13 облыстың архиві толған, құжат сақтайтын орын жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі 13 облыстың мемлекеттік архиві 100% толған. Мұндай деректер Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында келтірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

13 облыстың архиві толған, құжат сақтайтын орын жоқ

«Бүгінгі таңда республика бойынша архив қоймалары жүктемесінің орташа көрсеткіші - 91,2%. 2022 жылы ол 88,2% болған еді. Бұл ретте 13 облыстың (Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, БҚО, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, СҚО, Түркістан, Абай) мемлекеттік архиві 100%-ға толған. Мысалы, Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві 135% аузы-мұрнына дейін толды. Орта есеппен жыл сайын мемлекеттік архивтер 350-ден 400 мыңға дейін істі сақтауға қабылдайды. Мемлекеттік архив оқу залдары арқылы пайдаланушыларға 1 млн-нан астам іс беріледі. Мәселен, 2022 жылы мемлекеттік сақтауға 354 803 құжат қабылданды. Биыл 1 тоқсанда 71 139 құжат тапсырылды», - делінген есепте.

Мәлім болғандай, Қазақстанда белгіленген мерзімнен артық уақыт сақталып тұрған 1 млн 724 мың 387 құжат бар.

«Болашақта бұл құжаттар мемлекеттік архивте бос алаңдардың болмауына байланысты мемлекеттік сақтауға қабылданбауы мүмкін. Қалыптасқан жағдай ұлттық архив қорының және жеке құрамның сақталуына қауіп төндіреді», - деп мәселе көтерілген консультативтік құжатта.