Әбдірахманұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. И.Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген. 1979 жылы КСРО Суретшілер одағына мүшелікке қабылданған. Көптеген бүкілодақтық және республикалық көрмелерге қатысқан. Қылқалам шеберінің «Сахманшы», «Бірінші», «Қара қағаз», «Нан» туындылары, «Махамбет», «Түс», «41 құмалақ», «Шоқан Уәлихановтың жастық шағы», «Көк бөрі - Ана», т.б. мүсіндері бар. Оның қолынан шыққан көптеген суреттері мен мүсіндері Ә.Қастеев атындағы Республикалық мұражайда тұр. 51 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі ОМАРОВ Қайрат Ермекұлы дүниеге келді. Өзбекстанда туған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын бітірген. Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінде еңбек өтілінен өткен. Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, этнография және археология институтының ғылыми қызметкері болған. 1989-1991 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма бойынша Бас редакциялық алқасының ағылшын тіліне аудармалардың бас редакторы. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің екінші, бірінші хатшысы, Еуропа және Америка бөлімінің меңгерушісі. 1996-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басқарма бастығы, Еуропа департаменті директорының орынбасары. 1998-2004 жылдары Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің кеңесші-елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі Елшісі болған. 2004 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы. 2004-2008 жылдары ҚР-ның Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі. 2008-2009 жылдары ҚР-ның Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы. 2009-2013 - ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары. Қазіргі қызметінде - 2013 жылдың қаңтарынан бері. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. 85 жыл бұрын (1929-2005) экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген экономисі ИСАЕВА Муза Гавриловна дүниеге келді. Ресейде туған. Өзбек халық шаруашылығы институтын бітірген. Қазақстан Ғылым академиясы Экономика институтында ғылыми қызметкер, директордың ғылым жөніндегі орынбасары, сектор, бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері болған. Ғалымның 100-ден астам ғылыми жарияланымы бар. Медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 65 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы АҚЫЛБАЙ Серік Байсейітұлы дүниеге келді. Қарағанды облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Жезқазған қаласында дүниеге келген, қазақ. Қарағанды Мемлекеттік Университетінің заң факультетін бітірген, заңгер. Заң ғылымының кандидаты. Сайланғанға дейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының судьясы, Қарағанды облысының прокуроры болып еңбек істеді. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияларының және Құқықтық саясат жөніндегі кеңесінің мүшесі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі өкілетті органның тәртіптік комиссиясының, Шетелде тұратын отандастардың iстерi жөнiнде комиссияның мүшесі. «Өңір» депутаттық тобының, Түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясының мүшесі. АҚШ Конгресімен, Испания Корольдігінің Бас Кортестер Сенатымен, Канада Сенатымен, Катар мемлекетінің Консультатив Кеңесімен, Малайзия және Франция Республикасының Сенатымен ынтымақтастық топтарының мүшесі. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі Түсініктемесі авторларының бірі. «Антикоррупционная политика в Республике Казахстан» (2006 ж.) кітабының авторы. «Құрмет», ТМД ПАА-ның «Содружество» ордендерімен, КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, бес медальмен марапатталған. 74 жыл бұрын (1940) белгілі жазушы, драматург, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ДОСАНОВ Сәбит Айтмұханұлы дүниеге келді. Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Ең тұңғыш туындысы - «Шабындық басында» екінші сыныптың «Ана тілі» оқулығына енді. Қаламгерді елге танымал еткен туындысы «Ақ аруананы» басып шығарғанда ол 27 жаста болатын. Жазушының ең алғашқы кітабы «Қайырлы таң» деген атпен 1966 жылы жарық көрді. Содан кейін әлем халықтарының бірнеше тілдеріне аударылған ондаған шығармалары, соның ішінде «Тау жолы», «Екінші өмір» атты романдары жазылды. Бірнеше көркем шығармалары 1981, 1988, 1999 жылдары Мәскеуде жеке кітап болып шықты және өзге тілдерге аударылды. 1998 жылы «Санат» баспасынан «Жиырмасыншы ғасыр» атты жаңа романы жарық көрді. С.Досанов драматургия жанрында да жемісті еңбек етті. Оның «Дауыл» атты алғашқы пьесасы еліміздің көптеген театрларында және Қырғызстан, Өзбекстан драма театрларында қойылып, көрерменнің көзайымына айналды. Драматургтің көптеген радиопьесалары Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Кейінгі кездері «Тозақ шеңбері» атты пьеса жазып шықты. Ол өзінің өзгеше формасымен, кейіпкер таңдауымен, ой жаңашылдығымен, шарықтау шегінің шебер түйілуімен ерекшеленеді. Ресей Федерациясының Шолохов атындағы халықаралық сыйлығының, Қырғызстан Республикасының «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері. 2012 жылы желтоқсанда ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 64 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасының халық әртісі, Парламент Мәжілісінің депутаты - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі АХМАДИЕВ Мұрат Әбдурейімұлы дүниеге келді. ҚХР-дың Шәуешек қаласында өмірге келген. 1961 жылы Ахмадиевтің жанұясы ҚазКСР-на қоныс аударды. Ән айтуды бала шағынан бастаган, 14 жасында теледидар арнасында оның бірінші 30 минуттық фильм-концерті жарық көрді. Осы фильмнен кейін әншінің аты тек Кеңес Одағына емес, шетелге де танымал болды. 1965 жылы М.А. Ахмадиев М. Горький атындағы Мәскеу киностудиясында түсірілген «О чем молчала тайга» атты көркем фильмде кавказ ұлы Алешаның ролінде, 1966 жылы атақты режиссер Ш.Аймановтың «Земля отцов» фильмде Баян атты ұлдың ролінде ойнаған, 1968 жылы «Тақиялы періште» фильмнің түсірілуіне қатысқан. 1975 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының «хоровое дирижирование» мамандығы бойынша жоғарғы білім алды. Сол жылы, Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығының лауреаты, «Яшлык» вокалдық-инструменталдық ансамблін құрып және оның көркемдік жетекшісі болды. 1984 жылдан 2007 жылға дейін ТМД-ғы жалғыз кәсіптік ұйғыр театрының басшысы болды. 1996 жылы сол ұйғыр театрының бұрынғы ғимаратына өткізілген қайта жөндеу жұмыстарының бастамашысы және ұйымдастырушысы болды. 2002 жылы Елбасы Н.А. Назарбаевтын қатысуымен аталған театрдың жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы өтті. 2007 жылдан 2011 жылға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылымының депутаты. 1984 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі», 1998 жылы «Қазақ Республикасының халық әртісі» құрметті атақтарына ие болды, 2005 жылы «Құрмет» және 2010 жылы «Парасат» ордендерімен марапатталды. 2002 жылдан бастап Еуропа университетінің өнертану құрметті докторы. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі. 78 жыл бұрын (1936-2004) ғалым-топырақтанушы, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық топырақтанушылар қоғамының мүшесі, Қазақ топырақтанушылар қоғамының президенті, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты АХАНОВ Жақан Уәлишерұлы дүниеге келді. Қызылорда облысында туған. М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) бітірген. 1960-1984 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Топырақтану институты директорының орынбасары, зертхана меңгерушісі, ғалым-хатшысы, Шу тірек пунктінің меңгерушісі, кіші ғылыми қызметкері. 1984-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Топырақтану институтының директоры. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Биология ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы. 2001-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Топырақтану институтының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Көптеген медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған. 53 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінің депутаты - Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. Заң ғылымдарының докторы, профессоры ӘБДІРОВ Нұрлан Мәжитұлы дүниеге келді. Қарағанды облысы Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында туған. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Заң ғылымдарының докторы, профессор. 1982-1984 жылдары - КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің оқытушысы болып жұмыс істеген. 1984-1987 жылдары - КСРО ІІМ Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының адъюнкті. 1987-1997 жылдары - ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің оқытушысы, аға оқытушысы, доцент, қылмыстық құқық және криминология кафедрасы бастығының орынбасары. 1997-2000 жылдары - Есірткіні бақылау жөніндегі ҚР Мемлекеттік комиссиясының хатшысы. 2000-2001 жылдары - ҚР Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары. 2001-2002 жылдары - ҚР Әділет министрлігі Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары. 2002-2005 жылдары - ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының сектор меңгерушісі, мемлекеттік инспектор, Қоғамдық және экологиялық қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары. 2005-2009 жылдары - ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары - ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының меңгерушісі. 2009-2011 жылдары - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.
«Құрмет» орденімен, «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен наградталған. 62 жыл бұрын (1952) Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры ӨТЕУОВ Мұхтар Жамашұлы дүниеге келді. Алматы облысы Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының оркестр факультетін бітірген (1976), соқпалы аспаптар, концерттік орындаушы, оркестрдің солисі, оқытушы. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры (1997 жылдан). Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі (2003 жылдан). «Ксилофонға арналған хрестоматия (Қазақстан композиторларының шығармаларынан)» (1986), «Ғасырдан - ғасырға» (2000) кітаптарының, «Отырар сазы» оркестрі жайлы, мемлекеттік квартет жайлы, сондай-ақ филармонияның мерейтойына арналған мақалалардың авторы. Қазақ, орыс, ұйғыр және ағылшын (сөздікпен) тілдерін біледі. 1971 жылдан -Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әртісі. 1976 жылдан - Қызыл тулы ортаазиялық әскери округ штабының оркестрінде қызметте. 1977 жылдан - Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының соқпалы аспаптар тобының концертмейстері, симфониялық оркестрінің нұсқаушысы. 1978 жылдан бері - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы. 1989 жылдан -Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бас директоры. 2006 жылдан - Мәдени саясат және өнертану институтының директоры. 2007 жылдан - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры. 2010 жылдан бері - Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры. Қазақстан Музыка қайраткерлері қоғамының мүшесі (1976- 1998). «Құрмет» (2001), «Михаил Ломоносов» (2006) ордендерімен; «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медалімен; ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. ҚазКСР Еңбек сіңірген әртісі (1987). 47 жыл бұрын (1967) Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары БАЛАХОНЦЕВ Владимир Николаевич дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Архангелка ауылында туған. 1991 жылы Орал орман техникалық институтын және 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын орман шаруашылығының инженері және заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1990 жылы Орал орман техникалық институтының БЛКЖО комитеті хатшысының орынбасары болып бастады. 1991-2000 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы орман шаруашылығы кәсіпорнының орман қорғау инженері, бас орманшысы, директоры болып жұмыс істеген; 2000-2002 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы жануар және өсімдік әлеміне мемлекеттік бақылаудың облыстық аумақтық басқармасының бастығы; 2002-2004 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы орман және, аңшылық шаруашылығының облыстық аумақтық басқармасының бастығы; 2004-2007 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының әкімі; 2007-2008 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары; 2008-2012 жылдары - Ақмола облысы Бурабай ауданының әкімі. 2012 жылдың желтоқсанынан бастап осы тағайындалуға дейін Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының әкімі лауазымында болған. 2013 жылдың ақпанында СҚО әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 138 жыл бұрын (1876-1916) американдық жазушы Джек ЛОНДОН дүниеге келді. 98 жыл бұрын (1916-2006) Оңтүстік Африка Республикасының президенті Бота Питер Виллем дүниеге келді. 78 жыл бұрын (1936) кеңестік және латыш композиторы, пианист, КСРО халық әртісі ПАУЛС Ояр Раймонд Вольдемарович дүниеге келді.