12 жастағы қазақстандық дрон-пилот АҚШ-тағы әлем чемпионатында бесінші орын алды

АСТАНА. KAZINFORM — Орал қаласының 12 жастағы тұрғыны Әлихан Нысанбаев АҚШ-та өткен MultiGP World Championship 2026 әлем чемпионатында 44 елден келген спортшылармен бақ сынап, финалда бесінші орын иеленді. Ол дрон-футболдан өткен халықаралық турнирде де Қазақстан құрамасы сапында үздік бестіктің қатарына енген.

12 жастағы қазақстандық дрон-пилот АҚШ-тағы әлем чемпионатында бесінші орын алды
Фото: Видеодан скрин

Дрон жарысы — спортшы арнайы көзілдірік арқылы ұшқышсыз ұшу аппаратын басқарып, оны күрделі кедергілерден өткізетін жылдамдық сайысы. Мұнда дронды дәл әрі шапшаң басқару, бағытты дұрыс таңдау және бір сәтте шешім қабылдау маңызды.

Әлихан әлем чемпионатына 5-6 ай дайындалған. Ал оның жаттықтырушысының айтуынша, халықаралық жарысқа іріктеу мен жүйелі дайындық екі жыл бұрын басталған. Биыл наурызда өткен республикалық жарыста жеңіске жеткен оқушы АҚШ-та өтетін чемпионатқа жолдама алған.

— Наурызда өткен республикалық жарыста бірінші орын алып, АҚШ-қа баруға мүмкіндік алдым. Әлем чемпионатында 12 финалистің қатарына еніп, бесінші орынға тұрақтадым. Сезімімді сөзбен жеткізу қиын. Қарсыластарым өте мықты болды. Әсіресе Оңтүстік Корея мен Жапониядан келген спортшылардың шеберлігі ерекше әсер қалдырды. Олардың жасы 21-22-де, менен әлдеқайда үлкен. Соған қарамастан, жарыс барысында танысып, достасып кеттік, — деді Әлихан Нысанбаев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.

Жаттықтырушысы Айбек Мирғалиевтің сөзінше, Әлихан халықаралық жарыстарға алғаш рет қатысып отырған жоқ. Былтыр да әлем чемпионатында бақ сынап, екінші орын алған. Биыл екінші рет әлемнің үздік дрон-пилоттарымен жарысып, финалға дейін жетті.

12 жастағы қазақстандық дрон-пилот АҚШ-тағы әлем чемпионатында бесінші орын алды
Фото: Видеодан скрин

Дронды басқарудың өз ерекшелігі бар. Әлихан жарыс дрондарын арнайы көзілдірік арқылы басқарады. Ал дрон-футболда спортшылар арнайы пультті пайдаланады. Жаттықтырушының түсіндіруінше, бұл екі бағытта қолданылатын дрондардың көлемі мен басқару тәсілі де әртүрлі.

— Маған жылдам дрондармен жарысқан ұнайды. Қарапайым дрондар мен симуляторларға қарағанда, жарыс дрондары әлдеқайда шапшаң. 2022 жылы үйірмеге алғаш келдім. Біртіндеп қызығушылығым артып, бұл спортпен айналыса бастадым. Өйткені дрон жарысы әрі әдемі, әрі өте жылдам өтеді, — дейді жас спортшы.

Дронды басқару сырт көзге оңай көрінгенімен, оған ұзақ дайындық қажет. Жаттықтырушының айтуынша, оқушылар алдымен арнайы симуляторларда жаттығады. Кейін шағын дрондарды басқарып үйреніп, содан соң ғана жарысқа арналған үлкен аппараттарға көшеді. Бұған қоса, олар дронды құрастырып, баптауды да меңгереді.

— Әлихан дронды өзі баптап, басқара алады. Мұндай үйірмелерде балалар тек ұшқышсыз аппаратты басқаруды ғана емес, оны құрастыруды да үйренеді. Бұл олардың шыдамдылығын, зейінін және логикалық ойлау қабілетін дамытады, — деді Айбек Мирғалиев.

Қазір үйірмеде Орал қаласындағы балалармен қатар, облыстың 12 аудан орталығынан келген оқушылар да білім алады. Олардың арасында ауыл балалары да бар. Жаттықтырушының айтуынша, балалардың дрон спортына қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Оқушылардың шеберлігін шыңдау үшін облыстық жарыстар да ұйымдастырылады.

Маман дрон технологияларын тек спортпен байланыстыруға болмайтынын айтады. Оның сөзінше, бұл дағды ауыл шаруашылығы, қауіпсіздік, медицина және киноиндустрия сияқты көптеген салада қажет. Сондықтан балаларды дрон басқаруға үйрету — болашақта сұранысқа ие технологияларды меңгерудің бір жолы.

Ал Әлиханның алдағы мақсаты айқын. Ол болашақта әлем чемпионы атанғысы келеді. Ал мамандық таңдау туралы әзірге нақты шешім қабылдамаған.

Бұған дейін астаналық студенттің ауылшаруашылық дронын ойлап тапқаны туралы жазған едік.