13 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 13 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика саласы қызметкерлерінің күні
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Кәсіби мерекелер тізімін бекіту туралы» бұйрығына енгізілген түзетуге сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда жаңа мереке белгіленді. Мереке қыркүйектің әр екінші жексенбісінде аталып өтеді.
Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика мамандары әртүрлі өндірістік нысандардағы жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ете отырып, автоматика жүйелері мен аспаптық құралдарды жобалайды, орнатады, техникалық қызмет көрсетеді және жөндейді.
Отбасы күні
Елімізде Отбасы күнін белгілеу идеясын алғаш рет 2009 жылы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық жағдайды зерттеу жөніндегі ұлттық комиссия ұсынды. Отбасы күні 2013 жылы бекітілді.
Мереке жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде тойланады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1930 жылы № 4 әскери қойма негізінде Қазақстан Қарулы Күштерінің № 44859 әскери бөлімі құрылды. Екінші дүниежүзілік соғыс және Ауғанстанға халықаралық көмек көрсету кезінде осы әскери бөлім зауыттардан шыққан дайын өнімді сақтау, оқ-дәрілері бар пойыздарды майданға жіберу ісімен айналысты. Бүгінде бөлімде оқ-дәрілерді сақтайтын және оларды сынақтан өткізетін Қазақстандағы жалғыз зертхана құрылды. Сондай-ақ зенитті-басқарылатын зымырандарды сынауға арналған шеберхана, инженерлік және атуға арналған оқ-дәрілерді қайта өңдеуге арналған құрылғы іске қосылған.
2007 жылы Астанада № 50 мектеп-лицейге Райымбек батыр есімі берілді. Райымбек батыр (1705–1785) — ұлы қазақ батыры, Ұлы жүздің Албан руынан шыққан атақты Хангелді батырдың немересі. Жетісу жерін жоңғар басқыншыларынан азат еткен күрескер. Абылай хан Райымбектің батырлығын бағалап өз қолбасшыларының бірі етіп тағайындаған.
2012 жылы елордада Астана мен Үлкен ауыл арасындағы телекөпір асында Балқаш жылу электр станциясының (ЖЭС) бірінші модулінің құрылысы басталды.
Балқаш ЖЭС-ін салу туралы келісімге «Самұрық-Энерго» АҚ мен Оңтүстік Кореяның KEPCO и Samsung Corporation компаниялары қол қойды.
2013 жылы ШЫҰ мемлекет басшылары Кеңесінің 13-отырысының жұмысы аяқталған соң Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан президенттері және ҚХР Төрағасы Бішкек декларациясына қол қойды. Құжатқа сәйкес, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ШЫҰ хартиясының қағидаттары мен ережелерін сақтайды және ұйымның басқа да құжаттары негізінде өзара әрекеттестікке ықпал етеді.
2016 жылы Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Министрлік діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, діни сенім бостандығына азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болды.
2016 жылы Павлодар облысы Тереңкөл ауылында қызметін атқару барысында опат болған полиция капитандары Ахметқали Тезекбаев пен Фарид Какабаевқа ескерткіш қойылды. КАчир (Тереңкөл) АІІБ бастығының орынбасары, полиция капитаны Ахметқалы Тезекбаев 1997 жылдың 1 тамызына қараған түні қызмет борышын атқару кезінде қаза тапты. Качир аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Фарид Какабаев 2008 жылдың 26 шілдесінде қайтыс болды. Кезекті демалысында жүрген оған жаппай төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түседі. Ол оқиға орнына жетіп, күдіктілердің бірінің ізіне түседі. Баспалдақпен жоғары қашып бара жатқан қаскөй полиция қызметкерінің басына бетон тақтайша лақтырған. Жарақат салдарынан полиция қызметкері көз жұмды.
2018 жылы ҚР Мемлекеттік Елтаңбасындағы «Қазақстан» сөзі латын әріптерімен «QAZAQSTAN» деп жазылды. Арнайы жұмыс тобы осы өзгерістерді «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес әзірледі.
2019 жылы Түркия Республикасының астанасы Анкарадағы Анадолы өркениеттері музейінің көрме залында ҚР Ұлттық музейінің «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды.
ҚР Ұлттық музейі «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық турын жариялады. Осы ауқымды жоба аясында көрме Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Татарстан, Өзбекстан және Солтүстік Македония музейлерінде үлкен табыспен өтті.
2021 жылы «Астана Опера» театрының камералық залына Күләш Байсейітованың есімі берілді. Осы айтулы оқиғаға орай театрда «Қазақтың бұлбұлы» атты концерт өтті. «Астана Опера» камералық залы — көп музыкант өнер көрсетуге ұмтылатын елдегі беделді концерттік алаң. Бұл зал классикалық мұраны сақтай отырып, жаңашылдыққа ұмтылған қазақ қоғамының мәдени өмірінің құрамдас бөлігіне айналды. Бұл сахнада Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің танымал өнерпаздары өнер көрсетіп жүр.
2021 жылы Қазақстан Аргентинадағы 61 жылдық тарихы бар беделді мәдени фестивальға алғаш рет қатысты. Оған Димаштың Аргентинадан келген La Era Dimash (LED) фан-клубы мен Қазақстанның Росарио қаласындағы консулдығы мен оның құрметті консулы Густаво Гутьеррес қолғабыс етті. La Era Dimash мүшелері қонақтарды Қазақстанның музыкасы, мәдениеті және пейзаждарымен таныстыратын арнайы бағдарлама ұйымдастырды. Фестивальға екі бейнебаян ұсынылды, бұл «Тұран» этникалық тобының орындауындағы «Ер Тұран» композициясы және Димаш Құдайбергеннің «Самалтау» әні.
2021 жылы Олимпиада чемпионы, «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров Ниццадағы Ironman 70.3 жарысында өзі қатысқан жас санатында үздік атанды. Ол қашықтықты (жүзу, велосипед тебу және жүгіру) 4 сағат 55 минут 22 секундта бағындырды.
2023 жылы ҚР Парламентінің Мәжілісі «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру келісімін ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады. Келісімнің мақсаты — халықаралық қаржы ұйымы ретінде Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру. Компания жарғы капиталындағы Қазақстанның үлесі 20%, Армения — 3%, Қырғызстан — 2%, Беларусь — 30%, Ресей — 45% үлеске ие.
2023 жылы Атырауда IT, маркетинг, музыка және кинематография салаларын қамтитын «Sarayshyq upgrade-2023» халықаралық жастар форумы ашылды. Шараға Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан 200-ден астам қыз-жігіт келді.
2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев LY iTECH төрағасы Цзэн Фанцинь және HGTECH Co. Ltd. Ma Синьцяньді қабылдады.
Кездесуде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және жинақтаушы бұйымдар мен лазерлік қондырғыларды өндіру үшін Қазақстаннан сирек металдарды тұрақты жеткізуді жолға қою, сондай-ақ Қазақстанның инновациялық әлеуетін нығайту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық әріптестер, оның ішінде Қытайдың «Бір белдеу — бір жол» жаһандық бастамасы аясындағы елдер екенін атап өтті.
2023 жылы Шымкент хайуанаттар бағының коллекциясы ЕАРАЗА аясында Израильден келген сұр кенгурулармен толықтырылды. Хайуанаттар бағының қызметкерлері оларға Кай және Герда есімдерін берді, жануарлар климатқа, жаңа қоршау және зообақ қызметкерлеріне біртіндеп бейімделді. Хайуанаттар бағы әкімшілігі қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа жануарларды көруге шақырады.
2023 жылы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Гонконг АӘА басшысы Джон Ли арасында кездесу өтті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру нұсқаларын талқылады.
2024 жылы Мемлекет басшысы Asia Infrastructure Solutions компаниясының басшысы Вонг Хэн Файнды қабылдады. Кездесуде «Alatau City» жобасын жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, Алатау қаласын шетелдік инвестицияларды, технологияларды тарта отырып, тиімді дамыту мәселесі бойынша жан-жақты пікір алмасты. Мамыр айында сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп жасалған Алатау қаласының Бас жоспары қабылданды. Вонг Хен Файнның осындай жобаларды жүзеге асырудағы мол тәжірибесін атап өткен Мемлекет басшысы оның бас кеңесші ретіндегі ұсынымдары халықаралық бизнес хабқа айналуға арналған жаңа қаланы жобалау мен салуда іс жүзінде жүзеге асатынына сенім білдірді.
2024 жылы Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан 114 медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте бірінші орынға шықты. Оның 44-і алтын, 33-і күміс, 37-сі қола медаль. Қазақстан құрамасы сапында 21 спорт түрінен 216 спортшы бақ сынады.
2025 жылы Балқаштық 11 сынып оқушысы Ділдә Еркебаева Нью-Йорк ғылым академиясының Junior Academy білім беру бағдарламасы аясында оқуға мүмкіндік беретін беделді стипендияны жеңіп алды. Ол қатаң халықаралық іріктеу процесінен өткен Қазақстаннан келген бес оқушының бірі болды. Жаңа № 12 мектептің түлегі анық пәндерге, психология және шет тілдеріне ерекше ден қойған. Ділдә — академиялық жарыстардың белсенді қатысушысы, IELTS жоғары балл иесі, Steam Fest Balkhash волонтері. Сондай-ақ Inclusive Academy аясында математикадан сабақ берген.