13 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 13 қыркүйекте қандай танымал тұлғалар дүниеге келген? Kazinform оқырман назарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

күнтізбе, туған күн
Фото: Pixabay

Рахман Алшанұлы АЛШАНОВ, ғалым, қоғам қайраткері, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, «Тұран» университетінің ректоры

Рахман Алшанұлы АЛШАНОВ
Фото: tovievich.ru

1947 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. С. М. Киров атындағы ҚазМУ философия-экономика факультетін бітірді, саяси экономика оқытушысы (1974).

Еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Шу қант зауытында центрифуга операторы, кассир, «Көктерек» кеңшары жұмысшы кооперативінде нұсқаушы (1965-1966); комсомол комитетінің хатшысы, аға оқытушы, партия комитеті хатшысының орынбасары, доцент, аға ғылыми қызметкер, Қазақ мемлекеттік университетінің философия және экономика факультетінің деканы (1973-1988); Республикалық мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының ректоры (1988-1992); Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің шығармашылық одағының төрағасы (1991-1994); Қазақстан Ғылым академиясының Сыртқы экономика орталығы директорының орынбасары (1992-1993); «Тұран» университетінің ректоры (1992 жылдан бастап); Қазақстан Республикасы білім беру мекемелері қауымдастығының президенті (1999-2001).

«Еуразия» ХЭА академигі (1998); Қазақстан Республикасы Инженерлер академиясының академигі (2000), вице-президенті (2015 жылдан бастап); Халықаралық инженерлер академиясының академигі (2004).

Аманғали Бисенбайұлы БЕРДАЛИН, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі

Аманғали Бисенбайұлы БЕРДАЛИН
Фото: primeminister.kz

1964 жылы Ақтөбе облысында туған. Саратов мемлекеттік зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын ветеринария (1989); Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол университетін экономика (2006) мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1981-1982 жылдары Қарабұтақ ауданының Т. Г. Шевченко атындағы кеңшарында құрылысшы болып бастаған. Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеген (1983-1985); Т.Шевченко атындағы кеңшардың аға мал дәрігері (1989-1990); Т.Шевченко атындағы кеңшардың бас мал дәрігері (1990-1994); «Қарабұтақ» ұжымдық кәсіпорнының төрағасы (1994-1999); «Қарабұтақ» ЖШС директоры (1999-2011); Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары (2011-2012); Әйтеке би ауданының әкімі (2012-2016); Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі (2016-2019); Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары (2019-2021); VII шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі (2021-2023).

2023 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен (2009); «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Тыңға 50 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2020) мерейтой медальдарымен марапатталған.

Арман Қайратұлы ИСАҒАЛИЕВ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары

Арман Қайратұлы ИСАҒАЛИЕВ
Фото: ҚР Қатар Мемлекетіндегі Елшілігі

1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін; Марокконың Фес қаласындағы Сиди Мұхаммед бин Абдулла университетін; Египет Араб Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатия институтын бітірген (1996).

Еңбек жолы: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы (1994-1995); Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Шығыстану институтында ғылыми қызметкер (1995-1999); Египет Араб Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің бірінші хатшысы (2000-2004); Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі (2008-2011); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының сектор меңгерушісі (2010-2014); Дубайдағы және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Республикасының Бас консулы (2014-2017); Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2017-2020); Қазақстан Республикасының Алжир Халық Демократиялық Республикасындағы және Тунис Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2019-2020); Қазақстан Республикасының Катар Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі (2020-2026).

Қазіргі қызметін 2026 жылдың шілдесінен бері атқарып келеді.

Асқар Серікжанұлы ЖӘКЕНОВ, ҚР Үкіметі Аппараты басшысының бірінші орынбасары

Асқар Серікжанұлы ЖӘКЕНОВ
Фото: primeminister.kz

1975 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін және «Қайнар» университетін бітірген.

Еңбек жолы: «Каргормаш-ИТЭКС» ЖТАҚ-ында сыртқы экономикалық байланыстар, кеден және банк ісі бойынша жетекші маман, заң кеңесшісі (1998-1999); ҚР Әділет министрлігінде жетекші маман, бас маман, бөлім басшысы (1999-2002); ҚР Әділет министрлігінде басқарма басшысының орынбасары (2002-2003); ҚР Әділет министрлігінде басқарма басшысы (2003-2004); ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары (2004-2012); ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заңнама, қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары (2012-2013); ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі (2013-2019); ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары, ҚР Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары (2019-2023); ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы хатшылығының меңгерушісі (2023-2024).

Қазіргі лауазымына 2024 жылдың ақпанында тағайындалды.

Нұрлан КӘРІБАЕВ, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы

Нұрлан КӘРІБАЕВ
Фото: Қорғаныс министрлігі

1978 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясын «Мотоатқыштар әскерінің командалық тактикасы» мамандығы бойынша; ҚР Ұлттық қорғаныс университетін «Әскери және әкімшілік басқару» мамандығы бойынша; Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын бітірген.

Еңбек жолын мотоатқыштар взводының командирі болып бастаған. Сондай-ақ әртүрлі гарнизондағы әскери бөлімшелердің командирі, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы лауазымында болды.

Қазіргі қызметін 2026 жылдың сәуірінен бері атқарып келеді.

Еркебұлан Сағитдинұлы БАЯЗИТОВ, Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Еркебұлан Сағитдинұлы БАЯЗИТОВ
Фото: Gov.kz

1989 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жанғала ауданында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін «Педагогика және психология» (2014); Х. А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Денсаулық сақтау менеджері» (2021); ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік саясат» (2024) мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: «Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» Батыс Қазақстан облыстық филиалының тамақтану жөніндегі маманы (2011-2012); Жанғала орталық аудандық ауруханасының эпидемиолог ассистенті, ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі (2012-2017); «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Батыс Қазақстан облыстық филиалының статисті, басқарма басшысы (2017); Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы, бөлім басшысы (2017-2019); Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша аудандық ауруханасының ішкі аудит маманы, емхана меңгерушісі (2019-2020); Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының бас маманы, басшының орынбасары (2020-2025); ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары (2025).

2025 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

Рамазан ТОҚТАРОВ, журналист, жазушы

Рамазан ТОҚТАРОВ
Фото: adebiportal.kz

1935 жылы Павлодар қаласында туған. Алматы шет тілдер институтының француз тілі факультетін, Мәскеу әдебиет институтының жоғары курсын бітірген.

Павлодар облыстық газетінде, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында, Қазақстан Жазушылар одағының проза секциясының кеңесшісі, «Жұлдыз» журналы редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. «Ертіс перзенті», «Терістік шұғыласы», «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Тұлпардың сыны», «Жердің үлгісі», «Сусамыр», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Абайдың жұмбағы» кітаптарының авторы.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Болат Ғазизұлы АЮХАНОВ (ҚУАТОВ), балет әртісі, балетмейстер, педагог

Болат Ғазизұлы АЮХАНОВ
Фото: Facebook.com/gattrk

1938 жылы Семей қаласында туған. Алматы хореография училищесін (1955); Санкт-Петербург қаласындағы А.Ваганов атындағы би академиясын (1957) тәмамдаған.

1957-1959 жылдары Қазақ опера және балет театрының бишісі болды. 1967 жылы «Алматының жас балеті» ансамблін құрған. Сол жылдан бастап осы ансамбльде билер мен хореографиялық миниатюраларды, композицияларды («Аққу», «Айтыс», «Аңшылар биі», «Жайдарман»), бір, екі актілі балеттерді (М.Равельдің «Болеросы», В.Булгаровскийдің «Қазақ сувенирі», А.Исакованың «Гамлет», «Жарыс», «Батырлары», Т.Қажығалиевтің «Керуені», Н.Закировтың «Мәңгүрті», Бизе-Щедриннің «Кармен-сьюитасы») қойды. Сондай-ақ Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» (Ш.Жиенқұловамен бірге), Д. Шостаковичтің 4-ші симфониясы бойынша «Қылмыс пен жаза», П.Чайковский мен М. Плетневтің «Евгений Онегин», Ф.Шопеннің «Шопениана», «Пахита» балеті негізінде қойылған гран па (жеке өзінің хореографиялық болжамдары) тәрізді жұмыстары қазақ балетінің ғана емес, дүние жүзілік балет тарихына енген жаңалықтар болды. 1997-1998 жылдары А. Мелоди-Кузьминнің музыкасына «Әлі ымырт емес», француз композиторларының әуендеріне «Эдит Пиаф — Францияның рухы», А.Бестібаевтың «Азия дауысы» балеттерін жұртшылық назарына ұсынды. Әсіресе, «Эдит Пиаф — француз рухы» спектаклі сыншылардың, мамандардың жоғары бағасын алды. Хореографиялық шешімі аса сәтті бұл спектакль ансамбльдің жоғары кәсіптік деңгейін көрсетті. «Алматының жас балетінің» шын мәнінде Мемлекеттік академиялық классикалық би ансамбліне айналып, репертуарының бай, шеберліктерінің жоғары болуында Аюхановтың үлесі ерекше. Оның қолтаңбасына ізденіс, музыкалық биік мәдениет, классикалық көркем би тәсілдерінің таусылмайтын қазынасын меңгеруге ұмтылыс, жаңалыққа құштарлық тән. Отыз жылдан астам Аюханов жетекшілік етіп келе жатқан ансамбль дүние жүзіне кеңінен танымал болып, хореографиялық өнерді игеруі жөнінен әлемдік балет ұжымдарының ең үздігі саналатын алғашқы ондығына енген. Оның «Менің балетім», «Сезімдер өмірбаяны» атты кітаптары бар. Еуропа мәдениетінің ХХ ғасырдағы 60 жарық жұлдызы туралы шығатын 25 кітаптың біреуі Аюхановтың өмірі мен өнеріне арналған (авторы — австралиялық өнер зерттеушісі Юри Рюнтю). Ол отандық балет әртістерін тәрбиелеп шығаруға да көп үлес қосты. Аюханов арнайы шақырумен Түркияда «Махаббат аңызы», Ташкентте «Алдар Көсе» балеттерін қойды.