12 жасар шахматшы Бибісара Асаубаеваға Ресейде пәтер берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстаннан Ресейге көшіп барған 12 жасар Бибісара Асаубаеваға Мәскеу облысы Химки қаласынан пәтер берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Chess-news-қа сілтеме жасап.

12 жасар шахматшы Бибісара Асаубаеваға Ресейде пәтер берілді

Ендігіде шахматтан әлем чемпионы Бибісара жанұясымен бірге екі бөлмелі пәтерде тұратын болады. Баспана кілтін округ басшысының міндетін уақытша атқарушы Дмитрий Волошин тапсырды.

Еске салайық, қазір Бибісара Асаубаева жарыстарға РФ атынан қатысады. 2016 жылдың 30 қазаны күні Бибісара Ресей туының астында сынға түсіп, кезекті рет әлем чемпионы болды.  

Бұған дейін Қазақстанның шахмат федерациясы жас дарын иесінің Ресей шахмат федерациясына ауысуының себебін айтқан болатын. Анықталғандай, Бибісара Асаубаева мен оның менеджері әрі анасы Лиана Таңжарықованың мұндай шешім қабылдауына қаржылық мәселелер ықпал еткен.

Онымен қоса, Ресейдегі шахмат федерациялары президенттерінің арасындағы анағұрлым тиімді жұмыс істейтін - Сергей Нестеров шахматшы қызға Қазақстаннан Мәскеу облысының Шахмат федерациясына ауысуды ұсынған. Мәскеу облысының Шахмат федерациясына қабылданған шахматшылар баспанамен қамтамасыз етіліп қана қоймай, Дворкович қонақжайында тұрақты түрде әрі тегін жаттығуға мүмкіндік алады.

Баспана жаңа салынған көпқабатты үйден берілді.