13 мыңнан астам елді мекен өртке қорғану шараларымен қамтамасыз етілмеген - В. Божко
АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Республика бойынша 13 мыңнан астам елді мекен өртке қарсы қорғану шараларымен қамтамасыз етілмеген.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко осылай мәлім етті.
«Ең бірінші кезекте еліміздің шалғай елді мекендерін, сондай-ақ дала алқаптарын өртке қарсы қорғау шараларымен қамтамасыз ету қажет. Бүгінгі күні өңірлердегі 13 мыңнан астам елді мекен өртке қарсы қорғау жүйелерімен қамтамасыз етілмеген. Олардың басым бөлігінде ең жақын деген өрт сөндіру бөлімі 50-ден 200 шақырымдық аралықты құрайтынын айта кету керек. Мемлекеттік өрт сөндіру қызметі бөлімшелерінің мұндайлық шалғайда орналасуы іс жүзінде өртке жедел ден қоюға еш мүмкіндік бермейді», дейді В. Божко.
Оның айтуынша, тек 2009 жылы мұндай елді мекендерде 4 мың 91 өрт болса, соның салдарынан материалдық шығын 900 млн. теңгеден асқан. 128 адам қаза тауып, 126 адам ауыр жарақат алды. «Бұл бағытта мәселені шешу үшін ерікті өрт сөндірушілер құрамдарын ашып, олардың құқықтық мәртебесі мен міндеттерін анықтау қажет. Осы ретте «Өрт қауіпсіздігі туралы» заңға олардың әлеуметтік қорғалу мәселелерін көздейтін жаңа түзетулер енгізу керектігін баса айтқым келеді», деді министр.