Tasqyn жүйесі бойынша алғашқы су тасқыны болжамы ақпан айында жарияланады
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің 4 министрлігі бірлесіп, су тасқынын болжауға және модельдеуге мүмкіндік беретін Tasqyn ақпараттық жүйесін әзірлеуде. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Қазір жүйе жаһандық GloFAS су тасқыны туралы ескерту жүйесіне қосылған.
− Tasqyn жүйесі 135 өзен бойынша су тасқыны кезеңіне қатысты ұзақмерзімді болжам алуға мүмкіндік береді. Бірінші болжам шамамен ақпан айының басында, екіншісі – наурыздың басында беріледі. Біздің министрлік Есіл өзенінің Сергеев су қоймасынан төмен бөлігін, Жайық өзенінің Орал қаласынан Январцево гидропосты бағытындағы бөлігін және Нұра өзенінің Қошқарбаев ауылынан төмен Оразақ ауылына дейінгі учаскелерін батиметриялық түсірілім жұмыстарын аяқтады, - деді министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жинақталған мәліметтер су тасқынын болжау үшін де пайдаланылатын болады.
Сонымен қатар, Tasqyn жүйесінде жұмыс істеу үшін су тасқынын болжау және модельдеу әдістемесі әзірленіп, бекітілді. Оған сәйкес, құзырлы органдар жүйеге су айдындарындағы су деңгейі, су жіберу көлемі және гидрометеоболжам бойынша мәліметтерді енгізеді.
Осыған дейін еліміздің барлық су қоймалары су тасқыны кезеңіне дайындалып жатқаны туралы жаздық.