120 мемлекеттің денсаулық сақтау министрлері Астана декларациясын қабылдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы 25-26 қазанда Астанада медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөнінде жаһандық конференция өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
None
None

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және Қазақстан Үкіметі бірлесіп ұйымдастыратын бұл шара Алматы декларациясының 40 жылдығына арналып отыр. Оған ДДҰ мүше 120 мемлекет өкілдері, денсаулық сақтау министрлері, әлемге танымал сарапшылар мен меценаттар шақырылған.

«1978 жылы «Алматы декларациясы» барша адамзаттың денсаулыққа қол жеткізу стратегиясы ретінде медициналық-санитарлық алғашқы көмекті насихаттайтын тұңғыш халықаралық декларация болған еді. Одан кейінгі денсаулықты нығайту, жалпыға бірдей денсаулық сынды қозғалыстар Алматы декларациясының бірегей қағидалары - әділет, ынтымақтастық, әлеуметтік әділетке негізделген», - деді ДДҰ Бас директорының көмекшісі Наоко Ямамото Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаһандық конференцияда Алматы декларациясын толықтыратын жаңа Астана декларациясы қабылданатынын жеткізді. 

«Халықаралық сарапшылар Алматы декларациясының әлі де маңызын жоймағанын айтты. Әйтсе де, әлемдік денсаулық сақтаудағы жаңа үрдістерге байланысты, Алматы декларациясын толықтыратын жаңа құжат әзірлеуді ұсындық. Бұл құжатты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызу талқыға салып жатыр. Женевадағы тұрақты өкілдікте Қазақстан 50-ден астам елдің қатысуымен 4 сессия өткізді. Конференция басталғанша барлық елдің келісімін алып, салтанатты түрде қабылдаймыз», - деді ол. 

Сонымен бірге, министр Алматы мен Астана декларацияларының негізгі айырмашылығы неде екенін айтты.  

«Қырық жылдан астам уақытта Қазақстанның ғана емес, әлем халықтарының өмір сүру ұзақтығы артты. Демек, қарттар медициналық қызметті көбірек пайдаланады. Сондай-ақ, қырық жыл бұрын инфекциялық аурулар - өте маңызды аурулар қатарында болса, алғашқы медициналық көмектің арқасында көптеген аурулар жойылды. Қазір жұқпалы емес аурулар - қант диабеті, бауыр, өкпе аурулары дүние жүзінде өзекті болып отыр. Олардың алдын алу үшін профилактикаға көңіл бөлген жөн. Үшінші маңызды фактор - жаңа технологиялар. Қырық жыл бұрынғы медицина мен қазіргі медицинаның арасы жер мен көктей. Ақпараттық технологиялардың рөлі көбейіп жатыр. Осының барлығын тиімді пайдалануымыз керек», - деді Елжан Біртанов.

Соңғы жаңалықтар