1200 елді мекенді су басу қаупі бар. Тасқынның алдын алу үшін не істеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі таңда елімізде су басу қаупі бар аймақтарда 1 223 елді мекен бар. ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов апаттың алдын алу үшін қандай жұмыстар қолға алынғанын айтып берді.

Оның айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі негізгі іс-шаралар орталық және жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.
— Су тасқыны аяқталған соң өңірлер алдын алу шаралары мен инженерлік жұмыстарды бастады. Жалпы өңірлерде 1 400 су тасқынына қарсы іс-шаралар іске асырылды. Мысалы елді мекендерді қорғау үшін 576 километр қорғаныш бөгеттері мен біліктері салынды. 164 километр дренаж жүйесі жөнделді және салынды, 960 автомобиль және темір жолдардың астына су өткізу құрылыстары орнатылды және ауыстырылды, 658 километр каналдар мен арықтар құрылды, — деді Ш. Әрінов Сенатта өткен Үкімет сағатында.
74 өзеннің қауіпті учаскесінде 300 шақырымнан астам тереңдету мен жағалауды нығайту, 190 шақырым тазарту жұмыстары жүргізілді.
Елді мекендердің ішінде жаңбыр мен дренаж жүйелері жөнделіп, салынуда. Сондай-ақ елді мекендерден қар шығару үшін қауіпсіз полигондар алдын ала анықталған.
Президент тапсырмасымен министрлік қарамағында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды. Бұл бөлімше табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу шараларының орындалуын бақылайды.
— Министрлік ықтимал су тасқынын жою тәсілін қайта қарады. Бірінші кезекте, біз қауіпті учаскелерге мониторинг жүргізіп, төнген қатерге дереу ден қоямыз. Бұл тәжірибе өрт қауіпті кезеңде қолданылған болатын және тиімділігін көрсетті. Осылайша Стратегиялық жоспарлау және шұғыл басқару командалық орталығы құрылды. Оның негізінде техногендік және табиғи апаттарды болжау, модельдеу және талдау үшін бірқатар цифрлық сервис біріктірілді. Олардың бірі су тасқынын болжау және модельдеу жүйесі — «TASQYN». Бұл жүйе су шығындарының және өзендердің деңгейі ұзақ және қысқа мерзімді кезеңге болжам бере алады, — деді спикер.
Су тасқынын модельдеу нәтижелерінің дәлдігі мен дұрыстығы Қазгидромет болжамына және су қоймаларынан суды ағызу бойынша Қазсушар ұсынған деректерге, сондай-ақ жергілікті жер бедерінің цифрлық моделінің өзекті деректері мен батиметрияға байланысты болады. Мамандар мен мүдделі мемлекеттік органдар күн сайын қар деңгейі, өзендердің жай-күйі және ауа райы жағдайлары туралы деректерді талдайды.
Бұған дейін Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов жыл сайын тасқынның себебімен емес, тек салдарымен күресе берсек, ешқандай бюджеттің ақшасы жетпейтінін айтқан еді.
Айта кетейік, еліміздің 4 министрлігі бірлесіп, су тасқынын болжауға және модельдеуге мүмкіндік беретін Tasqyn ақпараттық жүйесін әзірлеуде. Tasqyn жүйесі бойынша алғашқы су тасқыны болжамы ақпан айында жарияланады.