12 қараша. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 12 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік пневмонияға қарсы күрес күні

Бұл күні әлемнің түрлі елінде пневмония сияқты қауіпті аурудың таралуына жол бермеуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар өтеді. Атаулы күнді белгілеу бастамасын Балалар пневмониясына қарсы жаһандық коалиция ұсынған.

Дүниежүзілік сапа күні

Атаулы күн жыл сайын қараша айының екінші бейсенбісінде атап өтіледі. Бұл күнді белгілеу туралы бастаманы Еуропалық сапа ұйымы көтеріп, оны Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдаған. Мереке 1990 жылы бекітілді. Бұл күннің мақсаты — әлем елдеріндегі компаниялар өндіретін тауарлар мен көрсететін қызметтердің сапасына жұртшылық назарын аудару. Сонымен қатар өнім мен қызмет сапасын арттырудың маңызын кеңінен насихаттау.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1959 жылы Қазақстан Журналистер одағы құрылды. Ұйымның негізгі мақсаты мен міндеттері — бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар және қоғам арасындағы сындарлы диалогты дамытуға ықпал ету, сөз және баспасөз бостандығын қорғау, журналистика мен БАҚ-тың біртұтас көпұлтты жүйесін қалыптастырып, оны халықаралық ақпарат кеңістігіне кіріктіру. Сондай-ақ журналистердің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына экономикалық, құқықтық және әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауға қолдау көрсету.

1993 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» № 1399 Жарлығы шықты. Құжатқа сәйкес, 1993 жылғы 15 қарашада сағат 08:00–ден бастап Қазақстан аумағында ұлттық валюта — теңге айналымға енгізілді. Ал 18 қараша күні сағат 08:00–ден бастап теңге елдегі жалғыз заңды төлем құралы болып белгіленді.

Жеке Жарлықпен ескі ақшаны теңгеге айырбастау мерзімі 1993 жылғы 20 қарашада сағат 18:00–де аяқталатыны бекітілді. Әр азамат ескі рубльді 1 теңге үшін 500 рубль бағамымен, бірақ 100 мың рубльден асырмай айырбастауға құқылы болды. Осылайша әр қазақстандық қолма-қол 200 теңгеге дейін ала алды. Ал АҚШ долларына қатысты теңгенің бағамы 1 доллар үшін 4,75 теңге болып белгіленді.

1997 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесінің құрамдас бөлігі саналатын дипломатиялық қызметтің құқықтық негіздерін, оны ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайтын «Дипломатиялық қызмет туралы» заң қабылданды.

2005 жылы Қазақстан халықаралық әуе қатынасындағы транзит туралы келісімге қосылды. Бұл құжат келісімге қатысушы мемлекеттер арасында тұрақты әуе қатынасы кезінде әуе кемелерінің аралық қонбай ұшуына және коммерциялық емес мақсатта аялдауына өзара құқық беруді көздейді. Әрбір мемлекет өз аумағы арқылы жүзеге асырылатын халықаралық әуе қатынасының бағыттары мен әуежайларын өзі белгілей алады. Қазақстанның келісімге қосылуы оған қатысушы басқа мемлекеттердің әуе компанияларына еліміздің әуе кеңістігі арқылы транзиттік рейстерді жеңілдетіп орындауға мүмкіндік берді.

2010 жылы Гуанчжоу қаласында Азия ойындарының туы «Астана–Алматы–2011» қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің мүшелеріне табысталды. Сондай-ақ Қазақстаннан кейінгі кезекті Азия ойындарын қабылдайтын қала анықталды.

2013 жылы Түркияның Бурса қаласындағы «Ордекли Хамам» мәдени орталығында ТҮРКСОЙ ұйымының «Түркі әлемінің мәдени мұрасы және музейлер» атты музей ісіне арналған I халықаралық форумы ашылды. Жиынға ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің өкілдерімен қатар Тәжікстан, Моңғолия және Ресей делегациялары қатысты.

Әлемнің әр еліндегі музей мекемелері мен сала мамандары арасындағы байланысты нығайтып, ынтымақтастықты дамытуға бағытталған форум аясында қатысушылар Осман империясының алғашқы астанасы болған Бурсаның тарихи ескерткіштері мен музейлерін аралады.

2015 жылы Орталық Азиядағы ең ірі «Қазақстан — жаңа жаһандық инновациялық хаб» халықаралық инновациялық форумы аясында өткен байқауда Дана Ақылбекова жылдың үздік жас ғалымы атанып, 7,5 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді. Ол байқауға қант диабетімен ауыратын адамдарға инсулин енгізудің жаңа әдісін ұсынды.

2015 жылы Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігі Моңғолия Ғылым академиясымен бірлесіп, ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына орай «Қара сөздер» кітабының моңғол тіліндегі нұсқасын таныстырды. Жиынға қатысушылар назарына моңғол тілінде жергілікті «Үндэсний Шуудан» газетінде жарияланған Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы мақала, сондай-ақ Қазақстанның қоғамдық-саяси және экономикалық саладағы жетістіктері туралы өзге де материалдар ұсынылды.

2017 жылы Ақтөбе қаласынан оңтүстікке қарай 30 шақырым жерде орналасқан Бестамақ ауылында Есет батырдың ат үстіндегі кейпін бейнелеген ескерткіш ашылды. Шыныталшықтан жасалған монументтің биіктігі — 11,5 метр, салмағы — 1,5 тонна. Ескерткіш орнату мен оның айналасын абаттандыруға жергілікті кәсіпкер Нұрлан Сағыналин «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 32 миллион теңге бөлді.

Есет батыр Көкіұлы — қазақтың әйгілі батыры әрі қолбасшысы, тархан атағын иеленген тарихи тұлға. Ол жоңғарлармен және Еділ қалмақтарымен күреске белсене қатысып, Әбілқайыр ханның сенімді серіктерінің бірі ретінде танылған.

2018 жылы қазақстандық актриса Самал Еслямова басты рөлді сомдаған «Айка» фильмі Германияның Котбус қаласында өткен XXVIII халықаралық кинофестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. Фестивальдің бас жүлдесіне 40 елден 190 фильм үміткер болды. Сонымен қатар «Айка» қазылар алқасының арнайы жүлдесіне де ие болды.

2019 жылы Қазақстанда Үндістанның саяси және қоғам қайраткері Махатма Гандидің туғанына 150 жыл толуына орай пошта маркасы шығарылды.

— Үндістанның тәуелсіздігі үшін өлшеусіз үлес қосқан саяси және қоғам қайраткері Махатма Гандидің мерейтойына арналған марканы шығару біз үшін үлкен мәртебе. Махатма Гандиді бүкіл әлем құрметтейді, — деді «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры Асқар Әбдікәрімов.

Естелік марканың номиналы — 500 теңге. Ақ-қара түсті маркада Махатма Гандидің суреті мен «Мен әр адамның көз жасын сүрткім келеді» деген әйгілі сөзі бейнеленген.

2020 жылы Анкара қаласында әлемге әйгілі ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің рухына тағзым етілді. Анкара университетінің Тіл және тарих-география факультетіндегі әл-Фараби атындағы конференц-залда өткен шарада ТҮРКСОЙ ұйымы әзірлеген естелік тақта ашылып, залдың кіреберісіне орнатылды.

Әл-Фарабидің түркі әлемі үшін орны ерекше екенін айтқан Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы ұлы ойшылдың ғылымға деген құштарлығын жас ұрпаққа үлгі ету маңызды екенін жеткізді.

— Түркі және ислам әлемі адамзатқа сыйлаған ұлы ойшыл, алғашқы ғалымдардың бірі әрі «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фараби секілді біз де ғылымға деген сүйіспеншілікті қайта жаңғыртуымыз керек. Ғылымның негізін қалаған әл-Фарабидей көрнекті тұлғаны үлгі тұтып, түркі әлемінде оның ағартушылық жолын жалғастыратын жаңа Фарабидің шығуына жол ашуымыз керек. Ұлы мұрасын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттауымыз керек, — деді елші.

2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан президенттері және Мажарстан Премьер-министрімен бірге Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі хатшылығының жаңа кеңсесінің ашылу салтанатына қатысты. Салтанатты рәсімнен кейін мемлекет басшылары Түркі кеңесінің VIII саммитіне қатысу үшін Ыстанбұлдың оңтүстік-шығысында орналасқан Демократия және бостандық аралына аттанды.

2021 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Нумизматикалық деректер негізіндегі Түркістан тарихы» атты көрмені ашты. Экспозицияда ерте орта ғасырлардан XIV ғасырға дейінгі кезең қамтылған. Көрменің мақсаты — музей қорында жинақталған көне тиындар арқылы түркі жұрты үшін қашанда қасиетті мекен саналған Түркістан қаласының тарихи маңызын ашып көрсету, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны әрі егемендігіміздің басты белгілерінің бірі — теңгенің мән-маңызын таныту.

2022 жылы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Балалар жылы аясында ерекше қажеттілігі бар талантты балалардың қатысуымен «Арман асулары» фестивалін ұйымдастырды.

2023 жылы Оман астанасы Маскат қаласында шахматтан әуесқойлар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Швейцариялық жүйе бойынша өткен жарыстың жалпыкомандалық есебінде Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алып, екінші орынға ие болды. Әлем чемпионатының алтын медалін Әбілмансұр Абдулқайыр мен Арнаш Бауыржан иеленді.

2024 жылы каратэден шинкиокушинкайдан өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сарапқа салынған 10 алтын медаль жиынтығының 9-ын жеңіп алды. Сонымен қатар қоржынға 1 күміс және 8 қола медаль салды. Чемпионат қорытындысы бойынша ұлттық құрама Токиода өтетін әлем чемпионатына 10 жолдама иеленді.

2025 жылы Анкара қаласында Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге күніне орай көрме ұйымдастырылды. Қазақстан елшілігі өткізген шарада қазақтың естелік банкноталары мен монеталарының коллекциясы Түркияда алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Түркия монета сарайының өкілі Яшар Чукур түркі елдерінде монета соғу технологияларының ұқсастығына тоқталды.

— Сіздердің банкноталар мен монеталарыңызда діни нышандар, мемлекет қайраткерлері, географиялық аймақтар мен ғалымдар бейнеленген. Бізде де солай. Монета соғу технологияларында да ұқсастық бар. Өндіріс тәсілдері бірдей, — деді ол.

2025 жылы Орал қаласында Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Оған екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес, ғылым және қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Форум Қазақстан мен Ресей арасындағы байланысты нығайтуға, өңірлердің экономикалық ықпалдастығын, бірлескен инвестициялық жобаларды талқылауға және түрлі ведомство мамандары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.