13,2 мың түлек ҰБТ-дан шекті деңгейден өте алмады

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - ҰБТ тапсырған 45 946 адамның 13261-і шекті деңгейден өте алмады. Тек 4580 талапкер ғана 100 балдан жоғары жинай алды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі күнгі қорытындысын жария еткен Ұлттық тестілеу орталығы осындай деректерді алға тартуда.

13,2 мың түлек ҰБТ-дан шекті деңгейден өте алмады

3 және 4 маусым күндері өткізілген тестілеуге 45946 бітіруші қатысты, соның ішінде қазақ тілінде - 31399, орыс тілінде - 14547 бітіруші.

«Ағымдағы жылы қорытынды аттестаттауды ҰБТ түрінде тапсыруға 99565 бітіруші тілек білдірген, оның ішінде: 68316 бітіруші қазақ тілінде, 31249 бітіруші орыс тілінде. 2012 жылы тестілеуге 121059 өтініш берілген, оның ішінде қазақ тілінде 82383 бітіруші, орыс тілінде 38676 бітіруші», - делінген хабарламада.

Ең жоғары нәтиже көрсетіп, 124 балды жинаған бітірушілер саны өзгерген жоқ. Олар: Балташева Назира Тлеулесқызы (ТЖК 719001010) және Орынбаева Алтынай Маратқызы (ТЖК 708012025).