120-ға жуық жүк пойызы уақытша тоқтатылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел аумағында 120-ға жуық жүк пойызы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

120-ға жуық жүк пойызы уақытша тоқтатылды

«Бүгін таңертеңгі мәлімет бойынша 120-ға жуық жүк пойызы уақытша тоқтатылды. Олар негізінен батыс өңірлерде. Түйісетін мемлекетаралық пунктер бойынша пойыздарды өткізу штаттық режимде жүріп жатыр. Қытаймен арадағы халықаралық түйісетін қосындарда біз жоспарлы режимде жұмыс істеп жатырмыз», - деді Қанат Әлмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, жүк тасымалындағы проблемалар интернеттің болмауына байланысты болып отыр. Яғни, төлем жасау бойынша мүмкін болмай тұр.

«Теміржолда біз тек алдын ала төлем бойынша жұмыс істейміз. Бүгінде жүк тиеу мен тасымалды тоқтатпас үшін тиісті шешімді пысықтап жатырмыз», - деді Қ. Әлмағамбетов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қанат Әлмағамбетов еліміздің аумағындағы пойыздар қозғалысына түсініктеме берді. ҚТЖ жедел штабы Көлік комитетінің келісімімен 25 жолаушы пойызының қозғалысы тоқтатылып, 13 пойыз қосындарға беріледі.

Сонымен қатар, кесте бойынша жүрмей қалған пойыздардың жолаушыларына билет құны толық қайтарылады.