12 қазан. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 12 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

19 сәуір. Жылнама. Күнтізбе
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік артритпен күрес күні

Бұл күн 1996 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бастамасымен жыл сайын атап өтіледі. Негізгі мақсаты – ревматологиялық аурулардың маңыздылығын қоғамға жеткізу, артриттің барлық түрі туралы түсінікті кеңейту, аурудың алдын алу, ерте диагностикалау, медициналық көмек көрсету және науқастарды әлеуметтік оңалту бағытында дәрігерлердің, пациенттердің және қоғамның күш-жігерін біріктіру.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1965 жылы Өскемен әуежайына алғаш рет АН-24 лайнері қонды. Осы күннен бастап Өскемен мен Алматы арасында тікелей әуе рейстері ашылды.

1991 жылы Қазақстан Жастар одағы құрылды. Басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың зияткерлік қабілеттерін дамыту, елдегі жоғары оқу орындары студенттерінің мәдени және экономикалық құқықтарын қорғау.

1998 жылы композитор Шәмші Қалдаяқовтың (1930-1992) Алматыдағы зиратына ескерткіш қойылды.

2000 жылы шетелде кадрлар даярлау жүйесін одан әрі жетілдіру және оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу және стипендия тағайындау қағидалары бекітілді.

2005 жылы Астрахан облысының Володар ауданындағы Алтынжар ауылында Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы мемлекетаралық мәдени орталық ашылды. Орталықта XIX ғасырдағы қазақ тұрмысына тән киім-кешек, портреттер, ұлы күйші Құрманғазының қайтыс болғаннан кейінгі бет-бейнесінен алынған маска және музыкалық мұрасы – күйлері жинақталған. Ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен бұл баға жетпес күйлер екі ғасыр бойы сақталып, бүгінге дейін жетті. XX ғасырдың басында ғана күйлер нотаға түсірілді.

2011 жылы 75 жастағы қарағандылық марафоншы Павел Сиротин 20 км қашықтықта ардагерлер арасындағы ІІ Еуропа ойындарының жеңімпазы атанды. Аталған жарысқа Еуропаның 40-тан астам елінен жиналған спортшылар қатысқан.

2011 жылы Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумының қорытындысы бойынша Ядролық қарусыз әлем туралы декларация қабылданды. Онда ядролық қаруы бар барлық мемлекеттерді ядролық қаруды мүмкіндігінше қысқа мерзімде толық жоюға бағытталған қадамдар жасауға шақырды.

2011 жылы РФ Астрахан облысы Шағын Арал ауылында Бөкей хан кесенесінің ашылу салтанаты өтті. Бөкей хан тарихқа Бөкей ордасының негізін қалаушы ретінде енді. ХІХ ғасырдың бас кезінде қазақтар жоңғар тайпаларын ығыстырып шығарған тұста ол І Павел патшамен келіссөз жүргізіп, Жайықтың оң жағалауын иеленді. 1812 жылы Бөкей ордасын құрды, бұл мемлекет 1845 жылға дейін өмір сүрді. Ол Еділ мен Жайық өзендерінің арасында, қазіргі Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында, сондай-ақ ішінара қазіргі Қазақстанмен шектесетін Ресей жерлерінде орналасты. Бөкей хан Астрахан облысында, өзінің рухани ұстазы, ғұлама Сейіт бабаның қабірінің жанына жерленді.

2012 жылы ҚР Үкіметінің № 1304 қаулысымен А. Айымбетовке Қазақстан Республикасының ғарышкері мәртебесі берілді.

2016 жылы Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Алматының 1000 жылдығына арналған көрме ашылды. Көрмеге қаланың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін бірегей жәдігерлер қойылды. Сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 15 елден 7 000-нан астам жас суретші қатысқан халықаралық жоба таныстырылды. Жас өнерпаздар Алматыны өз туындылары арқылы бейнелеп, олардың еңбегі қорытынды естелік альбомға жинақталды.

2016 жылы астаналық суретші Алмаз Нөгербеков «Әлем палитрасы» халықаралық жобасының IV суперфиналында II дәрежелі Гран-при мен ақшалай сыйлыққа ие болды. Байқауда жас суретші «Бейнелеу өнері. Кескіндеме және графика» номинациясы бойынша «Қара алтын» атты композициясын ұсынды.

2017 жылы Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) мен Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы елшілігі белгілі мажар этнографы, профессор Михай Хоппалдың зерттеулеріне арналған «Шамандар мен жора-рәсімдер» атты фотокөрме ұйымдастырды.

2018 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласындағы Качалов көшесінің бойындағы алаңда Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде орналасқан Тайқазанның көшірмесі саналатын «Тайқазан» мүсіні таныстырылды. Қола құймадан жасалған мүсінді Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі сыйға тартқан. Мүсіннің биіктігі – 1,7 метр, диаметрі – 2,5 метр, ал тұғырының биіктігі – 2,5 метр.

2018 жылы Батыс Қазақстанда Тақсай ханшайымының кесенесі ашылды. Теректі ауданының Долинное ауылы маңында орналасқан Тақсай қорғандар кешені — Қазақстанның киелі орындары тізіміне енген жеті нысанның бірі. Төрт қорғаннан тұратын кешен 2012 жылы табылды. Мұнда сармат дәуірінде өмір сүрген, «Алтын ханшайым» атанған мәртебелі әйел жерленген. Қабірден жалпы салмағы шамамен 3 келі болатын жоғары сынамалы алтын бұйымдар табылды. Ханшайымның көйлегі де алтын жіптермен тігілген. Жерлеу рәсімінің байлығы мен күрделілігі оның қоғамдағы жоғары мәртебесін айғақтайды.

2021 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылды. Кеңес — бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, сенім шараларын жүзеге асыру және ұйымның даму бағыттары мен басымдықтары бойынша ұсынымдар әзірлейтін консультативтік орган.

2021 жылы Тараз қаласында Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтың жанынан «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік білім беру орталығы ашылды.

— Біздің орталықтың негізгі бағыты – қала тұрғындарына, әсіресе жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Ата-бабамыздан мұра болып жеткен ұлттық салт-дәстүрлерімізді, іргетасымызды ұмытпай, қастерлеуіміз керек», – деді орталық директоры Эльмира Мырзағали.

2022 жылы Астанада Қазақстанның төрағалығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Кездесу нәтижесінде Достастық аясындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар шешім қабылданды.

2024 жылы Республика күні қарсаңында Ұлыбританияның ең ірі және ең серпінді қалаларының бірі Манчестерде Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды. Оның миссиясы — қазақстандықтарға қолдау көрсету және сауда-экономикалық байланысты нығайту. Ашылу салтанатына британдық саясаткерлер, Манчестер қалалық кеңесінің мүшелері, қазақстандық дипломаттар, студенттер, іскер топ өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, журналистер қатысты.

2025 жылы Семей қаласында облыс орталықтары арасында Қазақстандағы алғашқы тікелей әкім сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша Әділет Қожанбаев 77,1 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Оның қарсыластары Қаныш Төлеуов 10,8%, Айболат Бекжасаров 8,4% дауыс алды. Сайлаушылардың 3,7 пайызы «бәріне қарсымын» деген нұсқаны таңдады.

2025 жылы Шығыс Қазақстан облысының Бозанбай ауылында «Шығыс Салбурыны» халықаралық фестивалі өтті. Фестивальдің басты оқиғасы – бүркітшілер сайысы. Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай және Испаниядан келген қатысушылар құсбегілік және аңшылық өнерін паш етті. «Шығыстың шынары» атанған Айзере Марксқызы Саятақ атты бүркітімен өнер көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді.

Бүркіт жарысы ойынша жеңімпаздар:

1-орын – Байтбай Өмірхан (Алматы облысы)

2-орын – Бабажан Берікболсын (Жамбыл облысы)

3-орын – Ерғазыұлы Сәлімхан (Жетісу облысы) және Байдолаұлы Кенжебек (Моңғолия).