13 қазан. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 13 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
Әзімхан САТЫБАЛДИН, қазақстандық ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі
1959 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1981 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын экономист-ұйымдастырушы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1981-1983 жылдары Талас аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында экономист, «Майтөбе» кеңшарында бас экономист болып жұмыс істеген. 1984-1985 жылдары Қазақ АӨК экономикасы және ұйымдастыру ҒЗИ күндізгі аспирантурасында оқыған. 1986-1988 жылдары Қазақ қой шаруашылығы ҒЗТИ кіші және аға ғылыми қызметкер болған. 1989-1993 жылдары Қазақ АӨК экономикасы және ұйымдастыру ҒЗИ АҒҚ, бөлім меңгерушісі, директордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1994 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы Президиумының бас ғалым хатшысы, 1995 жылы «Шымкент» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры болған. 1995-1996 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің экономикалық саясат бөлімінің меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 1996-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығының бас директоры болған. 1997-1999 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының аграрлық ғылымдар жөніндегі вице-президенті қызметін атқарған. 1998-2003 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының ауыл шаруашылығы ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы болған. 2005-2007 жылдары Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде түркітілдес елдердің ықпалдастық байланыстарын зерттеу институтының директоры қызметін атқарған. 2007-2014 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының бастығы болған. 2014 жылы «ҚазАгроИнновация» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институтының директоры болған.
Бақытжан САҒЫНТАЕВ, Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы
1963 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1985 жылы Қазақ мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1985-1988 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтының саяси экономия кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеген. 1988-1992 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің әлеуметтану кафедрасында ассистент, аға оқытушы және доцент қызметтерін атқарған. 1992-1993 жылдары «Маруе» туристік-коммерциялық фирмасының президенті, 1993-1997 жылдары «Қазмет» акционерлік қоғамының бас директоры болған. 1997-1998 жылдары «ЛУКойлнефтегазстрой-К» жабық акционерлік қоғамында бас маман және бас директордың орынбасары, 1998-1999 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Шағын бизнесті қолдау агенттігі төрағасының орынбасары болған. 1999-2001 жылдары «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» жабық акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарған. 2001-2002 жылдары ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігі төрағасының орынбасары, 2002-2004 жылдары ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2004-2007 жылдары ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы болған. 2007-2008 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы, 2008-2012 жылдары Павлодар облысының әкімі, 2012 жылы Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрі қызметін атқарған. 2012-2013 жылдары «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған. 2013-2016 жылдары ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2016-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, 2019 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметін, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болған. 2019-2022 жылдары Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған. 2022-2024 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның ҚР Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі болған.
Қазіргі қызметін 2024 жылғы ақпаннан бастап атқарып келеді.
Нұрсерік ШӘРІПОВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы
1965 жылы Павлодар облысының Ертіс қаласында дүниеге келген. 1990 жылы Қазақ мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша, 2006 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін экономика мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1988-1990 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіндегі комсомол комитетінің хатшысы болған. 1990-1992 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің әкімшілік құқық кафедрасында ассистент қызметін атқарған. 1992-1995 жылдары ҚР Президенті Аппаратының азаматтық және кешірім жасау мәселелері бөлімінде референт және аға референт болып жұмыс істеген. 1995-1996 жылдары Алматы қаласы Фрунзе аудандық халық сотының судьясы болған. 1996-2007 жылдары Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы қызметін атқарған. 2007-2008 жылдары Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы болған. 2008-2010 жылдары Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы қызметін атқарған. 2010-2012 жылдары Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы болған. 2012-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған. 2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (ҚР Жоғарғы Соты аппаратының) басшысы болған. 2019-2021 жылдары Қарағанды облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған. 2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болып қызмет атқарады.
Қазіргі қызметін 2022 жылғы қаңтардан бастап атқарып келеді.
Қанат САХАРИЯНОВ, «Atameken Business» медиа-холдингінің бас директоры
1975 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік медицина университетін дәрігер мамандығы бойынша бітірген. Қазақ ұлттық заң академиясының құқықтану факультетінде білім алған. Францияның Париж қаласындағы Жоғары коммерциялық мектепте (HEC, Paris) International Executive Master of Business Administration (IE MBA) дәрежесін алған.
Еңбек жолы: 2001-2006 жылдары «Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамында заңгер және заң бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 2006-2012 жылдары «Хабар» агенттігі» басқармасының мүшесі, басқарма төрағасының бірінші орынбасары, 2012-2014 жылдары «Қазмедиа орталығы» компаниясы басқармасының бас директоры, 2014-2016 жылдары «Коммерциялық телевизиялық арна» АҚ бас директоры, 2016-2017 жылдары «Хабар» Агенттігі» басқарма төрағасының орынбасары, 2017-2018 жылдары «Atameken Business Channel» Бақылау кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. 2018 жылдан бастап «Atameken Business Channel» телеарнасының бас директоры.
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары
1976 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша, 2003 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1997-1998 жылдары «Қазақойл-коммерция» ЖШС сарапшысы, «Бұлақ» ЖШС директордың орынбасары болып жұмыс істеген. 1999-2002 жылдары «Стандарт ОйлБейс» ЖШС директоры, «СтандартОйлТрейдинг» ЖШС директоры және «СтандартГаз» компаниясы директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 2002 жылы «Шымкенторгсинтез» акционерлік қоғамының Қызылорда филиалының директоры болған. 2002-2004 жылдары «Қызылорда Мұнай Сервис» ЖШС-ның бас директоры, 2002-2004 жылдары «ПетроҚазақстан» сауда үйі» ЖШС-ның директоры, 2005-2007 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары және бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2007-2008 жылдары Қызылорда облысы әкімінің аппарат басшысы болған. 2008-2013 жылдары Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі, 2013-2021 жылдары Қызылорда қаласының әкімі болған. 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. 2022-2026 жылдары Қызылорда облысының әкімі болған.
Қазіргі қызметін 2026 жылғы мамырдан бастап атқарып келеді.
Асхат ХАСЕНОВ, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы
1983 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 2005 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау, инженер» мамандығы бойынша бітірген. 2013 жылы Халықаралық бизнес университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдап, іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолы: 2005-2006 жылдары «Торғай Петролеум» акционерлік қоғамының мұнай және газ өндіру цехында 3-разрядты оператор болып жұмыс істеген. 2006-2010 жылдары Мұнай-газ өнеркәсібінің бас диспетчерлік басқармасы» акционерлік қоғамында жетекші маман, бас маман, кен орындарын игеру бөлімінің бастығы, департамент директорының орынбасары, техникалық реттеу департаментінің директоры және вице-президент қызметтерін атқарған. 2010-2011 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінде мемлекеттік бақылауды талдау және мониторинг басқармасының бастығы болған. 2011 жылғы қыркүйектен 2014 жылғы сәуірге дейін ҚР Мұнай және газ министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінде мемлекеттік инспекция және рұқсаттар беру басқармасының бастығы қызметін атқарған. 2014 жылғы сәуірден 2019 жылғы қаңтарға дейін ҚР Энергетика министрлігінің мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту және техникалық реттеу департаментінің директоры болған. 2019 жылы ADAEnergy ЖШС басқарушы директоры қызметін атқарған. 2019 жылғы тамыздан 2022 жылғы қаңтарға дейін KLPE («КейЭлПиИ») ЖШС мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары болған. 2022-2024 жылдары ҚР Энергетика вице-министрі қызметін атқарған.
Қазіргі қызметін 2024 жылғы мамырдан бастап атқарып келеді.
Асқар (Әлиасқар) ТОҚПАНОВ, қазақ режиссері, педагог, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері
1915 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) және Мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.
1939-1944 жылдары және 1948-1951 жылдары Қазақ драма театрында қоюшы режиссер болып қызмет атқарған. Театр сахнасында М. Әуезов пен Л.Соболевтің сценарийлері бойынша «Абай», Ш.Құсайыновтың «Марабай», М.Әуезовтің «Сын сағатта» және «Еңлік-Кебек», С.Мұқановтың «Жеңіс жыры», Ғ. Мұстафиннің «Миллионер», А.П.Штейннің «Намыс соты» және басқа да спектакльдерді сахналаған. Кейін Балалар мен жасөспірімдер театрында, Қарағанды, Атырау және Жамбыл драма театрларында көркемдік жетекші әрі қоюшы режиссер қызметтерін атқарған. Режиссерлік және спектакль қоюмен қатар, бірқатар қойылымдарда басты рөлдерді сомдаған.
Сахна өнерінің мәселелеріне арналған әдеби-сын және зерттеу мақалаларын жазған. Г. Ибсен, А. Островский, А. Чехов, А.Ф. Софронов және М. Горький шығармаларын қазақ тіліне аударған. Педагогикалық қызметке де ерекше көңіл бөлген. 1939-1944 жылдары Алматы театр училищесінде және Алматы өнер институтында (қазіргі Алматы театр-көркемсурет институты) сабақ берген. 1955-1963 жылдары кафедра меңгерушісі қызметін атқарған. 1975 жылдан бастап профессор болған.
Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Халықтар достығы» орденімен және медальдармен марапатталған.