12 жолаушы тасымалдаушы куәліктен айырылды - ККМ

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Бірнеше мәрте тәртіп бұзғаны, кестелерді сақтамағаны және автобустарды арнайы белгіленбеген орындардан жөнелткені үшін 12 тасымалдаушының (303 автобус) қызмет көрсетуге құқық беретін куәліктері кері қайтарылды. Олардың арасында қалааралық және облысаралық жолаушы тасымалдайтын тұрақты қатынап жүрген автобустар бар. Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

12 жолаушы тасымалдаушы куәліктен айырылды - ККМ

Министрлікке қарасты көліктік бақылау органдарының тексерістерінің қорытындылары бойынша 2013 жылдың басынан бері жолаушылар тасымалымен шұғылданатын 2372 тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда компаниялар жүргізушілердің еңбек және тынығу ережелерін бұзған, жүргізушілерді рейс алдындағы медициналық тексерістен және автокөлік құралдарын техникалық байқаудан өткізбеген, сонымен бірге жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережелерін бұзуға жол берген.

Мұның сыртында, көліктік бақылау бекеттерінің қызметкерлері биылғы жылдың басынан бері шетелдік тасымалдаушылар тарапынан жіберілген 2075 ереже бұзушылығы анықталған. Бүгінгі күнге көліктік бақылау бекеттері рұқсат беру жүйесі талаптарын орындамаған 35 шетелдік тасымалдаушыларды ұстаған. Олардың арасында белоруссиялық 8, түркиялық 5, тағы басқа тасымалдаушылардың жолдары кесілген.

«Жалпы, шетелдіктерге рұқсат ету құжаттары халықаралық келісімдер негізінде берілетіндігін еске саламыз. Әрбір мемлекет әріптес елге өз аумағы арқылы жүк тасымалдауға құқық беретін белгілі бір мөлшерде квота бөліп отырады. Сол себепті, квота алмаған немесе оның мерзімін асырып алған тасымалдаушылардың шет мемлекеттерде жүк тасымалдауға құқығы жоқ. Бұл шаралар әр мемлекеттің өз ішінде отандық тасымалдаушыларды қолдап отыруға бағытталған», - делінген баспасөз хабарламасында.