Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

120 балл да грантқа кепілдік бермейді, 100 балл жинаған талапкер қалай түсіп кетті

АСТАНА. KAZINFORM – ҰБТ-дан жоғары балл жинау білім беру грантын иеленуге мүмкіндік береді, алайда оның өзі грант алуға кепілдік бермейді. Себебі мемлекеттік білім беру гранттары талапкердің жинаған балына емес, нақты білім беру бағдарламасы бойынша қалыптасқан конкурс нәтижесіне қарай бөлінеді, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.

ҰБТ
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Грант конкурсының нәтижесіне талапкер таңдаған білім беру бағыты, сол бағытқа бөлінген гранттар саны, үміткерлер саны, бәсекелестік деңгейі және жекелеген санаттарға қарастырылған квоталар әсер етеді.

– Мысалы, 120 балл жинаған талапкер жоғары бәсекелестік бар білім беру бағдарламасын таңдаса, грант санына қарағанда талапкерлер саны айтарлықтай көп болған жағдайда грант иегері болмауы мүмкін. Ал 100 балл жинаған талапкер бәсекелестігі төмен бағыт бойынша грантқа ие болуы мүмкін, – делінген хабарламада.

Мамандар шекті балл мен грантқа өту балының айырмашылығына да назар аудартады. Шекті балл талапкерге конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді, бірақ грант иеленетініне кепілдік бермейді. Ал грантқа өту балы конкурс аяқталғаннан кейін талапкерлердің нәтижелеріне қарай қалыптасады.

Сондықтан мамандық пен білім беру бағдарламасын таңдау кезінде ҰБТ нәтижесімен қатар, сол бағытқа қанша грант бөлінгенін және талапкерлер арасындағы бәсекелестік деңгейін ескерген жөн.

– Грант – бұл жоғары балдың ғана емес, нақты конкурс нәтижесінің қорытындысы, – деп түсіндірді министрліктен.

Айта кетейік, білім гранты иегерлерінің тізімі шықты.