12 желтоқсан «Алаш күні» деп ресми белгілене ме

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының 12 желтоқсанды «Алаш күні» деп ресми белгілеу туралы сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

12 желтоқсан «Алаш күні» деп ресми белгілене ме

«Тәуелсіздік күнінің қарсаңындағы 12 желтоқсанды – «Алаш күні» деп ресми белгілеуге қатысты депутаттық сауалға келесіні хабарлаймын. Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде. Мемлекеттік комиссия өз құзыретіне сәйкес 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық, заңды және саяси тұрғыдан ақтау мәселелерімен айналысуда. Жыл сайын «Ақ жол» партиясының бастамасымен ұйымдастырылатын «Алашқа тағзым» шеруі мен жылдағы дәстүр бойынша 31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жоғары деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта, көтерілген мәселе Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылатын болады», - деп атап өтеді Әлихан Смайылов жауабында.