120 жастағы астрахандық Тәнзилә Бисембаева ғаламшардың ең егде адамы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәнзилә Бисембаева Ресейдің рекордтар кітабына ғаламшардың ең егде адамы ретінде тіркелді. 14 наурызда ол 120 жасқа толды.
Ол 1896 жылы туылған, үш ұлы, он немересі, 24 шөбересі, екі шөпшегі бар, деп хабарлады Росбалт.
Алғаш рет ол соғыс басталған тұста тұрмысқа шыққан. Жолдасы майданға кетіп оралмаған, балалары шетінеп кеткен. Соғыс аяқталғанда жасы 49-да болған. Кейін егде жастағы қазақпен қайта тұрмыс құрады. 53 жасында бірінші ұлын, бір жылдан соң екіншісін, 57 жасында үшінші ұлын дүниеге әкеледі.
Анасының ұзақ жасау құпиясын сұрағанда, балалары: «Ол ақ көңіл, мейірімді жан. Адамдардан тек жақсы қасиетті ғана байқайды.
Салауатты өмір салтын ұстанады. Бір орнында отырмайды. Темекі шекпейді, табиғи өнімдерді ғана тұтынады», - деп жауап берді.
Әже жүз жасқа дейін дәрігердің «алдын көрмеген». Тіпті, балаларын да үйінде босанған. Оның күтімін үйінде келіні жасап отыр.