12,6 млрд теңге қайтарылған актив: Ақмола облысында спорт кешені ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен 12 млрд теңгеге Kokshe Arena көпфункционалды спорт кешені салынды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.
Мемлекет басшысының 2025 жылғы наурызда Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасын орындау аясында Көкшетауда Kokshe Arena заманауи көпфункционалды спорт кешенінің ашылуы өтті. Нысан Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен тұрғызылды. Бұл мақсатқа Үкімет 12,6 млрд теңге бөлді.

— Ғимараттың сыйымдылығы шамамен 1 мың адамды құрайды. Кешенде заманауи мультимедиялық жүйелері бар 650 орындық көрермен залы, өрмелеу алаңы мен өрт-қолданбалы спорт түрлеріне арналған мұнарасы бар әмбебап спорт залы қарастырылған. Бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары сертификатталған олимпиадалық стандарттағы құралдармен жабдықталған. Халықтың мобильділігі төмен топтары үшін де барлық жағдай жасалған, — делінген хабарламада.
Іргелес аумақта жеңіл атлетика аймағы, ойын спорт түрлері мен лақтыру пәндеріне арналған алаңдар, сондай-ақ демалыс аймақтары жабдықталған.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, қаржы министрі Мәди Такиев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Іс-шараның құрметті қонақтары World Boxing халықаралық федерациясының президенті Геннадий Головкин, UFC аясында өнер көрсететін аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов болды.

Айта кету керек, Kokshe Arena — қайтарылған активтер қаражаты есебінен салынған аймақтағы екінші спорттық инфрақұрылым нысаны. Бұған дейін облыста Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ашылған болатын.
Ақмола облысында Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатына барлығы 42 әлеуметтік нысан, оның ішінде 14 денсаулық сақтау мекемесі, 26 сумен жабдықтау нысаны және 2 спорт мекемесінің құрылысы жоспарланған.
Еске сала кетейік, бұған дейін СҚО-дағы Бірлік ауылына қайтарылған активтер есебінен ауыз су тартылған еді.