13 маусым. Жылнама

календарь
Фото: ҚазАқпарат

Kazinform оқырман назарына 13 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық альбинизм туралы ақпарат тарату күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2014 жылғы 18 желтоқсандағы A/RES/69/170 қарарымен бекітілген. 2015 жылдан бері жыл сайын атап өтіледі. Альбинизм – теріге, шашқа, көздің шатырша қабығына түс беріп тұратын меланин пигментінің тумысынан болмауы арқылы көрініс табатын ауру. Ол адам организмінде мүлде болмауы да, тапшы болуы да мүмкін.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1994 жылы Қазақстанның отын-энергетика әлеуетін пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты тиімдірек жүргізу мақсатында ҚР Энергетика және отын ресурстары министрлігі екіге бөлініп, Энергетика және көмір өнеркәсібі министрлігі мен Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі құрылды.

1996 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен энергетик, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақ ССР ҒА-ның академигі, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шафық Шөкинге «Халық қаһарманы» атағы берілді.

2011 жылы Қазақстан спортының тарихында алғаш рет Азия теннис федерациясы директорлар кеңесіне Қазақстан теннис федерациясының өкілі, федерацияның вице-президенті Әділ Бөрлібаев кірді.

2011 жылы Алматыда «Ер Төстік» анимациялық фильмдерінің І қазақстандық фестивалі өтті. Ол Қазақстандағы анимация дамуының проблемаларына назар аударту үшін ұйымдастырылған. Ұйымдастырушысы – Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ.

2012 жылы Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Михаил Терентьевтің (1837-1909) «История завоевания Средней Азии с картами и планами» атты үш томдық еңбегінің факсимильдік басылымы таныстырылды. Кітап алғаш рет 1906 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрген. Кітаптың түпнұсқасы ҚР ҰАК сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы.

2013 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан Республикасына ресми сапары барысында Қазақстан Елшілігінің жаңа ғимараты мен Ташкенттегі «Абай» ескерткішінің ашылуына қатысты. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 23 қарашасында орнаған. Екіжақты қарым-қатынас Мәңгілік достық туралы келісім және Экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы келісім құжаттарына негізделген.

2014 жылы Швецияның Йёнчёпинг қаласындағы Ист Веттерн Скарп биосфералық қорығы аумағында ЮНЕСКО-ның «Адамзат және биосфера» бағдарламасы аясында Халықаралық үйлестіруші кеңес отырысы өтті. Кеңес барысында Дүниежүзілік биосфералық қорықтар желісіне «Қатонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ақжайық» биосфералық аумағы енгізілді.

2014 жылы Ыстанбұлда Қазақстанның ҚР Инвестициялар және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетіне Стандарттау жөніндегі Еуропалық комитеттің (СЕН) және Стандарттау жөніндегі Еуропалық электротехникалық комитеттің (СЕНЭЛЕК) толық құқықты органы-серіктесі мәртебесі берілді.

СЕНЭЛЕК президенті Торе Торндволд Қазақстанның СЕНЭЛЕК серіктес мәртебесін алған тұңғыш мемлекет екенін және СЕН серіктес органы болған төртінші мемлекет екенін атап өтті.

2017 жылы Жуалы ауданының Берікқара шатқалындағы «Тау Самалы» туристік кешеніне қарай салынып жатқан жолдың 3-шақырымынан біздің заманымызға дейінгі II ғасырдан - біздің заманымыздың V ғасыры аралығындағы кезеңге тән жерлеу дәстүрлеріне тиесілі таңғажайып материалдар табылды.

2017 жылы қазақстандық әнші Димаш Құдайберген «2017 MTV Global Chinese Music Awards» байқауының «Үздік шетелдік танымал әнші» аталымында жеңімпаз болды. Димаштың кандидатурасы байқауда «Үздік шетелдік танымал әнші» және «Ең танымал жаңа әнші» аталымдарына ұсынылған болатын. Қазақстандық жас өнерпаз Қытайдың танымал 8 эстрада әншісімен бәсекелескен еді.

2018 жылы Тараздағы ерте ислам кезеңінде салынған ең көне мешіт реставрацияланғаннан кейін Жамбыл өңірінің бірегей туристік нысаны мәртебесін алды. Ежелгі мешіттің қалдықтарын 2006 жылы Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бір топ маманы тапты. Бұрын несториан храмы болған ғимарат VII ғасырда мешітке айналдырылған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде ерте христиан дінінің несторий бағытына жататын деректер табылды.

2019 жылы Малайзияда Қазақстан-Малайзия Іскерлік кеңесі (ҚМІК) кеңсесінің ресми ашылуы өтті. Іс-шара аясында ҚМІК кезекті жұмыс отырысы өтті, оның барысында қатысушылар Қазақстан мен Малайзияда бизнес жүргізу мүмкіндіктері туралы тәжірибе алмасып, пікірлерімен бөлісті.

2019 жылы Қазақстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Оның міндеті – сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу жүргізу.

2023 жылы Алматы әкімі Ерболат Досаев Coursera ғаламдық онлайн оқыту платформасының директоры Джефф Маджионкалдамен кездесті. Тараптар қаладағы техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастыруға ғаламдық онлайн оқыту платформасын енгізу мақсатында екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Соңғы жаңалықтар