13 облыста су тасқыны қаупі жоғары

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің 13 облысында су тасқыны қаупі жоғары. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

13 облыста су тасқыны қаупі жоғары

«Алдын ала болжамға сәйкес наурыз айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормаға жақын болады. Батыс өңірлерде 1°С нормадан жоғары, ал елдің солтүстік-шығыс, орталығында және оңтүстік аймақтардың солтүстігінде 1°С нормадан төмен. Наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан төмен, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ақмола, Павлодар, Абай облысының басым бөлігінде, Қостанай облысының солтүстік-шығысында, Алматы облысының оңтүстік-шығысында, Жетісу аумақтарында нормаға жуық болжанады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, топырақтың қату тереңдігін қарастыра отырып, су тасқыны қауіпті аймақтарға алдын-ала баға берілді.

«Жоғары қауіп: Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстары. Орташа қауіп: Павлодар, Ұлытау, Маңғыстау және Қызылорда облыстары», - деді Ғалидолла Азидуллин.