Ресей Қазақстанмен шекаралас аймақтарда су тасқынына қарсы шаралар жүргізуде

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей мен Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрліктері су тасқынының алдын алу шараларын өткізіп келеді. Қажет болған жағдайда ғарыштық мониторинг деректері де қолданылады, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.

паводки
Фото: Ресей ТЖМ

Агенттік сауалына берген жауапқа сәйкес, Ресей Федерациясының, оның ішінде Қазақстан Республикасымен шекаралас аймақтарында мұз қату кезеңі басталғалы өзендердегі су деңгейі мен мұздың қалыңдығын талдау жұмыстары жүргізіліп келеді.

Қысқы кезеңде Ертіс, Есіл және Жайық секілді негізгі өзен бассейндерінде қардағы су қоры қаралды. Көктемгі су тасқыны кезеңінде өзендерге қанша су келетінін болжау үшін «Росгидромет» пен «Қазгидромет» гидрометеорологиялық ақпаратпен алмасып келеді.

Алдын ала болжамдарға сәйкес, су қоймаларына түсетін су көлемі жылдар бойы қалыптасқан орташа деңгейден де асып түседі деп күтілуде. Бұл жағдай қар ерігенде су қабылдау үшін Ресей мен Қазақстан аумақтарындағы бөгендерде бос орын дайындауды талап етеді.

Оған қоса, су тасқынын қауіпсіз өткізу мақсатында өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілді, бұл мұз кептелістері мен жерді су басудың алдын алады.

Ресей мен Қазақстанның шекаралас облыстарындағы барлық төтенше қызметтер жыл сайын көктемгі қар еруі басталғанша бірлескен жаттығулар өткізеді, шекаралас аймақтар мен аудандарда төтенше жағдайлар туындағанда жасалатын бірлескен іс-қимылдар пысықталады. 

Ресей мен Қазақстанның шекаралас облыстарындағы ТЖМ-нің кезекші бөлімдері күн сайын су деңгейі туралы және басқа да жедел ақпаратпен алмасады. Осындай ақпарат алмасу федералдық деңгейде де — Ресей ТЖМ дағдарыс жағдайларын басқару жөніндегі ұлттық орталығы мен Қазақстанның ТЖМ республикалық дағдарыс орталығы арасында жүргізіледі.

Жыл сайын әріптестер тәжірибе алмасып, бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысады. Осылайша 2024 жылғы 7 қарашада Волгоград қаласында трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Ресей-Қазақстан бірлескен комиссиясының XIV отырысы өтті. Оған су қоймаларын реттеу жұмыстарын үйлестіретін қызметтердің мамандары мен басшылары қатысты. Кездесуде көктемгі жайылма суды өткізу, трансшекаралық өзендер мен су объектілері бойынша ғылыми-зерттеу бағдарламалары және 2025 жылға арналған жұмыс жоспарлары қаралды. Әсіресе Жайық өзеніне баса назар аударылды.

Халық пен аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғауға ақпараттық қолдау көрсету үшін Ресей ТЖМ-де «Қауіп-қатерлер атласы» атты ақпараттық жүйе құрылған. Бұл жүйе төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың бірыңғай мемлекеттік жүйесі болып саналады. Жүйеде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мәселелері бойынша түрлі мемлекеттік ақпарат көздерінен деректер жиналып, өңделеді. 

Ақпараттық жүйе деректерінен бөлек, Жерді қашықтан зондтау деректерімен алмасу да арнайы келісім арқылы реттелген. Ахуал нашарлаған жағдайда отандық ғарыш аппараттарының тобы іске қосылып, халықаралық «Ғарыш және ірі апаттар хартиясы» күшіне енеді. Бұл хартия шет елдердің 17 ғарыш агенттігінен алынған суреттерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Трансшекаралық төтенше жағдай қаупі туындағанда, ғарыштық мониторинг алдын ала жүргізіледі.

Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-да қыстың жылы болуынан су тасқыны қаупі артқанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар