12 мыңнан астам ауыл тұрғынына әлеуметтік төлемдер тағайындау мәселесіне қатысты кеңес берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы наурыздың 16-сы мен қазанның 5-і аралығында еліміздің шалғай елді мекендерінде тұратын 12 432 адам арнайы жұмылдыру топтарының құрамында ауылдарға барған Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың, «Қазпошта» АҚ және ХҚКО мамандарынан зейнетақы және жәрдемақы тағайындау мәселесі жөнінде кеңестер алды.
«Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін аталған ұйымдардың 830 қызметкері жұмылдырылды. Атқарылған жұмыс қорытындысында көмекке жүгінген 12 432 азаматтың 8 078-і түрлі әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу бойынша кеңес алды, сондай-ақ 2305 адамнан деректемелерді өзгерту жөнінде өтініштер қабылданды. Ал 2049 ауыл тұрғыны зейнетақы және жәрдемақы тағайындауға құжаттарын тапсырды», - делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің хабарламасында.
Ағымдағы жылы жұмылдыру топтары еліміздің барлық өңірлерінде 3 691 шалғай ауылдық округті қамтып, 6 341 рет елді мекендерге барды.
Атап айтқанда, 5 қазандағы жағдай бойынша, 2024 өтініш берушіге зейнетақы және жәрдемақы тағайындалды. Жұмылдыру топтарының жұмысы қанатқақты режімде жылдың соңына дейін созылады. Тұрғылықты жері бойынша қызмет алушыларға қызмет көрсету (құжаттарды қабылдау және шот ашу) мемлекеттік қызметті алу уақытын және шығындарды төмендетуді, қолайлылықты, оңайлатылған тәртіпті қамтамасыз етеді.
Бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылғы 12 наурызда «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК, «Қазпошта» АҚ және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат «Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыруға бағытталған.