12 қазанда еліміздің оңтүстігінде қатты жаңбыр жауады
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» синоптиктері 12 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады. Еліміздің басым бөлігінде күн жылы әрі жауын-шашынсыз болғанымен, оңтүстік өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Синоптиктердің мәліметінше, ауқымды антициклонның әсерінен Қазақстанның көптеген өңірінде жылы, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Ал елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Оңтүстік өңірлерде жауын-шашын қатты болуы мүмкін.
Сонымен қатар республика бойынша жел күшейіп, кей жерлерде тұман түседі.
– Атырау облысында, Маңғыстау облысының орталығында, Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында, Ақтөбе облысының шығысында, Жетісу облысының шығысында, Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында, Қостанай облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады, – делінген «Қазгидромет» болжамында.
Ал Қызылорда облысында, Ақтөбе облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында, Атырау облысының оңтүстігінде, Ұлытау облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында төтенше өрт қаупі күтіледі.
Мамандар тұрғындарға ауа райының өзгерісін ескеріп, әсіресе өрт қаупі жоғары аймақтарда қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады.