Еліміздің барлық су қоймалары су тасқыны кезеңіне дайындалуда
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің барлық су қоймалары тасқын суын қабылдап, қауіпсіз өткізуге дайындалуда. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

− Су саласының барлық мамандары келе жатқан көктемгі су тасқыны кезеңіне белсенді дайындықты бастады. Дәлірек айтқанда, еліміз бойынша 1502 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізіліп, барлық анықталған кемшіліктер жойылған. Арнайы жол картасы әзірленіп, 10 облыста 51 өзен мен 1 көл анықталып, 814 шақырым учаске тазартылатын болды, - деді министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Өткен жылы су қоймалары мен басқа да гидротехникалық нысандарды жаңғырту және жөндеу бойынша ауқымды жұмыс басталды.
− Ақтөбе су қоймасына 36 жылда алғаш рет реконструкция жасалды. Бүгінде қойманың сыйымдылығы 245 млн текше метрге жетті. Ал Батыс Қазақстан облысында соңғы 58 жылда бірінші рет Киров су қоймасы жөнделді. Бұдан бөлек, суару каналдары қалпына келтірілді, нәтижесінде шаруаларға, фермерлерге арналған суармалы судың сапасы жақсарады. Атырауда 41 жылда алғаш рет 74 шақырым болатын «Ақсай» каналы жөнделді, - деп толықтырды спикер.
Астана су қоймасын реконструкциялау үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысында Қандысу өзеніндегі су қоймасын қайта жаңғыртуға дайындық жүруде.
− Еліміздің 16 өңірінде жалпы ұзындығы 584 шақырым болатын 400-ге жуық бөгет жөнделді. 6 облыстың 84 елді мекенінде қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстарды салу, реконструкциялау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары. Бұл жұмыстар 359 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді М. Әбдуәлиева.
Айта кетейік, Ресей де Қазақстанмен шекаралас аймақтарда су тасқынына қарсы шаралар жүргізуде.