12 жасар суретші өз көрмесін анасына арнады
АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Қазіргі заман өнері мұражайында Әмір Жолдасбековтың шығармашылық көрмесі ашылды.
12 жасар суретші өз көрмесін дүниеден озған анасы Әмина Қабыкеноваға арнап отыр.
Алматы қаласының тумасы Ә.Жолдасбеков бүгінде Астана экономикалық лицейінің 5-сыныбында оқиды. Сондай-ақ ол А.Мұсақожаева атындағы өнер мектеп-колледжінде білім алады. Бала кезінен бастап сурет өнеріне жақын жүрген Әмірдің жан-жақты дамуына оның анасы Әмина Қабыкенованың қосқан үлесі зор. Ол кішкентай баласының шығармашылық қабілетін барынша дамытып, музыка өнеріне де бейімдеді. Осының арқасында кішкентай суретшінің дүниетанымы мен көзқарасы кеңейді. Оны Ә.Жолдасбековтың шығармаларынан айқын байқауға болады. Әсіресе, қазақтың кең даласы мен жайлауда жүрген жылқыларды бейнелеген суреттер көз тартады. Кішкентай Әмірдің зердесінің кеңдігі, өз еліне, жеріне деген шексіз сүйіспеншілігі сезіледі. Бұдан басқа, көрмеде автордың соңғы 3 жылда салған 36 жұмысын көруге болады. Ә.Жолдасбековтың анасы Әмина Қабыкенованы еске алуға арналған көрмені жас суретшінің әжесі Ұлболсын ұйымдастырып отыр.